ЖаңалықтаржоғарыЭксклюзив

ЭКСКЛЮЗИВ! Ерболат Беделхан: 91 тобы қолжетімсіз әншілер болса деймін

91 тобының концертінің алдында, журналистермен баспасөз мәслихаты өтті. Топ пен продюссер барлық сұрақтарға жауап беруге тырысты. Менің сұрақтарым – көбіне продюсерге бағытталған болатын. Ендеше, Беделханның жауаптарын өздеріңізге «Жұлдыздар Әлемі» ұсынады!

Ерболат, 2017 жылы «91» тобының күйтабағын шығардыңыздар. Бір емес, бірнешеуін. Қызығы сол, әр дискке екі-ақ әннен кірген. Шыны керек, көлікте ән тыңдағың келгенде, ыңғайсыз. Бағдаршамға қарап үлгересің бе, күйтабақ ауыстырып үлгересің бе дегендей… Бұл сонда бизнес-қадам ба? Неге мұндай шешімге келдіңіз?

Ерболат Беделхан: Бір ғасыр ішінде елдің алдына шыққан әртістердің шығарған дүниелерін еске түсіріңізші. Жылына бір әнжинақ жасайтындар көп пе? Жоқ. Бірнеше жыл ішінде біреуінің тұсауы кесілсе, рахмет айтатын едік. Менің де осы салада жүргеніме 20 жыл болды. Бір жылда жиырма аворлық ән, бірнеше күйтабақ шығару – мүмкін емес дүние сияқты, мен үшін. Оның үстіне, әр әніңіз сапалы болуы керек. Ал, енді «91 дің» қаншалықты еңбектенгенін ойлаңыз. Дисктердегі әр ән – авторлық туындылар, балалардың өздері жазған бәрін. Әнін де, сөзін де. Бір айда, екі сапалы ән шығару – еңбекті айтпай тұрғанда, қанша уақытты талап ететінін түсініп отырған шығарсыз?! Бизнесті, табысты көздеп кететін болсақ, сапаны ойламас едік. Уақытты үнемдеп, демалысты көбейтіп, еңбекті азайтар едік. Сондықтан, бизнес емес, сапалы өнерді жасау жолындағы шешім деп қабылдасаңыздар дұрыс болар еді. Жігіттердің жеке өмір былай тұрсын, ұйқы қандыруға уақыты жоқ, мысалы. Бірақ, бойларындағы жастықтың оты жалындап тұрғанда, олар өнерге өз үлесін қосып үлгергісі келеді.

Расында бір айда екі авторлық әнді жазып, оған сөз ойлап тауып, оны өңдеп, клип түсіріп шығару – оңай емес. Әндеріңіздің де әрқайссы сапалы ғана емес, мағыналы. Идея қайдан, қалай келеді?

Ерболат Беделхан: Идея – жастардың жүрегінде, санасында. Тек осы топтағы жігіттерді емес, күллі елдің жастарын айтып отырмын. Біздің әндер – солардың жүрегінен шығады. Негізі мен орта буынның өкілімін ғой, «Ордамен» 17 жыл бұрын шықтым. Жас болдым. Жастардың ойы, пікірі естілмей жатады елімізде. ен де – сол жастардың бірі едім. Идеяның келуі – фантастикалық дүние емес. Бұл – қанға сіңген, туа біткен қабілет біріншіден, екіншіден, жастардың ойындағысын тақырып етеміз біз. Түсіндіре кетейін, «91 дің» тыңдарманы неге көп? Қанша адам қарсы болса да, жоя алмады. Себебі, бізді таңдаған тыңдарманның жүрегі кең. Олар бізбен бірдей ойлайды, бірақ айта алмайды. Есесіне, айта алатын біз бармыз. Болды, осы ғана. Ойымыз бір жерден шыққан соң, қолдаушыларымыз да көп. Ойы мен пікірі естілмейтін жастарға айтарымыз: сендер жалғыз емессіңдер, біздің арманымыз – бір.

Өзіңіз айтпақшы, 17 жыл бұрын, «Орда» тобы келіп, ерекше әнімен, кәсіби биімен сахнаны дүрсілкіндірді. Бәріңізді жақсы көрдік. Үміт арттық. Жанболат пен Рүстем басқа салаға кетті. «Ордадағы» ең сүйкімді жігіт Дастан – әнші болып жүр. Сіз ғана – шоу бизнесте төңкеріс жасадыңыз. Енді болашаққа көз жүгіртейікші… Алдағы жиырма жылдан соң, 91 дегі бесеуінің қайссы сол кездегі шоу бизнесте төңкеріс жасай алады? Қалай ойлайсыз? Кімге көбірек үміт артасыз?

«91» тобы, ӘЛЕМ: Ал, Ерболат не дер екен? Бәріміз тыңдайықшы…

Ерболат Беделхан: Балаларды жинаған кезде, мен айттым: сендерді «Ордадан» мықты топ болу үшін шығарып жатырмын. Егер, «Ордадан» озық екендеріңді дәлелдесеңдер, мен сендерді алға жетелеймін. Орданы жеңбесеңдер, ренжімейсіңдер дедім. Маған бұлардың қайссы қай жолы таңдап кететінін айту қиын. Болашақты көретін көріпкел емеспін. Тек, әр қайссына артқан үмітімнің зор екенін айтқым келеді. Қай қайссы жеке дара алғанда да, топта жүргенде де, мықты музыкант болғанын қалаймын. Соған бұл жігіттер лайықты болып, үмітімді ақтаса болды. Қазірдің өзінде бұл бесеуінен мен 6 бренд жасадым. Жеке-жеке бес бренд, топ – өз алдына бір бренд. Осының өзі – мен үшін бір жетістік. Ары қарай жігіттердің қандай жетістікке жететінін бәріміз бірге көреміз. Бәріміз бірге бұлардан сапалы өнер күтеміз. Соны бұл жігіттер дұрыс түсіне білсе, және мойындарына артылған жауапкершілікті көтере алса деймін.

Жігіттерді жинаған кезде деп қалдыңыз. Расында бұларды жинаудың өзіне екі жыл уақыт кетті, қаншама тер төгілді. Ғаламтордағы видеолар арқылы, бесеуін көптің ішінен іріктегеніңізді білеміз. Сол жобаның телевизиялық нұсқасы – кезігдегі «Супер СТАР» байқауына ұқсар еді. Неге жасамадыңыз?

Бұл – үлкен жобаның форматы. Оған қаражат, уақыт керек. Бірақ болмайды емес, уақыттың еншісінде бұл. Құпия деп айтпай-ақ қояйын. Бірақ, жоспарларыммен бөліскенді ұнатпаймын. Арық айтып, семіз шыққым келеді. Оның үстіне, мүмкін, біз ойламаған, сіз ойламаған, бұрын-соңды ешкім істемеген дүниелерді де жасап қалармыз. Бәрі алда

«Спейс» атты дүниелеріңізді де – дайын тележоба дер едім. Кәдімгі күнделіктер… Оны жасау қиын емес қой?

Ерболат Беделхан: Бұл енді – нақты жоспарда бар дүние. «Спейсті» «НТК» арнасынан 2018 жылдан бастап, көре аласыздар..

Жанкүйердің сіздерге деген ықыласы ерекше. Жүгіріп келіп, мойындарыңызға асылған қыздар болды ма?

Ерболат Беделхан: Біздің жанкүйер – мәдениетті, біріншіден. Олай жасамайды. Екіншіден, олай істеуге мүмкіндігі де аз. «91 дің» айналасында – жүзге жуық күзет жүреді. Бұрын, біздің кезімізде қалай болды? Әнші бар, оның жанында күзет бар. Халықтың оған қолы жетпейтін еді. Ал, қазіргі таңда шекара бұзылған. Тойда, кез-келген адамның қолы жететін жерде жүр әншілер. Былайша айтқанда, жұлдыздар жерге түсті. Қол жету былай тұрсын, аяқпен тапталып та жатыр. Біз осыған қарсымыз. Сондықтан, қолжетімсіз әнші болсақ дейміз. Қазір, біз осыны өзгерттік. Әнші – қайтадан шын жұлдызға айналып жатыр, әзірге ондайлар аз. Бірақ, уақыт өте келе, нағыз жұлдыздар көбейеді. Ал, егер шынымен мойынға асылып жатса, біз мұны түсінеміз. Маман ретінде түсінуіміз керек. Өйткені, қолы жетпейтін жұлдызды көргенде, оған деген ыстық ықыласын кез-келген жанкүйер көрсеткісі келеді.

Шоу бизнесте жасаған төңкеріс үшін, қаншалықты жауапты екендеріңізді түсінесіздер ме?

Ерболат Беделхан: Жастарға дұрыс бағыт-бағдар бергіміз келеді. Біз оларға еркін екендерін, ойды ашық жеткізуге болатынын көрсетудеміз. Ал, қолжетімсіз жұлдыздарды көбейткіміз келетін себеп: жастарға өнердің қиын жол екенін, онымен жүріп өту былай тұрсын, оған енудің өзі оңай емес екенін түсіндіргіміз келеді. Сондықтан, сіз айтып тұрған төңкеріс біздің шоу бизнеске керек болды.

Зарина Муслим

ЕСКЕРТУ! БАРЛЫҚ ҚҰҚЫҚТАР ҚОРҒАЛҒАН! АҚПАРАТТЫ КӨШІРІП БАСУ ҮШІН САЙТТАН РЕСМИ РҰҚСАТ АЛУ КЕРЕК!

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

1 пікір

  1. Керемет! «Орда» тобын осыдан 10 жыл бурын бастап тыңдаппын, 91 тобы олардын жалғасы. ❤

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close