Басты жаңалықтарЖаңалықтаржоғарыӘнші

120 мемлекет бағалаған бренд біздің елде неге қажетсіз?

2014 жылы «Орда» тобының солисі Ерболат Беделханның бастауымен «Ninety оne» тобы құрылған. Аты да, заты да бөлекше бұл топтың атауы жайында топ продюсері Ерболат Беделхан: «Ағылшыннан аударғанда 91 деген мағына береді, ал 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алған. Яғни біздің әуеніміз, стиліміз бен шығармашылығымыз да еркін әрі тәуелсіз екенін айтқымыз келеді», — дейді. Қазақстан үшін таңсық, көпшілік тыңдарман түсіне бермейтін стильде ән шырқайтын бұл жігіттерге аз уақыттың ішінде айтылған сыни пікірлер де аз емес. Осы орайда топ продюсері Ерболат Беделханмен сұхбаттасқан едік.

— Әңгіме аясын халық арасында екіұшты пікір қалыптастырған, отандық БАҚ-тар жарыса жазған «Ninety оne» тобының құрылуынан бастасақ.
— Мен 2014 жылы Кореяға барып, субмәдениет жүйесін қомақты қаражатқа сатып алдым. Сөйтіп, сол жылы кастинг жариялап, 50 баланың ішінен топқа лайық бес баланы таңдадым. Оларды Корея мамандарымен бірлесе ән-би, пиар жағынан 1,5 жыл бойы менің компаниямда дайындадым. Мәселен, әр баланың жанды дауыста ән айтуы, билеу, сахналық ұстанымы, тіпті сұхбат беру мәселесіне дейін шеберлік дәрістері жүргізілді. Тек топ мүшелері 2015 жылдың қыркүйегінде ғана үлкен сахнаға шықты. Тура бір айдан кейін «Айыптама» бейнебаяны шықты, кейіннен сан түрлі пікірлер өрбіді.
«Орда» тобы субмәдениеттің үгіттеушісі болса, субмәдениет дегеніміз «life style» (өмірлік стиль). 90-жылдары бәріміз қиын кезді басымыздан өткердік қой. Сол кездерде хип-хоп, көше музыкасы, субмәдениетті жастар тұтына бастады. Құдайға шүкір, бүгінде халықтың жағдайы жақсарды, соған байланысты қазіргі жастардың таңдауы Азиядан келген к-хоп субмәдениетіне ауыса бастады. Еуропалықтар, афро-америкалықтар өзінің музыкалық стилін әлемдік өнерге қосты. 10 жыл бұрын Азия мемлекетінің өнері де бұл көшке қосылатындығы болжанған еді. Расында да, көп ұзамай к-хоп Корея субмәдениеті пайда болады. Азиялықтар шашын бояйды, сырғасын тағады. Бұл жерде біз жаңалық ашып немесе велосипед ойлап тауып отырған жоқпыз, өзге елдерде баяғыда қолданысқа енген жүйені елімізге әкеліп отырмыз.
Бүгінде 99 пайыз шетелдің музыкасына бой ұратын жастарымызға ұрсамыз, айыптаймыз, бұзылып бара жатыр деп байбалам саламыз. Алайда жастар тыңдайтын әуен өз елімізде жоқ болса, олар не істейді? Сол жастардың тұтынғысы келетін музыкасын ешкім орындамайтынын ескеріп, жастарға контент жасағым келді.
— Топ құрудағы мақсатыңыз қандай?
— Кезінде «Орда» тобы Ресейге барды, шетелге шығуға да мүмкіндіктері болды. Бірақ біз азиялық пішіндес болғандықтан, ресейліктер «біріншіден, сендердің түр-әлпеттерін азиялық, сондықтан топтың екі баласын қалдырып, қалғанының орнына екі орыс бала қосамын. Екіншіден, топтың аты «Орда» болмасын» деген ұсыныстарын білдірді. Ол кезде 2005-2006 жылдары к-хоп әлемі, би әлемі тіпті орыстарда да қатты дамыған жоқ. Тек бізде ғана болды. Сондықтан бізге қызығушылық танытты. Егер біз орыс продюсердің қолына баратын болсақ, халқымыздың дұрыс түсінбейтіні, “Отанын сатты”, “Орда” деген атты жойды”, орысқа берді деп айтатыны түсінікті еді.
Әлемдік музыка болсын, актерлық болсын, мен америкалық болсам да, блокбастердің басты кейіпкерінің рөлін бермейді. Себебі біз азиатпыз. «Эталон кросаты лежит стандарт» дейді. Қандай жағдайда да бұл жерде үлкен саясат барын түсіндік. Содан соң елге қайтып кеттік.
К-хоп субмәдениет шығып, бүкіл әлемнің қызығушылығы туа бастағанда, мен қазақстандық өнімді шетелдерге қазақ тілінде шығарғым келеді. 120 мемлекет бізді мойындады, әнімізді тыңдады. Ешқандай ақшасыз, үкімет қол-дауынсыз «Қазақ-поп» деген брендтің атағын берді. Бұл — 120 мемлекет беріп отырған бренд. К-хопты, Азия попты түсінгендер біздің тіліміздің ерекшелігін байқады. Осыдан кейін Қазақстанның дарынды жастарын жинап, осы топты құрдым. Менің маман ретінде ғана жұмыс істегім келеді. Біздің музыкамыз тек ұлттық шеңберде ғана (локальдық) дамыды. Ол өз деңгейіне жетті, ары қарай өсе алмайды.

Фото: massaget.kz
Фото: massaget.kz

— Сіз ұлттық шеңберден асып, өнеріңізді әлемге танытқыңыз келеді. Сонда әлемге танылу үшін ұлттық өнерді басқа стилмен жеткізудің ролі басымырақ па?
— Мен локальдық музыкамен айналысып жатқан жоқпын. Локальдық музыка деп қазақтар үшін немесе тойға арналған музыканы айтып отырмын. Мен экспорт үшін жұмыс жасап жүрмін. Әлемде қолға алынған жүйені қолданып жатырмын. Бұған маркетинг, финанс, көзқарас, саясат жағы бәрі кіріп тұр. Егер мен нәтиже шығарам десем, әлемдік тәжірибені қолдануым керек. Қазақстандағы 10 миллион қазақпен ғана жұмыс істеймін бе, әлде өнерімізді әлемге шығарғым келе ме, мен соны түсініп алуым керек. Егер мен 10 миллион ғана халықпен жұмыс істеймін деп шешсем, онда баяғыда-ақ тойдың әнін таңдар едім. Бірақ мен әлемдік деңгейдегі музыканы таңдадым және соны жүзеге асыруға бел будым.
Бүгінде Корея компаниялары бізге қызығушылық танытып жатыр. Тіпті бірлесіп жұмыс жасауға ұсыныс тастады. Сондай-ақ, жақында ғана Қытайдың ойын-сауық компаниясы да хабарласып, жұмыс жасауға ұсыныстарын білдірді. Әрине, біз олармен бірлесе жұмыс жасаймыз. Біздің о бастағы мақсатымыз шоу бизнес нарығына жету емес пе? Әлемдік тәжірибеге қарасақ, жергілікті жерден Қытай, Жапония, Вьетнам, Сингапур мемлекеттеріне барып, кастинг жасап, талантты, дарынды жастар алып кетеді. Сөйтіп, оларды 3 жылдан 5 жылға дейін дайындап, сахнаға шығарады. Сонда бұл балалар Кореяға барғанда кәріс тілінде, Жапонияда жапон тілінде ән салады. Егер екі қазақ баланы Азия шоу бизнесіне кіргізіп жіберсем, ол Қазақстанға келгенде қазақ тілінде ән айтатын болады. Демек, өнер ұлтқа бөлінбеуі керек. Себебі музыка — біріктіру құралы. Бұл жерде саясат, дін, шекара деген түсініктен ада болу керек. Бізді әлем мәдениетімен байланыстыратын — өнеріміз.
— Ерболат мырза, тіліміз онсызда шұбарланып барады ғой. Неге топтың атауы қазақша емес?
— Ағылшын тілінде ат қою ғаламтор жүйесінде үлкен рөл атқарады. Сондықтан топтың атын ағылшын тілінде атауымыз маркетинг жағынан өте дұрыс. Осы орайда тілімді бұзып жатырмын деп айта алмаймын. Мен қолымнан келгенше қазақ тілін бүкіл әлемге танытып жатырмын. Жастардың қазақшаға қызығушылығын ояту үшін 16 жыл еңбек етіп келемін. Корея, Жапония субмәдениетін алсақ та, бәрі ағылшынша атаумен қояды. Мысалы, сіз жапон тілінде бір сөзді айта аласыз ба? Әрине, жоқ. Топтың аты ағылшын тілінде болғанымен, түпкі мағынасы Қазақстанмен тікелей байланысты.
— «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді ғой. Қалай ойлайсыз, «Орда» тобы халқымыздың жүрегінен орын алып, елімізді баурай алды ма?
— «Орда» тобына екі түрлі баға беремін. Ең қиын бастаманы біз бастай білдік және жетеміз деген белесімізге жете алдық. Сол мені қуантады. Өкініштісі, дер кезінде тұтынатын адамдар болмағандықтан, жеткілікті өнерімізді уақытында көрсете алмадық.
Қазақстанда жазылатын 99 пайыз әндер үлкен кісілер, той, қазақ халқының болмысы үшін жазылады. Ең болмағанда 1 пайызда жастарға деген көзқарас болуы керек қой. Біз о баста сол жастардың талғамына сай әндер жазуды мақсат етіп қойғанбыз. Бір ғана «Кеш мені» әнімен жастар аудиториясын мойындата алдық деп ойлаймын.
Егер мен тойға шығамын десем, баяғыда-ақ тойдың музыкасын жасар едім. Бұл маған жеңіл болатын еді. Көпшілік түсіне бермейтін ауыр жолды таңдап отырмын. Бір қызығы, «Орданың» бірде-бір әні тойға арналмаған. Бірақ үйленіп жатқан жастар тарапынан тапсырыстар түсіп жатады. Егер халық бізді тыңдағысы келіп, тойға шақырса, біз барамыз. Той ма, стадион ба, тыңдарман таңдауға құқымыз жоқ. Бірақ өнімдеріміздің тойға арналмағандығын о бастан-ақ білеміз.

Е.Беделхан:
«Мен соңына дейін күресемін»

— Көпшілік түсіне бермейтін қиын жолды таңдауыңызға не себеп? Қа-рапайым халық қабылдамай жатқан бұл жолдан күндердің күнінде шаршап, орта жолдан бас тартпайсыз ба?
— Жаһандану деген ұғымды жетік түсінетін болсақ, шын мәнінде Елбасының бағдарламасын қолдаймыз, соны іс жүзіне асырамыз, 30 мықты мемлекеттің қатарына кіреміз десек, біздің музыкамыз соған сай болу керек. Мейрамбек, Сәкен ағаларымыз еліміз үшін еңбегі сіңіп отырған тұлғалар екені рас. Бірақ ол әуенді басқа әлем тыңдамайды. Бұлар тек қана ұлттық шеңбердегі музыкалар. Музыка мамандары Қазақстанда поп музыканың жоқтығын, мұнда тек локальдық музыка барын айтады. Рас, Қазақстанда қазіргі таңда поп индустрия жоқ. Демек, біз әлемдік деңгейдегі мәдениетпен салыстырғанда төменгі сатыдамыз. Бір мемлекеттегі ең танымал музыка поп деп аталады.
Менің айқасып, алысып келе жатқаныма 16 жыл болды. «Орда» кеше қандай күй кешсе, бүгін «91» тобы да сондай халде. Егер мен сынға шыдамай, сынып қалсам, баяғыда-ақ бұл жолдан кетер едім. «91» тобы жарыққа шыққан соң да телеарна тарапынан қысым өте көп болды. Оның мен үшін жақсы және жаман жағы бар. Біріншіден, көп телеарналар қорқып, көрсетілімді азайтты. Ал жақсы жағы — қазіргі таңда бұл мәселе БАҚ-тарда талқылану үстінде. Мен ақша қуған азамат емеспін. Ақша, дүние қусам, мүлде басқа жолды таңдаушы едім. Ал мен өмірімді соңына дейін сахнамен елестетемін. Бір мезет үшін ғана сахнаны таңдаған жоқпын. Сондықтан қандай да бір қиыншылыққа мойынсұнбай, соңына дейін күресемін. Мен бақыттымын, аяулы жарым, бала-шағам және сүйікті жұмысым бар.
— Сіз құрған топқа сырттан позитив аз, негатив көп болды. Мұны топ жастары қалай қабылдады?
— Дәл осы топтың бағытында шыққан «Орда» тобы да кезінде түрлі сынды бастарынан өткерген. «Бұл Қазақстанға және жастарға керек емес» деп, бізді көп шеттетті. Қазақ тілінде ән айтып тұрсақ та, біздің айтқан сөзімізге құлақ салмастан, “бұлар кәрістер” деп орынсыз айыптады. Қаншама кедергілерге қарамастан, уақыт өте келе өз тыңдармандарымызды таптық, айыптаулардан арылдық. Осындай жайттарды ескере отырып, жаңа топтың балаларын сынға алдын ала дайындадым. Тіпті ата-аналарына да ескерттім. Демек, балалар мұндай соққыға о бастан дайын.
— Білуімізше, топ балаларының кәсіби музыкалық білімдері жоқ екен. Жалпы, білімсіздік жұмыс істеулеріңізге кедергі келтірмей ме?
— Жоқ, мен бұл пікірмен мүлдем келіспеймін. Себебі мен де музыка мектебін оқымай-ақ, нота білмей-ақ өнерге келген адаммын. Тіліміздегі көптеген кедергілер тіл саласын таңдауыма себепші болып, лингвистика саласына оқуға түскенмін. Бірақ бір жылды аяқтаған соң «Шабыт» фестиваліне қатысып, биден бірінші орын алғанымызда «Наз» филармониясы жұмысқа шақырды. Бірі — сабағымды жалғастыру, екіншісі — өнер жолына 100 пайыз кету керек деген екі таңдаудан мен өнер жолын таңдадым. Өнер ордасын аяқтамасам да, ата-анаммен бірге Моңғолияның түкпір-түкпірін аралап, өнермен етене байланысты болған жастық шағым мені көп нәрсеге тәрбиелеген. Бастысы адам өзі жеткілікті іздену керек. Мен өнерге арман, талпыныс, талант деген үш қасиеттің керектігін ескеремін. Адамды алға сүйрейтін тек қана — арман. Қаншама сөз, қиыншылық болсын, талмай еңбектенуге итермелейтін — талпыныс. Үшіншісі — талант. Егер адамның бойында арман мен талпыныс болып, талант болмаса, онда бәрібір де ештеңеге де қол жеткізе алмайды. Көрдіңіз бе, білім басты нәрсе емес. Таңдалған бес баламның бойынан осы қасиеттерді таныдым.
— Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
— CD индустриясы Қазақстанға келмей жатып, жоқ болып кетті. Әлемде күйтабақ сатып, үлкен қаражат жасайды. Бірақ біздің елде бірде-бір әнші өзінің күйтабағын сатып, қаржыға кенеліп жатқан жоқ. Бес әннен тұратын шағын альбом жасап, 1000 данамен шығардым. Халық тарапынан сұраныс көп болып, барлығы дерлік сатылды. Бұл — көптеген әртістердің қол жеткізе алмай жүрген арманы. Күйтабағымызды халық өзі іздеп сатып алып жатса, еңбегіміздің бағаланғаны деп білемін. Алдағы қыркүйек айында 12-13 әннен тұратын күйтабақтың толық нұсқасы шығады деп жоспарлап отырмыз. Қазір әндер таңдалып, өңделіп, жазылуда. Жаңа тобымызға Қытай еліне шақырту түсіп жатыр. Маусым айының басында сол елге гастрольдік сапармен баратын шығармыз.

Дереккөз: kazakhstanzaman.kz

Show More

Ұқсас жарияланымдар

16 пікір

  1. Бұл топты 100% қолдаймын немесе 100% қолдамаймын деп те айта алмаймын.50:50 Себебі:50% ұнайтын жері осы топ құрылмай тұрып жалпы Қазақстандағы барлық жасөспірім,бойжеткен қыздар Кореяның дорамаларынан бастап олардың атақты k-pop группаларын өлердей қызығып тыңдайтын.Əсіресе дəл осындай «EXO» деген топтың Қазақстанда фанаткалары көөп.Ал Қазақстанның өзінде Қазақ жігіттерінен құралған «Ninety One» тобы құрылғасын қазақ қыздары бұрынғыдай Кореяның группаларына табынуды қойып,өзімізде жарыққа шыққан топтың фанаткаларына айналды.Бұл бір жағынан қуантарлық жағдай.Оның үстіне бұл топтың жанры өзгеше болса да барлық өлеңдерін қазақша айтады тек стилі басқаша….Осы топ жарыққа шыққан бойдан атақты болып кетті.Өйткені қазақ бойжеткендеріне бұл жанр мен стиль 100% таныс.Сондықтан олар бұл топты еш жатырқамай бірден қабылдады.Жəне айта кететін жайт осы топ тек Қазақстанда ғана емес,қасымыздағы Ресей,Қытай,Орта Азия елдері мен Корея,жəне алыстағы шетелге танылып үлгерді.Шетелдіктер бұл топты қуанышпен қабылдап,тіпті шетелде фанаткалары көбейіп кетті.Бұл Қазақстанды əлемге таныту,жұлдыздай жарқыратудың бір жолы болды.Интернет беттерінде сонау Американдық қара нəсілді қыздың Ninety One тобының қазақша жазылған «Айыптама» өлеңін жатқа айтып отырғанын көріп таңғалдым.Бұл топ бірден шетелді өзіне бағындырды.Осы топ əйтеуір өзінің осындай бір «түсініксіз» стилімен Қазақстанды шетелге танытты.
    Енді 50% ұнамаған жеріне келіп тоқталайын:Жаңағы айтып өткенімдей «түсініксіз» стиль-бұл негізі оңтүстік кореялық стиль.Яғни қазіргі кəріс жұлдыздары осылай киінеді,осылай сəнденеді,осындай стильмен сахнаға шығады.Бұл кəріс халқы үшін түк емес «жəй ғана заманға сай стиль» болғанымен қазақ халқына жат,менталитеті мен салт-дəстүр ұлттық болмысымызға сай келмейтін стиль.Бұл стильде ер-жігіттер балағы түрілген джинсы,қысып тұратын футболка,оған қоса шашы боялған,көзінің айналасы қара карандашпен боялған күйде шығады.Біле білген адамға бұл еркек атаулыға жараспайтын дүние.Егер ер-жігіт боянса онда оның əйелден не айырмашылығы бар? Бір сөзбен айтқанда ондайларды қоғамда «қызтекелер» деп атайды.Мен өз басым қызтекелерді қолдамаймын!Жəне қазақ жігіттерінің ондай төмен дəрежеге түскенін қаламаймын.Бауыржан Момышұлы ағамыз айтқандай-«Нағыз жігіт-ер-жігіт,азамат секілді бола білуі керек».Ал əйелдерше киінген жігіттер қолына қару алып Отан қорғауға соғыспақ түгіл,өз отбасын,өзін қорғай алмайдыСондықтан БАРША ҚАЗАҚ ЖІГІТТЕРІНЕ АЙТАРЫМ ЕШҚАШАН ШЕТЕЛДІК ƏСІРЕСЕ ҚАЗІРГІ ТАҢДА СƏНГЕ АЙНАЛҒАН «ҚЫЗТЕКЕЛЕР» ГРУППАСЫНА ЕЛІКТЕМЕҢДЕР!!! ӨЗ АБЫРОЙЛАРЫҢДЫ,ЕРКЕКТІК НАМЫСТАРЫҢДЫ 1-ОРЫНҒА ҚОЙЫҢДАР☝

  2. Ерболат аға жарайсыз! Міне нағыз қазақ музыкасының жанашыры. Толқынға қарсы жүзудің өзі үлкен ерлік. Уақыт барлығын өз орнына қояды. Қазақ жастарын ойлағаныңыз үшін сізге алғысымды білдіремін. Шыны керек өзім 91 тобы пайда болғанға тек шетелдік əуендерді тыңдайтынмын өзім сол үшін қынжылатынмын. Себебі қазақ эстрадасында музыка тек тойға арналған. Енді тек 91 тобын тыңдайтын болдым. Бұл топ шынымен де талантты,харизмаға толы жігіттерден құралған. Сіздерге таңдаған қиын жолдарыңызда үлкен төзімділік пен таусылмас шабыт тілеймін. Қырандар əрқашан сіздермен бірге!!! Тек қана алға!

  3. Алайда бұл топтың жігіттеріне олардың бұл стильдеріне қызығудың қажеті жоқ.Керісінше өзіміздің дəрежемізді төмендетеміз.Сондықтан бұл топтың əндерін тек өнер ретінде бағалап тыңдасақ болды.Ал стиліне қызығып дəл солай киіну өзіміздің еркектік болмысымызды жоғалтып,азғындыққа барумен тең

  4. Сол кореяна барып дамыта берсиш онеринди,казактын жас балдарын сырга тагуга угиттеми.Сендерди 91 емес сендерди «Жын шайтандар»деп ат кою керек.Айелине айтып койып журме тагы бауырым.

  5. Беделханның бастауын толық қолдаймын,жарайсың! Сәттілік тілеймін! Жаңа туындыларды күтеміз!

  6. Өз басыма бұл топтың өнері қатты ұнайды. Дауыстары керемет,тіпті бұл топқа дейін де бұл балалар әр түрлі проекттерге қатысып, интернет желісіне де туындыларын жіберген. Мәселен, Alem туралы айтатын болсақ, бір емес, бірнеше проектке қатысқанында қазағымыз қайда қалған? Неге көтеруге тырыспаған? Ол жерде шашы, көзі де боялмаған, құлағы да тесілмеген. неге көмектеспеген? Ал, қызтеке болса, неғып сол кезде байқамай қалған?
    Қазақ қазақтың көтерілгенін, бір жетістіктерге жеткенін көре алмайды. Конкуренциядан қорқады, бұл жігіттер жастарды өзіне баурай білді. Тек әндерімен ғана емес. Қайырымдылыққа қатысып, ауруханаларға, балалар үйіне көмектесуді үгіттейді. Бұл әртістердің көпшілігінің қолынан келмей жатқан жайт. Тек фонограммамен айтып, тойда ақша қырып алып, киімдерін мақтап көрсеткеннен басқа не жақсы істерін көрсетіп жатыр? Жастарды игі істерге әртістеріміз үгіттемесе, кім үгіттейді? Және де, елдер қанша жамандап, ойларына келген заттарды жазып жатқанында, басқа әртістер оларға жауап қайтаратын болса, жігіттер агрессияға агрессиямен жауап беруді жөн көрмейді. Бұл, меніңше, нағыз адамның ісі.
    Шаш өседі, құлақ тесігі де бітеледі. Ал киіміне келсек, жастардық көбісі тар киім киеді.
    Шаштарын әртістердің көбісі бояйды. Оларды жамандаған Төреғалидың өзінің шашы жып-жылтыр қара, табиғи ондай шашты қайдан көрдіңіздер? Қайрат Нұртастыкі де дәл солай.Біреуге шаш бояу туралы айтпас бұрын, адам өзіне қарап сөйлеуі керек қой. Бір тонна гриммен жүргені бояғанға жатпайды ма? Мен менсіп, Микрофонды құшақтап, бір қозғалуды да білмейді, ал жігіттердің әрбір сахнаға шықпас бұрын дайындалатыны көрініп тұрады. Қай ер әртіс сөйтіп терін төгіп дайындалып жатады?
    Не айтса да, жігіттер бүгіннің өзінде әншілер жылдап жете алмаған жетістіктерге жетіп, өзге елдерден тыңдармандарын, фанаттарын тауып жатыр.
    Жігіттерге және ерекше продюсері Ерболат Беделханға тек шығармашылық табыс тілеймін!!! Жаңа жетістерге жете беріңіздер!

    1. НУРА, сіздей көзі ашық, саналы адамдардың комментарийлерін оқыған кезде мен қатты қуанамын))) көп адамдар бұл топты қабылдай алмайды, оған өздерінің себептері толып жатыр. Шынымен де, Ерболат аға мен Ninety one тобы қазақтың атақты адамдары мен қарапайым халық тарапынан жаман сынға түссе де, бірақ өздерінің ойын нақты жеткізгені және алған беттерінен қайтпағаны, агрессиямен жауап бермегені оларға деген симпатияны арттыра түсті.Не себепті олар осындай қысымға төзе алып, сынған жоқ? Себебі, олар өздерінің не істеп жатқанын біледі, олардың армандары бар. Арманға жету жолында жан-жаққа қарап, ешкімді де тыңдамайды (толқынға қарсы жүзсе де), себебі артқа тартатын адамдар әрқашанда табылады, көбісі көре алмайды, көбісі жаңашылдықтан қорқады. Осыдан шыққан түйін: «Бір мақсатты көздесең, ештеңеден тайынбай, өз арманың үшін күрес!»
      Әрине бірінші көзге түсетіні түрі, бірақ та ең бастысы — олардың музыкасы жайлы айтып кету керек. Олардың музыкасы жаңа заманға сай, ерекше, әдемі, сапалы, жастарға арналған (яғни, жастар талғамына байланысты барлық критерийлерге сай келеді) Өлеңдерінің сөздері қазақ тілінде жазылған, рэпер жігіттердің рэп оқу деңгейлері жоғары (рэпты өздері жазады!), вокалисттердің дауыстары керемет. Топ мүшелері де тап-тамаша жігіттер, оларды видеодан көріп, жақын танысқаннан кейін, жүрегімді қалай баурап алғанын да байқамай қалдым))))) себебі мен де басында олар жайлы басқа ойда болдым. Жақын досым «Айыптама» клипін алғаш көрсеткен кезде, мені ашу қысты. Ұнамаған тұстары — кәрістерге еліктегені (бірақ көбісі сияқты боянып, сырға таққанын көрсем де, оларды «көгілдірлер» қатарына жатқызбадым,себебі к-поп субмәдениетімен таныс едім, үйреншікті нәрсе). Осындай алғашқы әсер қалыптасқаннан кейін, бірнеше аптадан кейін жақын досыммен Ninety one жайлы сөз қозғалған кезде, ол маған жаңа шыққан Қайтадан әнін тыңдатып, видеолар көрсетті. Топтың соншалықты фанаткалары көп екеніне таң қалдым. Шынымды айтсам, мен көп нәрсеге таң қалдым!!!!! Қазақстанда ешқашан ондай құбылысты көрмегем: күшті, заманауи әндер+БИ!!!, фанаткалар, плакаттар, SPACE-тер, фанмитингтер, дисктерді ақшаға сатып алу, әншіге деген соншалықты махаббат, шетелдіктердің топқа қазақша құттықтаулар жіберуі,видео-реакциялар! УАУ! бұрын соңды ешкімнің қолынан келмеген үлкен жетістік. Кейін мен бұл топқа қызығып, топ мүшелерімен танысып, қалған өлеңдерін тыңдадым! Мен бәріне де риза болдым, бәріне де көңілім толды! Осыдан шығарар тағы да бір түйін: «Адамды тек сырттай түр-келбетіне қарап сынау қате». Адам жайлы көзқарасыңды айтпастан бұрын, шынайы өмірде қандай екенін, өмірде неден өткенін біліп алу керек. Олар сахнаға шықпастан бұрын 2 жыл бойы дайындықтан өтіп, көп еңбек етті,тіпті, үйдегі ата-анасын 1,5 жылдай көрмегендері де бар, оның есесіне оларды көпшілік қабылдамай қойды. Осының бәріне төзу оңай нәрсе емес. Бірақ сонда да олар бәрін де жеңе білді. Мен бұрын топ жайлы көптеген адамдар сияқты «беткей» ойлағаным үшін ұялдым. Мүмкін біреулер бұл топтың келесі қадамдарын көріп ойын өзгертетін шығар, кім біледі. Менің де басымнан өтті ғой….))))
      Олар менің біздің шоу-бизнеске деген көзқарасымды өзгертті. Ninety one тобының арқасында шетелдіктерді біздің елдегі музыканың дамуы қызықтырды және олар қазір Қазақстанның басқа да жұлдыздарына көңіл бөлуде. Мен өзім орыс тіліне бейім адаммын, себебі ортам орыс тілді(ол географиялық орналасуға байланысты: Петропавл қаласында орыстар, орыс тілді қазақтар көп екенін өздерің де білетін шығарсыңдар). Қазақ тілін, грамматикасын беске білемін, бірақ проблемам — сөздік қорымның аздығы. Қазір болса, қазақша әндер тыңдап, қазақ тілінде газеттер сатып алып, қазақ сайттарына кіріп, қазақша мақалаларды оқитын болдым. Бұның бәрін өзімді қинап істеп жатқаным жоқ, ол өзімнің қалауым, ішімдегі сұрауым бойынша. Осыған түрткі болған 91 тобы қазақ тілінде сөйлейді, қазақ тілінде өлең айтады, қазақ тілін модаға айналдырып жатыр. Ол жақсы емес пе? Бұрын мен шетел әндерін тыңдайтынмын, қазір плейлистімде Ninety One, Айқын, Орда, Жанар Дугалова, Али Окапов, т.б. әндері толып, қалғандарын шеттетті. Біздің де кезегіміз келген сияқты, біз де әлемдік музыка әлеміне үлесімізді қосамыз!!!!Біз де заманауи, әдемі, сапалы өлеңдер шығара аламыз!!! Сол себепті, қазақтар, биікке ұмтылған жұлдыздарымызға қолдау көрсетейік, артқа тартпайық!!!
      Мен бұл топтың құрылғанына өте ризамын!!! ALEM, A.Z., ZAQ, ACE, BALA….. сендердің болғандарың үшін рахмет!!! Ерболат ағаға алғысым шексіз!!! (Ерболат аға өте дарынды адам! Мен оны құрметтеймін!)
      Осы топпен қатар, менің де мақсаттарыма жеткім келеді! Құдай қаласа, медицинаны бітірген соң, Елімнің көркеюі үшін еңбек етіп, мен де өз үлесімді қосамын!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close