Басты жаңалықтар

«MeloMen» тобы Мәскеуге аттанбақ

Таяуда «MeloMen» тобы тыңдармандарын мүлдем өзгеше образбен таң қалдырмақ, деп хабарлайды Shownews.kz ақпараттық порталы.

«Алло» әнінің бейнебаянын таспалауға кіріскен жігіттер, бұл жолы әдеттегі сахналық костюмдерін, ұшқыштың формасына алмастырады. Ал өнер иелерінің трек таңдауына әр кез көрермен көмекке келетін көрінеді.

«Біз кей кезде әлі шықпаған әннің үзіндісін Instagram желісіне салып қоямыз. Егер оның сақталуы күшті, лайктары көп болып жатса, содан-ақ туындының сұраныста екенін байқауға болады. Осы «Алло» әнін бір-екі рет парақшамызға жүктеген едік, пікірлер, лүпілдер көп жинады. Бейнебаян түсіруіміздің де бір себебі осы», — дейді топ мүшелері.

Дәл осы әнге бейнебаян түсіруді жігіттер Жеңісханға сеніп тапсырыпты. Қай орындаушымен жұмыс істемесін, бүге-шегесіне дейін мән беретін клипмейкерге әрдайым сапа маңызды. Сол себепті бұрын-соңды біркелкі образда жұрт назарына шыққан «MeloMen» серілерін режиссер бұл жолы мүлдем бөлек қырынан көрсетуді мақсат тұтқан. Тіпті лайықты кейіп табу үшін де біраз уақытын да сарп етіпті.

«MeloMen» тобының осы клипі өте ұзақ уақыт алды. Түсірілімге дайындық үшін бір ай ма, екі ай ма жүрдік. Өйткені образ таңдау қиындық тудырды. Қалай киіндірмесек те, қалай стильдерін ауыстырсақ та жігіттерде бұған дейін бәрі болған. Сосын ендеше маған кішкене уақыт беріңдер деп, пилот стилін таңдадық. Арнайы киім тіктіріп, бейнебаянға кірісіп кеттік, — дейді Жеңісхан.

«Түсірілім жұмыстарын талқылау барысында бізде келіспей қалатын кездеріміз көп болды. «Алло» әнін түсірген кезде де көп жерлерін құптамадық. Екі жақ та ойымызды ашық айттық. Себебі ортақ шешімге келуді қаладық», — дейді «MeloMen» тобы.

Ұшқыш жігіттің махаббат хикаясы баяндалатын туындының түсірілім жұмыстары барысында түсініспеушіліктер орын алса да қос тарап бір бітімге келе алды. Енді жігіттер екі ғашықтың ыстық сезімі суреттелетін бейнетаспаның көрермен көңілінен шыққанын қалайды.

«Біз негізі топ боп құрылғалы, ешқашан тойға болады-ау деген оймен ән шығармағанбыз. Біз ауқымы кең болғандықтан махаббат, тәтті сезім жайлы  туынды жазуға тырысамыз. Сондай мағынада халыққа беруді мақсат тұттық. Бұл өлең де өзінің тыңдармандарын табады деп ойлаймыз», — дейді өнер иелері.

«Алло» туындысының музыкасын жазған — Болат Боранов. Ол Батырхан Шүкенов және ТМД-ға танымал орындаушылардың жұлдызын жаққан композитор ретінде көпшілікке мәлім. Бүгінде жігіттер Ресейдің белді сазгерлерімен де тығыз байланыс орнатқан. «MeloMen» репертуары алдағы уақытта басқа бағыттағы туындылармен толығып, бұл boysband орыс тілінде де ән шырқауға бекініп отыр.

«Қазір Ресеймен шығармашылық алмасу жүргізіп жатырмыз. Сол жақтың әндерімен, сол елдің композиторларымен жұмыс істеп, тың трек жазуды жоспарлаудамыз. Григорий Лепстің студиясында композитор бар. Сол жігіттен ән алып, шығармашылық байланыс орнатудамыз. Алла қаласа, жарты ай ма екен, орыстардан алған әніміз жарыққа шығады», — дейді жігіттер.

«Алло» бейнебаяны дәл қазіргі таңда монтаждалу үстінде. Жақын күндері тыңдарманға ұсынылмақ.

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close