Басты жаңалықтарЖаңалықтарМузыкаӘншіӨткенге шолу

«Бала дауысы – 2019» байқауы шын талантты анықтай алды ма?

Күні кеше «Бала дауысы - 2019» ұлттық балалар ән байқауы өз мәресіне жетті. Жүзден жүйрік шыққан он жеті өнерпаз өзгелерден несімен ерекшеленді? Аталмыш байқауда бағы жанған балақайларға қандай сыйлық берілді? Сайыстың соңғы шешіміне тәлімгерлері неге ренжулі? Бұл туралы Shownews.kz тілшісі толығырақ хабарлайды.

Еліміздің 14 облысынан келген бес мыңнан астам бүлдіршін, үш ай бойы түрлі сатыдан тұратын сайыста сыналып, соның ішінен суырылып шыққан он жеті өнерпаз, күні кеше Республика сарайының төрінде өткен ән байқаудың ақтық сынында барын салды. Отандық өнер иелерінен құралған тәлімгерлер тобы, бүлдіршіндерге қойылған талаптың жоғары болғанын алға тартты.

«Балаларды іріктеуде басты талап — дауысына, актерлік шеберлігіне, өзін-өзі ұстауына қойылды. Сезім деген кішкентай ханшайымым, соның барлығынан сүрінбей өтті», — дейді Серік Ибрагимов.

«Ең бастысы жүлде емес, байқаудан кейін жолы болып кетуінде. Өйткені біз қаншама әртістерді білеміз. Жоғары баға алып, жоғалып кетеді. Сол ең ауыры», — деді Салтанат Бақаева.

Биылғы «Бала дауысы» — ның алғашқы күнінде балақайлар жеке орындауда өзара сайысса, ақтық сын күні әрбір қатысушы жұлдызды тәлімгерімен бірге заманауи және халық әндерін шырқап, түрлі тақырыпта музыкалық қойылым әзірлеген. «Бала дауысы-2019»-дың басты ерекшелігі — финалдық кештің тұңғыш рет музыкалық спектакль түрінде өтуінде.

«Бүгін бізде финал, сәлден кейін жеңімпаз анықталады. Биыл бірінші рет тәлімгер болдым. Сондықтан мен үшін бұл үлкен тәжірибе», — деді жас әнші Ayree.

Өз мәресіне жеткен ән сайыста оза шапқан жеңімпаздың есімін Әлия Назарбаева өзі жариялады. Осылайша, 4-ші мәрте өткізіліп отырған байқаудың бас бәйгесі, Түркістан облысының тумасы Мейрамбек Шалқарбайға бұйырды.

«Гран-при аламын деген ой болған жоқ. Өте керемет әсерде тұрмын. Барлығыңызға көп-көп рахмет!» — деп, ағынан жарылды жеңімпаз.

«Ең бастысы, осындай әділ шешімге алғыс айтқым келеді. Мен Түркістан облысына балаларды таңдауға барғанда Мейрамбектің көзінен от көрдім. Оның алға қойған мақсаты, арманы бар.  Міне, сол арманының бірі бүгін орындалды», — дейді әнші әрі Мейрамбектің тәлімгері Балжан Бидаш.

Жеңімпазға Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы мамандандырылған мектепте оқу гранты мен «Disneylаnd»-ке жолдама берілді. Әйтсе де, сайысқа қатысқан баланың ешбірі сыйлықсыз қалмады. 1-орын Батыс Қазақстаннан келген балақайға бұйырса, көрермен көзайымына елордалық Камила Күзденбаева кенелді. Бүлдіршінге Дубайдағы «Legolаnd» ертегі әлеміне жолдама табысталды.

«Мен аң-таң күйде тұрмын. Меніңше, дәл қазір әлемдегі ең бақытты баламын» — деп, ағынан жарылды Камила.

«Біз ең үздіктерді бекерден-бекер таңдаған жоқпыз. Камила сахнаны барлық жағынан жандандыратын нағыз әртіс. Орындаған әні де оңай емес, сондай ырғақты. Мұндай әнді билеп, жанды дауыста айту көбінің қолынан келе бермейді. Ал Камила абыроймен орындап шықты», — дейді шәкіртінің жетістігіне қуанған Маржан Арапбаева.

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close