Жаңалықтар

Жүрсін Ерман: Мұхтар «алтын домбыраны» біреуден сұрап алған жоқ, өнерімен тартып алды

Фото: Qamshy.kz

«Қамшы» порталы «Алтын домбыра» айтысы туралы жан-жақты ақпарат жариялап келді. Бұған дейін де хабарлағанымыздай, желтоқсанның 3-4-і күндері Алматыдағы Республика сарайында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Жасампаздықтың 25 жылы» атты айтыс өтті. Айтыстың бас жүлдесі «Алтын домбыраны» Мұхтар Ниязов екінші рет алды. Ол тіпті келешекте «Алтын домбыраны» тағы да иеленгісі келетінін айтқан.

Айтыстың жүлде берер сәтінде халық бас жүлденің берілуіне наразы болып, «Болатбек» деп айғайлап тұрып алған еді. Халықты Алматы әкімі Бауыржан Байбектің өзі «сабырға шақырған» болатын. Соған қарамастан қоғамда айтыстың әділдігі туралы алуан пікір туындап жатыр. Айбоз ақын Айбек Қалиев болса, «Елді бірлікке шақыратын «Алтын домбыра» айтысы осылайша ел арасына іріткі салатын болса, енді өткізбей-ақ қою керек шығар», — деген еді.

Арты дауға ұласқан «Алтын домбыра» айтысының соңғы нүктесін айтыстың жанашыры, жүргізушісі Жүрсін Ерманның өзі «Шалқар» радиосына берген сұхбатында қойды:

«Алтын домбыраға» өңірлік айтыстарда бас жүлде, 1-орын, 2-орын алған Қазақстандағы қазір ең үздік 20 ақын жиналды. Өзің айтып отырғандай олардың кез келгенінің «Алтын домбыраны» иығына асынып кетуге қақысы бар. «Алтын домбыраның» алдында мен өзім Еркебұлан Қайназар, Мейірбек Сұлтанхан, Болатбек немесе Мұхтар Ниязов – осылардың біреуі алатын шығар деп ойладым. Айтыстың бірінші күнін көргеннен кейін, жоқ, бұл ойым бекер екен, Рүстем Қайыртайұлы мен Өміржан Көпбосыновтың біреуі алатын болар деп сәуегейсідім. Айтыстың соңында, мінеки, Мұхтар Ниязов екінші рет «Алтын домбыраны» жеңіп алды. Жеңіп алғанда біреуден сұрап алған жоқ, өзінің өнерімен тартып алды.

Мұхтар биыл бірінші рет бас жүлде алып тұрған жоқ, бірнеше рет алып тұр. Өйткені, Мұхтар бабында жүрген, осы айтыс өнерінің қазіргі көшьасшыларының бірі. Бірақ, әлеуметтік желілерде, тіпті залдың өзінде оң жақ қанатында бірнеше адам соған шуылдап, қарсылық білдіріп жатты. Мен ойлаймын, талғамға талас жоқ.

Бірақ, кеше көзі тірілер Мемлекеттік сыйлықты алып жатқанда, о дүниелік болған Мұқағали Мақатаев ала алмай қалды. Сол кезде осы қазақ неге шуылдамады. Мына қазақ ән өнерінің үлкен тұлғасының бірі болған, екі қазақтың бірі әнін айтып жүрген Кеңес Дүйсекеев алмай қалғанда осы қазақ неге шуылдамады. Ал, енді, бұл жерде де таласуға болады. Қазылар алқасының құрамында алты бірдей айтыскер ақындар отырды. Осы айтыстың бүкіл құпиясын, сырын білетін, ақ жол бастаған Дәулеткерей, Бауыржан Қалиолла, Мұхамеджан, Қойлыбай, Қонысбай сияқты – осылар неге Мұхтарға жығылды деп ойлайсыз? Мұның өзіндік себебі бар. Концертімізде айттық, айтыстың ең басты критерийі: сөзге жауап беру, шаппа шығып айтысу, аяқ астынан сөз табу. Болатбек жаман ақын деп айта алмаймын, ол да маңдай алды ақындарымыздың бірі. Дегенмен, ептеп толғап кететіні көбірек, халық поэзиясын жақсы біледі, кітаптар оқиды, сол сарынға салып толғап кететіні бар, қатты жауаптасып айтысуға бара қоймайды. Бірақ, өте көркем өлеңдердің, жауһар жырлардың авторы. Міне, осыны салыстыра отырып айтыстың сөзімен сөйлеген Мұхтарға басымдық берген шығар деп ойлаймын. Бірақ осы «Алтын домбыраның» жүлдесіне сонша шулайтындай, мұның бәйгесін Мәскеулерге Вася алып берген жоқ, өзіміздің айтысер ақындар жыл сайын біреуіне беріледі.

Алдағы жылдарда Болатбектің «Алтын домбыраны» жұлып алатынына кәміл сенемін. Әлеуметтік желіде бүгін ба, кеше ма жазыпты ғой өзі де мен ризамын осы шешімге деп. Оған да 3 миллион теңге көлемінде бәйге берілді. Бірінші орын деген де оңай шаруа емес жиырма ақынның ішінен. Сондықтан, менің пікірім осындай «Алтын домбыраның» қортындысы жөнінде.

Қамшыгер: Назерке Лабихан

Дереккөз: qamshy.kz

 

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close