ЖаңалықтарКино & ТеатрПродюсерТұсаукесер

«Фариза» спектаклі Мәскеу театрларында сахналанбақ!

Ақын Оңғарсынованың өткен өмірі мен өнерін бір туындыға тоғыстырған «Фариза» қойылымы мәскеулік көрерменнің назарына ұсыналады. Дәл қазір қызу дайындыққа кіріскен шығармашылық ұжым, таяу күндері шет елдегі қандастарымызға ерекше эмоция сыйлауды көздеп отыр, деп хабарлайды Shownews.kz тілшісі.

Осыдан бір жарым ай бұрын қазақ поэзиясының падишасы Фариза Оңғарсынованың 80 жылдық мерейтойына арналған спектаклді тамашалаған Алматыдағы өнерсүйер қауым көз жасына ерік берген еді.

«Бұл театр үшін үлкен жаңалық. Өйткені, әрбір қазақтың жүрегінде Фариза бар. Әрбір қазақ сол Фаризамен өмір сүреді. Фаризаны сағынады, Фаризаны іздейді. Бұндай спектаклді жасау үлкен ерлік. Айнұр Көпбасарованың  мемлекеттің емес, өз қаражатына осындай қойылымды дүниеге әкелгені, ер жігіттің қолынан келе бермейтін іс», — дейді қойылымның алғашқы көрермені Азамат Сатыбалды.

Қойылымда заманауи технология қолданылған. Мұхтар Әуезов атындағы өнер ошағы  мен еліміздегі 5 театрдың әртістері «Қазақ поэзиясының падишасы»  Оңғарсынованың ішкі әлемін көрсетуге барын салған. Пьесаны продюсерлік орталықтың тапсырысымен драматург Роза Мұқанова жазып,  ақынның  құпияларын ашуға тырысқан. Ал басты кейіпкер Фариза рөлін әкем театрының актрисасы Назгүл Қарабалина сомдады.

«Бұл спектаклде бәрі керемет болды. Қойылым  да, актерлік шеберлік те, сценарий де, сөздері де, барлығы да сезімге толы.  Фариза апамыздың  ішкі жан-дүниесін білген жандардың идеясынан туындағаны көрініп-ақ тұр. Ақынның ішкі тебіренісін,  толқынысын  толықтай жеткізген. Сондықтан, мен өте қуаныштымын. Ерекше тарихи қойылым деп айтуға болады. Мәңгілікке қалатын спектакль. Бас рөлдегі Назгүл Қарабалина жайлы айтар болсам, тәжірибелі актриса. Өте жоғары деңгейде ойнап шықты. Тіпті дене бітімі де ұқсап тұр. Құдды бір Фариза апамызды көргендей күй кештік», — деді әнші Мәдина Сәдуақасова.

Аталған қойылымда  Мұқағали Мақатаев пен Оңғарсынованың өмірін тоғыстырған. Ақиық ақынның «Сәби болғым келеді» әнінің шығуына бала исін аңсаған поэзия падишасы себепкер болғандығын көрсеткен.

«Идея 2016 жылдан қолға алынды. Сол кезден бастап қойылымға бірнеше рет өзгертулер енгізілген болатын. Біз бұған өте ұзақ дайындалдық. Пьесаны  жазуды Роза Мұқановаға тапсырдық. Себебі, ақынның замандасы. Ел білмейтін құпияларын алға тарта отырып,  Фаризаның өмірін көрерменге жеткізе білді», — дейді идея авторы Айнұр Көпбасарова.

Тұсауы кесілген туындыда Фаризаға кері пікір білдірген замандастары мен оқырмандарының шынайы  бет-бейнесі суреттеледі. Бірақ  осы іспетес келеңсіз әрекеттер ақынның жігерін жанши алмады. Оқиға желісінде Оңғарсынова өзін аяқтан шалған жандарға төтеп беріп, әрі мойындатып «Поэзия Падишасына» айналды. Қазақ қызының шығармашылық жолындағы шынайы келбетін сәтті суреттеген қойылым 31 қазанда мәскеулік көрермендер назарына ұсынылып, қараша айының 15-16 күндері елордамыз Нұр-Cұлтан қаласында сахналанбақ.

Show More

Ұқсас жарияланымдар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close