Басты жаңалықтарЖаңалықтарМузыкаШоу бизнесӘнші

Ержан Максимнің жетістігін отандық шоу-бизнес өкілдері талқылауда

«Junior Eurovision – 2019» ән байқауы аяқталды. Халықаралық додаға аттанар алдында вокалдан сабақ берген ұстаздарының үмітін отандасымыз ақтай алды ма? Ал, он тоғыз елдің арасында оза шапқан Ержанның ұтымды тұсы қайсы болды? Толығырақ Shownews.kz тілшісінің материалынан оқи аласыздар.

Күні кеше Польшаның Гливице қаласында өткен «Junior Eurovision – 2019» конкурсы өз мәресіне жетті. Тартысты додада Ержан Максим «Арманыңнан қалма» атты туындымен ел абыройын асқақтатып, кәсіби әділ-қазылардың шешімімен 1-ші орынға жайғасқан еді. Алайда, онлайн дауыс беру нәтижесінен кейін Ержан жалпы ұпаймен 2-ші сатыға тұрақтады.

Польшаға жол жүрер бұрын Ержан Максиммен тыңғылықты жұмыс жасап, вокалдан дәріс берген Сәуле Әділқызы, Ержанның алдыңғы қатардан көрінетініне сенімді болғанын жеткізді.

«Негізінде, ән дайын болды. Біз тек сөзбе-сөз мәтінмен, әуенмен аздап жұмыс істедік. Өйткені «Арманыңнан қалма» өте ауқымды туынды. Біз үшін оны еркін әрі әдемі жеткізу маңызды болды. Сондықтан конкурсқа кетпес бұрын Ержанмен 4 күндей дайындалдық», — дейді вокалдан дәріс берген ұстазы Сәуле Әділқызы.

Аталмыш ән сайыста үшінші орынды испаниялық жас дарын иеленсе, «Junior Eurovision — 2019» байқауының бас бәйгесі польшалық Виктория Габорға бұйырды.

Айта кетейік, бұл байқауға еліміз осымен екінші рет қатысып отыр. Былтыр Беларусь елінде өткен тартысты бәсекеде тұңғыш рет Данэлия Тулешова бақ сынап, жалпы есепте 6-шы орынды еншілеген еді. Минскте жас дарынның өнер көрсетуіне ықпал етіп, басы-қасында жүрген Жан Мұқанов, биылғы додадағы жетістікке дән риза.

«Негізі Қазақстаннансың ба, әлде өзге мемлекеттенсің бе, бұл сайыста ол маңызды емес. Ең бастысы, мықты орындаушылық қабілеттің болуы. Ержан соны барлығына жеткізе білді. Халықаралық додада екінші орын иелену — еліміз үшін үлкен жетістік, зор мәртебе деп айтуға болады. Мұндай нәтиже бізде болмаған. Менің ойымша, Ержан бірінші. Сондықтан құтты болсын! Мен өте ризамын», — деді танымал продюсер Жан Мұқанов.

Ержан Максимді қолдауда отандық жұлдыздар да қол қусырып қалған жоқ. Әнші Аyree жас талантпен тұңғыш рет «Славян базары» фестивалінде танысып,  содан бері өнердегі інісінің әр қадамын назардын тыс қалдырған емес.

«Евровидениені көрдік. Ержан Максим керемет ән шырқады. Маған өте қатты ұнады. Кішкентай болса да, таза, пәк жүрегі бар. Ол бірден көрініп тұрды. Кең диапазоны мен тембрі қандай керемет! Сондай-ақ, осы сайыстағы әні өте сәтті шыққан», — дейді Ayree.

Иә, әлемдік бәсекеде Ержан Максим әдемі өнер көрсетіп, өзіне тиесілінің барлығын мүлтіксіз орындады. Конкурстан кейін Қазақстанға сәлем жолдап, елінің қолдауына ризашылығын білдірді.

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close