ЖаңалықтарКино & Театр

«Оралман» кинокартинасы Азияның үздік фильмі атанды

Иранның астанасы Тегеранда өткен 35-ші Халықаралық Фаджр кинофестивалінде режиссер Сәбит Құрманбековтың «Оралман» фильмі шетелдік фильмдер арасынан топ жарып, Бас жүлдені — «Азияның үздік фильмі» жүлдесін жеңіп алды.

Бұл туралы «Қазақфильм» киностудиясы хабарлайды.

«Оралман» фильмі туған жерінен кетуге мәжбүр болған, алайда ондаған жылдар өткен соң Ауғанстаннан еліне қайта оралған қандастарымыз жайлы баяндайды. Фильмге Дулыға Ақмолда, Есім Сегізбаев, Ержан Түсіпов, Шынар Асқарова, Баян Қажнабиева сынды қазақстандық танымал актерлер түскен.

— Фильмнің түсіру тобын осы алғашқы жеңіспен құттықтаймын, — деді картинаның режиссері Сәбит Құрманбеков.

Фаджр халықаралық фестивалінің негізі 1982 жылы Иранның мәдениет министрлігі және ислам бағыты ұйымымен қаланған. Фестиваль Қиыр Шығыстағы ең ауқымды әрі танымал және әлем кинематографистері мәдени байланыс орната алатын бірден бір алаң есептеледі.

Айта кететін жайт, Фаджр кинофестивалінің негізгі байқауында әр жылдары «Қазақфильм» киностудиясының фильмдері қатысқан болатын, мысалы: Серік Апрымовтың «Соңғы аялдама», Ардақ Әмірқұловтың «Қош бол, Гүлсары» (Арнайы жүлде, 2010 ж.), Дәрежан Өмірбаевтың «Студент», Ақан Сатаевтың «Жаужүрек Мың Бала» (жүлде, 2013 ж.),  Эмир Байғазиннің «Асланның сабақтары» (Арнайы жүлде, 2014 ж.), Ермек Тұрсыновтың «Шал» (техникалық және көркемдік жағынан үздік көріністері үшін арнайы жүлде, 2014 ж.) фильмдері қатысқан болатын. Өткен жылы «Фаджр» кинофестивалінде Ерлан Нұрмұхамбетовтың «Жаңғақ  тал» фильмі «Үздік режиссер» жүлдесін алды.

Фильм туралы:

Фильм ХХ ғасырдың 30-шы жылдары қызыл әскердің жендеттерінен Ауғанстанға қоныс аударуға мәжбүр болған  қазақ отбасы туралы. Бас кейіпкер Базарбай қарттың бір қызы мен ұлы сол жақта дүниеге келеді. Балалары есейіп, отбасын құрады. Ұлы Сапарқұл жергілікті пуштун ұлтынан келіншек алады. Ал қызы ауған жігітіне тұрмысқа шығады.  Сапарқұл соғыс кезінде моджахеттер жағында соғысады. Жылдар өтеді. Базарбайдың отбасы Қазақстанға көшуге рұқсат беретін квота алады. Барлығы жолға жиналады. Таулы қышлақтан шыққан отбасыны ұзақ жол күтеді.

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close