СұхбаттарӘнші

Ринат Сәтбаев, әнші: «Қазақ өнерінде өз қолтаңбамды, ізімді қалдыру үшін келдім»

o1Ic2oHt924

Шоу бизнестің қазанында қайнап, бірсыпыра еңбек етіп келсе де, ел көзінен таса жүрген әншілер аз емес. Ринат Сәтбаевты солардың қатарына қосуға болады. Өнерге ерте келсе де, аймақта біраз уақыт жүріп қалып, шоу бизнеске кешеуілдетіп қосылды. Әйтсе де оның да жұлдызы жанған кезі жеткен сияқты. «Жұлдыздар әлемі» порталыа берген сұхбатында әнші өзінің шығармашылық жолы мен көзқарастары туралы айтып берді.

– Ринат, әңгімені шоубизнеске келу жолыңыздан басталықшы. Сіздің өзіңіз өнерге ерте араласыпсыз, халыққа жиі көріне алмауыңыздың себебі неде?

– Ия, сонау 1991 жылдың өзінде жапон астанасы Токиода өткен «Толқын-2000» атты дүниежүзілік ән фестиваліне қатысқанмын. Оған Қазақстаннан іріктеу болып, 200 баланың ішінен Мейрамбек Бесбаев, Асқар және Төлеужан деген ақтөбелік ағайындылар, сосын мен жолдама алып, барып келдік. Алайда бала кезден арманым әскери адам болғым келген. Соның әсерімен аймақта біраз жүріп қалдым. Алайда бойымдағы өнерге деген іңкәрлік менің болмысымды нәзік, сезімтал болуыма ықпал еткен сияқты. Ал ондай қасиетпен әскери қызметкер болу қиын. Сондықтан «есім барда, елімді табайын» дегендей, 2007 жылы Алматыға біржола көшіп келдім. Сол арада өнердің қазанына қайнауым да кешуілдеп қалған сияқты.

– Алматыға келген бойда да өнерге бірден бет бұра қойған жоқсыз.. ?

– Ия, Тараздан келген соң, Қазақстан арнасында дубляж бөліміне жұмысқа тұрдым. Содан кейін де телевизия саласында біраз жұмыс жасап, шоу бизнестің ішкі жағын зерттеп барып, осы салаға келдім десе де болғандай.

kG3hFmZQg_w

– Музыка саласынан біліміңіз бар ма?

– Әлбетте, орта мектептің тоғызыншы сыныбынан кейін, төрт жыл музыка колледжін, Жамбыл педагогикалық институтында музыка бөлімінде домбыра сыныбын бітіргенмін. Алтынбек Қоразбаевтай қазақ өнеріне еңбегі сіңген тұлғаның шәкірті екенімді мақтан тұтамын. Тіпті менің орындаған дәстүрлі әндерім Қазақ радиосының «Алтын қорына» енген.

– Дәстүрлі әннен эстрадаға кету себебіңіз не?

Жақында «Ашығын айтқанда» деген бағдарламаға түстім. Сонда сценарий бойынша эстрада бағытын қолдап сөйлеген болатынмын. Бірақ шын мәнінде дәстүрлі әннің бәсі бөлек қой. Өйткені қазақ деген кезде көз алдымызға бірден киіз үй, домбыра елестейді. Бұл біздің ұлттық ерекшелігіміз. Ал эстрада жаһандық дүние. Мұхит ассаңыз да, қай құрлыққа барсаңыз да, кездестіреріңіз анық. Сондықтан эстрадаға кеттім екен деп, дәстүрлі әннен біржола қол үздім деуге келмес. Реті келгенде оны да айтып шығуым ғажап емес. Әнші жан-жақты болуы керек қой. Сондықтан екі бағытты да өзімнің екі қырым деп есептеймін.

– Ал дәстүрлі әнді эстрадаға салып айтуға қалай қарайсыз?

Оны қолдаймын. Мысалы Сүгірдің термесінің танымалдылығы Қыдырәлі ағамыздың эстрада бағытында салған әнінен кейін артқан секілді. Сонымен қатар астаналық Ғалымжан Жолдасбайдың да әндері осы бағытта. Эстрадаға лайықтағанмен, ол клубта айтылатындай емес, қазақы бояуын көрсете алды деп есептеймін. Оның бейнебаяндарының қайсысын болмаса да қарасаңыз,  қазақы болмысты, қазақилықты көретініңізге сенімдімін.

– Продюссеріңіз бар ма?

Қазір продюсерім жоқ, қажет емес деп ойлаймын. Керісінше басқалардан маған продюсер бол деген өтініш жиі келеді. Өйткені шоу бизнестегі тұлғалардың бәрін дерлік танимын, көбімен жақсы араласамын. Кезінде телеарнада жасағаным біраз тәжірибемен қатар, біраз дос-таныс жинауыма сеп болды. Өзіміз бейнебаян, деректі фильм, кино түсіреміз. Телеарнаға қатысты біраз жұмыс жасап жатырмыз. Соның бәрі маған біраз мүмкіндік береді. Алайда продюсер болуға өзім тәуекел етпедім. Әуелі өз шығармашылығымды реттеп алмай, өзгенің ісімен айналысуға ертерек сияқты көрінді.

dSSNZ5i6rN4

– Өз шығармашылығыңыз қалай жүріп жатыр?

– Қазіргі таңда репертуарымда он шақты әнім бар. Соңғы екі жылдай болды, Нұрлан Еспанов екеуміз дуэт айтып жүрміз. Орындауымызда төрт-бес ән бар. Бейнебаяндарымыз барлық арналардан көрсетіп жатыр.

– Дуэт орындау туралы сөз бірінші кімнен шықты? Сіз өзіңіз ұсыныс жасадыңыз ба?

Ол кісі өз ағам ғой. Менің өз ісіме тиянақтылығымды көрді ме, әлде жаңағы айтқандай, көп адамдармен араласатынымды көрді ме, өзі бірінші ұсыныс жасады. Нұрлан ағаға барып, өлең жазып беруін сұраған едім, ол кісі «Саған бір емес, бес ән жазып берейін, бірақ бір әнге дуэт орындайық» деді. Дуэт әдемі шықты. Клип те түсірілді. Сөйтіп жұмысымыз жүріп кетті. Ал өзімнің жеке клипім 2007-2008 жылы түсірілген болатын.

oe-PNc4FoIE

– Сөзіңізге қарағанда шоу бизнеске келуіңіз өзіңізге аса қиындық тудырмаған секілді ғой. «Өнер жолы – ауыр жол» деп, көп әншілер бірінші келгенде қиындық көріп жатады емес пе? Сізде ондай болмады ма?

Жалпы мен Алматыға күн көру үшін келмедім. Менде барлығы болды. Көлік те, пәтер де, жұмыс та болды. Тараздан келмей тұрып, қызметпен келісіп қойғанмын. Сондықтан  өзгелер секілді жатақханада тұрдым, пәтер жалдадым деп айта алмаймын. Маған тек шығармашылық өріс жетісейтін. Алматыға келу себебім сол. Негізінде материалдық жағдайдан гөрі, маған өнер жолындағы кездескен қиындықтар әсер етті.  Кейбір концерттерде мені ысырып тастап, өзгені сахнаға шығарып жіберу, мені менсінбеу секілді нәрселер менің жүрегіме тиеді. Ондай жағдайлар аз болған жоқ. Дегенмен қазір ол асудан да өттім деген сенімдемін.

– Сіз шоубизге келгендегі ең басты мақсатыңыз не? Танымалдылық үшін бе, әлде…?

Дәл қазір мен үшін ең бастысы тұлға болып қалыптасу, қазақ өнерінде өз қолтаңбамды, ізімді қалдыруды мақсат тұттым. Және бұл жолдан айнымайтыныма сенімдімін.

– Ринат, өзіңіздің көзқарастарыңызбен бөлісіп, ойыңызды бөліскеніңіз үшін сізге «Жұлдыздар әлемі» порталының атынан көп рахмет айтамыз! Мақсатыңызға жетіңіз деген тілектеміз!

P.S. Сұхбат алынғаннан кейін Ринат Сәтбаев, Нұрлан Еспанов және Абай Бегей үшеуі «Нар» тобын құрды. Ринаттың жұлдызды кездері әлі алда деген сенімдеміз! «Нар» триосы қазақ шоу бизнесінде ойып тұрар орны бар топқа айналсын деп тілек білдіреміз.

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

1 пікір

  1. Бір демнен оқып шықтым. Ринаттың бастамасы дұрыс екен. Кейібір әншілер секілді шыға бермей тихооо жұмыс жасап жатқанға ұқсайды….

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close