ПродюсерСұхбаттар

Асыл Беделхан: «91» тобы туралы осындай түсінбеушілік болады деп ойламаппын.

«Дауыс International» тобында өнер көрсеткен әнші, қазіргі таңда продюсер Ерболат Беделханның жары Асыл Беделхан Abai.kz сайтына сұхбат беріп, «91» тобы жайлы, өзі жайлы айтып берді.

Бұрындары «Дауыс International» тобының әншісі болған, бүгінде талантты музыкант Ерболат Беделханның келіншегі, екі баланың анасы Асыл ханым не дейді? Оның «Бейсенбідегі бетпе-бетте» айтқан сырына зер салыңыз.

 – Асыл, сонымен сіз араша түскен «91» тобына қатысты дау тамам болды ма, ол ақыры немен аяқталды?

– Даудың аяғы біткен жоқ. Топты топырлатып сынау жалғасуда. Бір жағынан, түсінемін: жаңалық атаулы сынсыз пайда болмаған. Бірақ уақыт өте келе, тыңдарман да, әріптестеріміз де түсінеді деп сенемін. «91» тобына қарсы келетін әншілер саусақпен санарлықтай ғана қалды. Сыртыңнан сөйлеп, бетке ештеңе айта алмайтындар да бар. Негізі, басқа, сырт елдерде тұратын қазақтардың көзі ашықтау. Олар: «Қазақстан мұндай жаңалыққа неге қарсы? Өрелері өспей қалған ба?» – деп күледі.

 – Өзіңізді «Дауыс International» тобынан бөлініп кеткелі, сахнадан көре алмадық. «Көзден тайса, көңілден кетеді» демекші, неліктен «жоқ боп» кеттіңіз?

– «Дауыс International» тобында үш жыл ән айттым. Келісім-шарт осы уақытқа жасалған болатын. Ары қарай жеке шығармашылығыммен айналысқым келді. Келісім-шарт мерзімі аяқталғанда, топтан біржола кеттім. Жеке әнші ретінде екі бейнебаян түсірдім. Алуа Қонарова, Гүлвира Илахунова, Дильназ Ахмадиева және тағы да басқа продюсерлермен жұмыс істедім.

Кейінгі кезде шығармашылық дағдарыс болды ма, білмеймін: жұмысым онша жүрмеді. Бір жағынан, өмір жолымды құдай солай шешкен болу керек. Кезінде «Новая волна» байқауына қатысып, жартылай финалға дейін жеткен кезім де болған.

Оның үстіне балаларым да тым жас: үлкені – төртте, кішісі – үште. Оларды аяққа тұрғызу керек. Құдай қаласа, үшіншісі болады, аяғым ауыр. Бірақ үйде бос отырған жоқпын. Күйеуімнің продюсерлік орталығында көмекші директормын. Атқаратын жұмысым көп.

Болашақта сахнаға шығам, ән айтамын десем, Ерболат қарсылық білдірмейді. Өнерге қайта оралуыма ата-енем де қарсы болмайды. Ол кісілер Моңғолияның еңбек сіңірген қайраткерлері. Қайын атам – домбыра және көп ішекті аспапта ойнайды. Енем – музыкалық мектепті бітірген, жетігенде ойнайды. Өнердегі біздің ақылшы, кеңесшілеріміз.

 – Ол кісілер ше, «91»-ді түсіне алып жүр ме?

– Көп сыни пікірлерді естігенде, әкеміз: «Балалардың сырғасын шешіп, шаштарын қара түске боятқанда, мұндай дауға қалмайтын едіңдер ғой», – деген еді. Рас, топтағы әнші жігіттердің ата-аналары да қатты уайымдады. Амал жоқ, өнерден өзгеше әлем табу – құрбандықсыз келмейді. Сол кездері бір-бірімізге тек сабыр сақтаудан басқа айтарымыз болмады.

– Шығармашылық адамы үшін үй шаруасында отырып қалудың ауыртпалығы қандай?

– Аралары бір жас екі баламда да үйде отырдым. Ол кезде продюсерлік орталық құрылмаған еді. Әрине, сахнаға елеңдеп, ішім күйіп жүрген кездер болды. Мен ондай кездерде ән айтып, өзімді жұбатып алатынмын. Кейіннен вокалдан сабақ бере бастадым. Бәрі солай біртіндеп реттелді. Үйде отырудан жалыққан жоқпын, керісінше, менде бала тәрбиесіне деген қызығушылық пайда болды. Әйел болғаннан кейін, үйде отырудың ауыртпалығы да сезілмей қалады…

 – Отбасының мүддесі үшін өнерді құрбан ету деген мәселеге қалай қарайсыз? Мәселен, Тоқтар Серіктің Бейбіті қыз күнінде сахна мен экраннан түспейтін әнші еді: қазір сахна ол үшін екінші пландағы мәселеге айналып қалған сияқты…

– Бұл жағдай адамның жаратылысына байланысты. Әркімнің өз жолы, қалауы бар. Әркім өз жүрек әмірімен жүрсе, әр адам бақытты болады деп ойлаймын.

– Орыстардың «Әйелі мен ері – екеуі бір пері» деген мәтелінде айтылғандай, «91» тобына қатысты дау-дамайда Ерболатты жақтап, әлеуметтік желіде біраз «айқас» жүргіздіңіз. Сондағы сізге қарсы пікірлерден кейін қандай ой түйдіңіз? Көпшіліктің өнерге, оның ішінде өнердегі жаңалыққа деген таңдау-талғамы кеңестік кездің кебісін киіп жүргенін сезген боларсыз?

– Шамам келгенше, әлеуметтік желідегі жазылған біраз пікірлерді оқып шығуға тырыстым. Рас, арасында қатты ашу-ызаға булықтым. Басында «91» тобы шықпай тұрып, халықтың дұрыс қабылдамайтынын білдік. Бірақ дәл осындай түсінбеушілік болады деп ойламаппын.

«Инстаграм» парақшасы арқылы қазіргі адамдардың қатыгез екендеріне көзім жетті. Балалар не істеп, не бүлдіріп қойды, олардың нендей кінәсі бар? Олар өз үйінде тәрбие көретін басқа балаларды қалай бүлдірмек? Неге бүкіл қазақ жастарының тәрбиесі төрт жігітке тіреліп қалды?

Қазақ десе, өзімізге тиеді: инста-парақшадағы пікірлерді оқи отырып, адамдардың сауатсыздығына таң қалдым. Дардай қыз-жігіттер өз ойларын жеткізе алмайды. Қате жазылған сөздерді көргенде, жағамды ұстадым. Халқымыздың сауатының сондай төмен деңгейде екенін, ойлау жүйесінің артта қалып қойғанын байқадым.

Кеңес кезіндегі ата-анамның бейнесі әлі күнге есімде. Сол кездің өзінде қала жастары шаштарын ұзын етіп өсірді. Ертеректе тым тар шалбар киді, бертін далаңдаған кең шалбарды еркек те, әйел де модаға айналдырды. Сол кездегі адамдар «мынау қазаққа жат нәрсе» деген жоқ қой. Сән қуған жастарын қараламады. Сол уақытпен салыстырып қарағанда, қазіргі адамның көзқарасы кенде қалып, түйсік-танымы төмендеп кеткен бе деп ойлаймын.

– Ерболат – сіз үшін жар, балаларыңыздың әкесі. Ал өнер үшін ол кім? Оның бойында ел білмейтін қандай құдірет бар деп ойлайсыз?

– Ерболатпен танысқаныма 19 жыл болыпты: менің жасым он төртте, ол он жетіде болатын. Оның бойында ерекше, өзіне ғана тән әлемі барын сонда байқағанмын. Сондықтан «91» тобы аяқ астынан немесе бір мезеттегі ойдан туған жоба емес. Ерболаттың бала арманының желісі, бірнеше жылғы тәжірибесінен туған жемісі.

Ерболаттың бойында құдай берген өнерге деген қасиеті, ерекше дарыны бар. Және ол бос дау-дамайға жоқ адам. Бәріне философиялық ой тұрғысында қарайды. Өзін ренжіткен адамды тез кешіре салады. Әйел болған соң, кейде біреулерді сөз еткенімде: «Жұртта не шаруаң бар?!» деп ұрсады. Сонда да тоқтамай жатсам, үндемей тұрып кетеді.

Ерболаттың бір әншілерді жамандап, әлдекімді сынағанын естімеген екенмін. Көбінесе адамды болмыс-бітімімен түсінуге тырысады. Жуықта Ақылбек Жеменейдің кешінде Ринат Зайытовтың билеп, рэп айтып шыққанын мен мазақ қылдым. Ал Ерболат оны қостап: «Жақсы болған екен, өзі де сахнаға шықты. Жарайсың!» деп, разышылығын білдіріп жатты. Өзін қаралаған адамға ешқандай ренішін сақтамаған. Бірақ Ринат жөндеп билей алмайды, не дұрыстап рэп оқи алмайды: мұнысымен не дәлелдегісі келді? Былай қарағанда, Ринат қылығы күлкілі нәрсе ғой. Бірақ Ерболат оған басқа жағынан қарады. Оның мінезі сондай.

– 40 жыл сахнада жүрген Роза Рымбаева апамыз әлі күнге дейін өзі туралы «қазақ эстрадасына жаңалық әкелдім» деп айтпайды. Бірақ кейінгі жастардың сөзіне құлақ ассақ, екеуінің бірі жаңалық әкеліп жатқан көрінеді. Қалай ойлайсыз, эстрадамызда жүрген қай әнші ән өлкесіне жаңа леп алып келе алды?

– Кезінде «Орда» тобы сахнаға жаңа леп алып келді. Жастардан Жанар Дұғалова, Мақпал Исабекова, Әли Оқапов, Ғалымжан Молданазар өз жаңалықтарымен келді деуге болады. Негізі, әр әншінің эстрадаға қосар өз үлесі бар. «Рахат Лукум», «Дауыс International» топтары да жаңа леппен келді. Сол уақыттағы арулар осы топтарға еліктеп өсті десем, артық айтқаным емес.

Ал Роза апайым өзінің қарапайымдығынан солай деген шығар. Әйтпесе ол апамды тек Қазақстан ғана емес, бүкіл ТМД халқы таниды. Ол өз өнері үшін шынымен де өларман адам, еңбекқор екенін әлі де дәлелдеп келе жатқан кісі. Мақтаншақтығы жоқ. Алдына қойған мақсатын орындап жүрген әнші. Артынан ерген кез келген өнерпаз Роза Қуанышқызына қарап, өнерін де, бойын да түзей алады. Осының өзі қазақ эстрадасына қосқан орасан зор үлесі дер едім.

Иә, әншілеріміздің арасында «жаңалық әкелдім» деп мақтанатындар бар. Бұл әркімнің санасына, тәрбиесіне байланысты жағдай дер едім.

– Қазір сіздің сахна мен эстраданы сырттан баққан сыншы сияқты рөлде жүрген жайыңыз бар: қандай көңіл қуантарлық жаңалықтарды аңдадыңыз?

– Қуантарлық жағдайлар өте көп. Өнерпаздарды насихаттайтын небір телебағдарламалар жүргізіліп жатыр. Бұрынғымен салыстырғанда, әншілерге қатты көңіл бөлінуде. Соған қуанамын. Осы күні әншілеріміз ән жазуда, бейнебаян түсіруде, киетін киімдеріне дейін ақшаны аямайтын болған.

Өйткені өмірдің өзі сапалы жұмысты талап етеді. Инста-парақшаларынан қарап отырамын: кейбір қыздарымыз сатып алған көйлектерінің қымбат бағасына дейін мақтанып жазады. Бұл да жақсы. Осыдан әншілеріміздің арасында жақсы бәсекелестік, сахна мәдениетіне деген ынтазарлық туады.

– Қазақстандағы герлз-бэндтің ізін салушы «Дауыс International» тобы болды деп айтуға бола ма? Сіздерден кейін-ақ дуэт, қыз-жігіттерден құралған топтар көбейе түсті. Кейде «Дауыс International» бәсекелестікке төтеп бере алмай, тарап кетпеді ме екен деген ой келеді?

– «Рахат Лукум» тобы бізден бұрын шыққан болатын. Біз сахнаға 2002 жылы келдік. Бірақ екі топтың продюсері бір болды. «Рахат Лукум» орыс тіліндегі әндерді орындаса, біз тек қазақ тілінде ән айтатын топ болдық. Айырмашылығы тек осында ғана. Ал бәсекелестікке келер болсақ, бұл продюсерге қойылатын сұрақ шығар. «Дауыс International» тобы әлі де келе жатыр. Жаңа құрамның құрылғанына да үш-төрт жыл болып қалды. Оған бұрынғы құрамның экс-мүшелері Әсел Сәдуақасова мен Рано Умарова продюсерлік көрсетіп жүр. Аяқ алыстары жаман емес.

 – Жұртшылық сіздің топтағы қыздармен басыңыз сыймай, ренжісіп кеткеніңізді біледі. Сол өкпе әлі де бар ма? Әсел Сәдуақасова, Рано Умаровамен арақатынасыңыз қалай?

– Жоқ, қыздармен ренжісіп кеттім деп айтуға келмес. Бәлкім, олар менің топтан кеткенім үшін ренжіген шығар. «Дауыс International»-ды жарты жолда қалдырып, жеке шығармашылығыммен айналысып кеткенімді кешірмеген болар. Бірақ ол жайында бетіме ешкім ештеңе айтқан емес. Қазір Әсел мен Рано екеуі де продюсер. Бірі жеке шығармашылығын дамытып жатса, екіншісі актрисалық қырынан көрініп жүр. Бұрынғыдай жас емеспіз, отыздан асып кеттік. Сол кезде өкпе болғанымен, қазір жоқ деп ойлаймын. Бір-бірімізге деген сәлеміміз түзу. Ара-тұра хабарласып, жағдайымызды білісіп тұрамыз.

– Меруерт Түсіпбаева бір сұхбатында: «Эстрада жастарға арналған. Үйінде отырып қалған әріптестерім бар. Не істерін білмей жүр. Кезінде эстрадада жүрді. Бүгін керек болмай қалды. Өйткені хит әні жоқ», – деген еді. Бұл сөзді өзіңізге қабылдап қалмаңыз. Дегенмен, кейде сізді де «керек болмай қалдым ғой» дегендей ойлар мазаламай ма?

– Жоқ, ондай ой мазалаған емес. Мен тұрмысқа шықпай тұрғанда ән айтуға, билеуге құштар едім. Бірақ екі баланы босанғаннан кейін, аналық махаббатым артып, өнерге деген талпынысым жоғала бастағандай болды. Бұны өзім де түсінбей қалдым.

– Осыдан, бәлем, сахнаға оралған кезде көкесін көрсетем деп, дайындап жүрген жоспарларыңыз бар шығар…

– Ән жазу жоспарымда бар деп айта алмаймын. Сахнаға қашан шығатыным да белгісіз. Менің жоспарым – болашақта продюсер болып, өзім жасаған дүниені қазаққа таныту.

Сұхбаттасқан – Анар АНАПИЯЕВА

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №18 (335) 05 мамыр 2016 жыл

Дереккөз: Abai.kz

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

8 пікір

  1. 91ге атаналары сырга такканына шаш бояганына карсы болганга уксамайт. Бул казактарга жат нарселер.

    1. Қайдан білесің?Олардың ата-аналарымен сөйлесіп келіп пе едің?Барлық ата-ана өз балаларының бақытын ойлайды.Олар қарсы болғанымен балалары үшін барлығына шыдап жүрген болар.Ерболат аға басында айтқан болатын ата-аналарымен жүздесіп,мұндай келеңсіз жайттардың болатынын түсіндіргенмін деген..Ал қазаққа ненің жат екенін сіз шешпейсіз.Олар Заманға сай стильмен әндерін орындап жүр.Сырға тағу,шаш бояу бұны олардың өздері де қаламаған болатын.Бірақ бұл-Q-pop стилі.

    2. иии осы асыл беделханда байыда урып кеткендер оздеринше керемет жетисип айтыпсынго

  2. Шынында 91 неге жамандай бересiндер 91 тобы қазipгi заманға сай топ 91-дi жаман көретiндер заманнан артта калғансындар

  3. Шынында 91-дi жамандайсындар 91 тобы заманга сай топ 91-дi жаман коретiндер заманнан артта калгансындар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close