СұхбаттарСән

Әлия МЕРГЕНБАЕВА: Сыпайылығым «Қазақстан аруы» атандырды

Ұйықтап жатып түс көргендей болдым

–    Әлия, жеңісіңіз құтты болсын! Алдымен қуанышты сәтіңізбен бөлісе отырсаңыз. «Қазақстан аруы» атанып, басыңызға сұлулық тәжін кигенде қандай сезімде болдыңыз?

–    Рахмет! «Қазақстан аруы» атанып, атымды хабарлаған кезде өз құлағыма өзім сенбедім. Мен үшін күтпеген жағдай, ұйықтап жатып түс көргендей болдым. Түсімде «Қазақстан аруы» атанып, Александр Винокуров ағамыз мені ортаға шақырғандай болды. Ол кісінің қасына қалай барып қалғанымды өзім де білмеймін.

Сұлулық тәжін басыма киген кезде ғана арманымның орындалғанына көзім жетті. Ол кездегі бойымды билеген сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Не күлерімді, не жыларымды білмей қалдым. Ең керемет шаққа куә болғандай болдым. Сол күн бітіп, үйге келгенімде де әсерден арыла алмадым. Осы қуаныштың құшағында ұзақ тербеліп, өзімнің сахнадағы бейнеме қайта-қайта қарай бердім.

Ең алғаш анам хабарласып құттықтады. Содан кейін толассыз хаттар мен телефон қоңыраулары толастамады. Сол сәттен бастап мойныма жауапкершілік талап ететін үлкен жүк артылғанын сезіндім. Ол «Әлем аруы» байқауына алған жолдамам еді. Келесі жылы Қазақстан атынан әлемдік сахнаға шығып, елімнің намысын қорғау – мен үшін үлкен жауапкершілік.

–    Әр облыстың намысын қорғауға келген сұлулардың ішінен суырылып шығып, «Қазақстан аруы» атандыңыз. Бұл күнді қанша күттіңіз?

–    Мен мектеп қабырғасынан бастап бірнеше сән байқауларына қатыстым. Модельдік студияларда да өзімді шыңдап жүрдім. Осындай үлкен байқауға қатысып, ару атану – менің бала күнгі армандарымның бірі еді. Кішкене күнімде теледидардан Тайра Бэнкстің «Топ-модель по американски» атты бағдарламасын үзбей көретінмін. Сол бағдарламада өнер көрсететін сұлу қыздарға тамсана қарап, еліктеп, бір кездері өз бөлмемді балалықпен подиумға айналдыратынмын. Сол кішігірім арманым, үлкен мақсатқа айналып, бүгінгі таңда маған тіпті өзге бағыттан жол ашты. Армандар орындалады екен. Бұған менің көзім жетті.

–    Байқау әділ өтті ме? Сіздің тараптан «әттеген-ай» деген тұстар болды ма? 

–    Байқауға келгенде, мен де тазалығына іштей күмәнданғаным рас. Бірнеше сыннан өтіп, жеңімпаз атанған шақта әділ өтетініне көзім жетті. Себебі, мен орта таптың қызымын. Ешқандай асып-тасып жатқан байлығым да,  кез келген тығырықтан алып шығатын, арқа сүйейтін «әке-көкем», тамыр-танысым да жоқ. Сондықтан қарапайым отбасынан шыққан қыздың жеңімпаз атануы – байқаудың әділ өткені емес пе?!

Әкем қарсылық танытты

–    Неліктен көпшіліктің таңдауы сізге түсті деп ойлайсыз?

–    Бұл сұрақтың жауабын мен де іздедім. «Мені неліктен таңдады?» деп бірнеше рет ойландым. Себебі, менің өзге қыздардан алып бара жатқан айырмашылығым жоқ. Байқауға қатысқан қыздардың бәрі – бірінен-бірі өткен сұлу. Жан дүниелері де әдемі, барлық талаптарға сай.

Байқау барысында қазылар тарапынан, өзге сырт көзден де «тым сыпайы екенсің. Үйлесіп-ақ тұр» деген пікірді жиі естідім. Мүмкін, сол өз бойыма үйлескен сыпайылық маған жеңіс сыйлаған болар.

–    Байқаудан ұтып алған 5 млн теңге қаржыны қайда жұмсадыңыз?

–    Бұл қаржының 1 млн теңгесін отбасымен ақылдаса келе қайырымдылық қорға аудардық. Қалғанын анама табыстадым.

–    Әлия, әкеңіздің қарсылығына қарамай «модельдік жолды» бастапсыз. Осындай үлкен байқауға қатысуға әкеңізді қалай көндірдіңіз?

–    Иә, басында менің модель болуыма әкем қарсылық танытты. Бұл кез келген әке-шешеде кездеседі деп ойлаймын. Бұл кез келген ата-ананың «балам жақсы болса екен» деген ниетінен туған әрекет екені түсінікті. Бірнеше сындарға қатыстым. Облыстық байқаулардан сүрінбей өткен кезде ғана маған үй-ішім рұқсатын берді. Бәлкім, менің талабымды байқаған болар. Ал «Қазақстан аруы» байқауына қатысарда әкем өзі мақұлдады. Әкемнің ақ батасымен барып, жеңіспен оралдым.

Сұхбаттасқан Қаламқас AМAНҚОСОВA
(Толық нұсқасын «ЖҰЛДЫЗДАР ОТБАСЫ» журналының №5 санынан оқи аласыздар)

anyzadam.kz

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close