Айдарбек Рысбек, Әнші:Той әнін сахнаға алып шыққанға қарсымын

Screenshot_2

Айдарбек, жақында «Бәрі есімде» атты әніңіз тыңдармандарыңызға жол тартты. Құттықтаймыз! Сонымен қатар «Әдемі» атты әніңізге бейнебаян түсіріпсіз. Оны қашан тамашалай аламыз? Бейнебаян желісіне қысқаша тоқтала кетсеңіз…

Рахмет. «Бәрі есімде» әні кейбіреуін шаттық бөлесе, енді біреулерін мұнайтып жатқан көрінеді. Бәріміз бұл әнді тыңдап көңіл күнделігімізді парақтайтынымыз рас енді. Көктемге жаңаша тарту болсын дегем. Тыңдаушылардың жақсы бағасынан үлесті болып жатқаным көңіл қуантады. «Әдемі» деген әнім нәзік жаратылыс иелеріне арналады. Жақында інімнің үйлену тойына махаббат дастанын түсіргенбіз. Азамат Ержанұлы деген досыммен. Сол қысқа метражды фильмімізге саундтрэк қылдық (күліп). Көктем келгенде табиғат қана көркеймейді. Жандүниеміз нұрланып, әсіресе арулардың ажарлана түсетін шағы. Әр бойжеткен өзіне арналған ән деп есептесін, ешқашан мұңаймасын,-деген тілекпен жаздық.

Қашаннан бері «Studio One KZ» орталығындасыз?  Жанна Абуова ханым сізге қандай талаптар қойды?

Ештеңені уақытпен өлшемеймін. Әсіресе шығармашылықта сапа алдыңғы орында. Атқарып жатқан жұмыстарымыз тыңдаушыларымыздың көңілінен шығып жатса, қуанамыз. Ал продюсерім мақсатын сөзбен емес, іспен бағамдайды. Жанна ханым өте талапшыл, әрі еңбекқор. Оның басты талабы —  бойдағы жалқаулықты жеңу, нашар әдетімізден арылу, көрерменге көзбояушылықпен емес, шын еңбекпен өту керек,- деп бізді қайрап отырады. Ол кісінің көңілінен шығу оңай емес. Студиямыздағы дайындық кезі былай тұрсын, караокеге барсақ та, әнімізді дұрыс орындамасақ, қателіктерімізді бетімізге басып отырады. Тіпті мелизмдерді дұрыс қоспасақ, кейде артық қыламын деп тыртық қылсақ та, көңілі толмағанын айта салады. Ең бірінші сыншымыз сол кісі.

 «Studio One KZ» Жанна Абуова ханым бастаған ұжымда нендей ерекшеліктер бар?

Біздің орталықтағы бауырларымыз бір кісідей бір бағытқа қарайтын болғандықтан шығар, бірлігіміз бекем. Біздер бір ұжымның емес, бір отбасының балаларындаймыз. Продюсеріміздің негізгі талабы десек те артық емес. Бір-біріңе әріптес деп емес, бауырым,-деп қараңдар деген болатын. Басты ерекшелігіміз сол ауызбіршілік шығар. Қазір Жанна ханымның жиырма шақты жобасы бар. Өздеріңізге жақсы таныс Тәуекел Мүсілім, Артур Төлепов, Мырза, «Кемел», «Назар» топтары және т.б. Бәрімізге бірдей көңіл бөледі. Бір уақытта бірнеше жобаны қанаттандыру оңай дүние емес. Үлкен ерлік деп ойлаймын.

Мадина Садуақасованың орындауындағы «Жұлдызым» атты әнін сіз жазған екенсіз. Өте сәтті шығыпты. Қателеспесек көп әндеріңізді өзіңіз жазатын сияқтысыз. Тағы танымал тұлғалардың орындауында қандай әндеріңіз бар?

Роза Рымбаеваның ән қоржынындағы «Салған әнім», «Мистерионс» тобы орындап жүрген «Неге үндемедің?» әні, «Алтын Girls» қыздарының айтып жүрген «Шынайы сезім», өзіңіз айтып отырған «Жұлдызымнан» бөлек, «Мөлдір елес» әні, Турал Эвересттің репертуарындағы «Ойымдасың» сияқты әндері менің қиялымнан туған туындылар. Алла қаласа, өзіміздің орталықтың таланттары да бірнеше әнімді жарыққа шығарады. Әзір құпияны ашпайын. Бәрін уақытында білесіздер.

Сіздің көп әндеріңіз лирикалық бағытта. Нәзіктікке толы. Романтиксіз ба?

Ия, оныңыз рас енді. Қиялыма ерік беріп, ой орманын аралап, жақсылыққа сеніп, қолымнан келгенше айналама қуаныш сыйлауға асығып жүремін. Жаным нәзік,-демей-ақ қояйын. Бірақ жаны нәзіктерді жақсы түсінемін. Әннің нашары жоқ қой. Ұға білер жүрек, тыңдай білер құлақ болса болғаны. Әр әніммен тағдырластар, жаны егіздер бар деп білемін. Соңғы кезде «жастардың арасында романтика жоқ»,-дейтін пікір қалыптасқан ғой. Мен сол пікірге қарсымын. Бізге дейін болған. Болады. Бола береді. Тек кейбіреулер мойындағысы келмейтін шығар.

Тойға арнап ән жазу ойыңызда бар ма?

Өнерде жүргеннен кейін түрлі тақырыпта, әр аудиторияға арналған ән болу керек. Ол заңдылық. Той әнін сахнаға алып шыққанға қарсымын. Дегенмен, тойда халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын әндердің болғаны дұрыс. Менің де ән қоржынымда шығыс стильіндегі әндерім бар. Бұйырса, бір жақын күндері клип түсіріп қаламыз. Сол жұмыста мені жаңа қырымнан көріп қаларсыздар. Күтіңіздер))

Жақында туған ініңізді үйлендіріп, өнерде жүрген достарыңызды шақырып, дүркіретіп той жасапсыздар. Құтты болсынның бәрі сізде екен. Өзіңіз шаңырақ көтеріп, отағасы болуды қай уақытқа  жоспарлап отырсыз?

Ия, жақында інім үйленіп, келін түсірдік. Енді мен қайын ағамын (күліп). Шаңырағымызда үлкен той болды. Негізі отбасын құруды қанша жоспарласақ та, Тәңірден бұйрық болмаса, болмайды. Жердегі жапырақ та Алланың әмірімен тербеледі. Табиғатта бәрі егіз. Менің де жүрегімнің жартысы мен іздеп жүргенім секілді, мені іздеп жүрген шығар. Жолығып жатса, әрине отбасын құру арманым. Ер жігіт жар таңдауда, мамандық таңдауда жаңылмаса бақытты,-дейді ғой. Мен де сол бақыттылардың қатарынан табылғым келеді.

Сүйіктіңіз бар шығар?   Көп аса қандай қыздарға көзіңіз түседі?

Сүйіктім жолыға қоймады. Бәріне уақыт төреші. Өзім болашақ жарымды көркем мінезді, тәрбиелі, ақылына көркі сай, ата-анасын, ерін сыйлайтын ару болады деп елестетемін. Жүзімізге күндердің күнінде әжім түсер, бірақ жандүниеміз бай әрі сұлу болу керек. Ол басты қазынамыз. Иман жүзді, ибалы қыз жолықса, інімнің келіншегімен тату абысындар болса, анамыздың қызындай болып жүрсе, жанұяның берекесі сол емес пе?!

Сіз үшін болашақ жарыңыздың мамандығы маңызды ма? Өнер адамы болуы мүмкін бе?

Мен үшін басты мамандық адамдық. Қызмет қолдың кірі. Кейде айтып жатады, жігіттер әл-ауқаты жақсы қыздарға құда түседі,-деп. Әл-ауқатымен емес, көркем мінезімен, адамгершілігімен бақытты болуға, қиындықтарды бірге жеңуге болады. Сондықтан, болашақ жарымның мамандығы емес, ұяда көрген тәлім-тәрбиесі маңызды.

  1. Сіз тек әншісіз бе? Болашақта сіздің де актер немесе тележүргізуші болу ойыңызда бар ма?  

Тек әнші болсақ, тек әншісіз бе?-дейсіздер. Қосалқы бағдарлама жүргізіп көрсек, енді бағдарлама тізгіндеуге шығыпты,-дейсіздер. Негізі жан-жақты болған дұрыс қой. Қолдан келсе, неге көрмеске. Ал икемім келмесе, басқаларға жол берген дұрыс деп ойлаймын. Әркім қабілетіне сүйеніп әрекет етеді. Мысалы, менің бауырларым Тәуекел мен Артур тек әнші ғана емес, тележүргізуші, актер. Оң жамбасқа кеп жатса, әрине талантты тұншықтырмау керек. Өз басым ән шығарып, ән айтқаннан керемет әсер аламын.

Әңгіме барысы тартымды, қызықты жүрді. Ашылып, шындықпен сөйлеуге тырысқаныңызға көп рахмет! Жанкүйерлеріңіздің көкейінде жүрген сауалдарға жауап бере алдық деген оймен сұхбат барысын тәмамдаймыз. Бізден қуанышты жаңалықтарыңызды бөлісе отырыңыз.

Сұхбаттасқан:  Арайлым Талапқызы

Show More

Ұқсас жарияланымдар

Back to top button
Close