Тимур Омаров, Әнші:Жеңіске жетпесем де халықтың назарына ие болдым

IMG_0082

Тимур, Қал-жағдайыңыз қалай? Туған еліңізде қандай тірліктермен айналысып жатырсыз?

Рахмет, барлығы Аллаға шүкір.  Қазір мен өз жан дүниемнен шыққан,  яғни жеке әндерімді шығару үстіндемін.

«Қазақстан дауысы » тележобасында көпшіліктің махаббатына ие болған едіңіз. Жеңіске табан тиеп тұрып, өкінішке орай сізге бұйырмады. Десек те, өз тыңдармандарыңыз табылды.  Өз көрерменіңізді немен қуанта аласыз?

Жақын арада өнер жұлдыздарымен қала аралап концерт беру жоспарда бар. Жаңалықтарымды өзімнің жеке парақшам инстаграм желісінде хабарлайтын боламын.

«Қазақстан дауысы» жобасынан кейін өміріңізде қандай өзгерістер орын алды? Жобадағы  достарыңызбен қарым-қатынасыңыз қандай?

«Қазақстан дауысы»  жобасынан үлкен сабақ алдым.  Көпшілік тани бастады, бірінші Аллаға шүкір, екіншіден «Қазақстан дауысы» жобасына алғысымды айтамын.  Жеке бейнебаяным жарық көрді. Көптеген бағдарламаларға шықтым, өнер жолындағы аға буындарымен таныстым, қазір де Аллаға шүкір жақсы қарым- қатынастамыз.
Жобадағы достарыммен қарым-қатынасымыз аса қатты жақын деп айта алмаймын, бірақ,  хабарласып, қал- жағдайымызды білісіп  тұрамыз.

«Жобада сізді жеңіске жетуі керек еді,әділетсіз болды»  деп пікір айтқандар көп болды. Сіздің жеңіске бір қадам  жетпей қалуыңыздың себебі неде деп ойлайсыз? Өкініш болды ма?

Жобада менің жеңіске жетпеуіме ешқандай себеп болған жоқ,  ол енді Құдайдың  маңдайға жазғаны шығар.  Әрине, оған ешкандай өкініш те болмады,  керісінше  ризамын. Өйткені жеңіске жетпесемде халықтың  назарына ие болдым. Ол да бір жетістік деп білемін.

Жобадағы жетекшіңіз Алмас Кішкенбаевпен қандай қарым-қатынастасыздар? Сізді продюсер есебінде өз қамқорлығына алмауының себебі неде?

Алмас ағамен қарым- қатынасымыз Аллаға шүкір жақсы. Ол кісі жобадан соң маған бейнебаян түсіріп, өз әнін сыйға тартты. Оның сыртында  тағы басқа да  әндер жазып, ағалық  міндетін орындап, демеп жібергеніне ризамын.  Алмасты ағамдай көремін,  сондықтан да ол кісіге алғыстан басқа айтарым жоқ.

Қазір продюсеріңіз жоқ па? Ұсыныс жасаған  немесе өзіңіз ешқандай продюсердің алдына бармадыңыз ба?

Қазіргі таңда продюсерім жоқ. Себебі  қазір өз туындыларымды,  яғни әндерімді жинактап жатырмын.  Әзірше жеке өзім жұмыс жасаудамын. Продюсерлерге өзімді енді ұсынбақшымын.

Қарағанды облысы, Теміртау қаласында туған жеріңізде қаласызба, әлде өнер әлемі саналатын Алматыға бет бұрасыз ба?  

 

Негізі екі ойда болып жүрмін, нақты айта алмаймын. Астана немесе Алматы деп отырмын,  бұйыртса көре жатармыз. Бәрі де уақыт еншісінде.

 

 

Show More

Ұқсас жарияланымдар

Back to top button
Close