ЖаңалықтарКино & ТеатрТұсаукесерШоу бизнес

«Красавчики до нашей эры» картинасы көрермен көңілінен шыға алды ма?

Танымал вайнер Мейіржан Төребаев бастаған топ отандық киноөндірісті тағы бір тың туындымен толықтырды! Түсірілімнің бел ортасында ұжым қандай қедергілерге тап болған?Аталмыш картинада жүкті әйелдің образын сомдаған Сабиркин иен далада нендей қиындықты бастан өткерді? Бұл туралы Shownews.kz тілшісі толығырақ хабарлайды.

«Красавчики до нашей эры» қазақ киносының қоржынына түскен тағы бір тың туынды. Комедия жанрындағы фильмде ежелгі заман адамдарын қазақстандықтардың қазіргі тұрмыстық тілімен сөйлетеді. Басты рөлдерді белгілі вайнерлер Мейіржан Төребаев, Медет Аманбаев, Мейірхан Шерниязов сомдайды.

«Бұл фильмнің идеясы үшеуміздікі. Екі-үш жыл бұрын туған. Бірақ белгілі бір қаражат талап еткендіктен келесі жылы түсіреміз деп алып қойдық», — дейді фильмнің қоюшы-режиссері Медет Аманбаев.

Аталмыш туынды «сылқым серілер» деп аталатын 18 адамдық тайпаның өмірін суреттейді. Күні-түні сабылып ғұмыр кешкен тобыр, тамақтары таусылғанда  көрші тайпаны тонаудан басқа ештеңе бітірмейді. Алайда, кезекті қарақшылық кезінде қарсылас ұжымның тып-типыл жоғалғанын көреді. Оқиға желісі жалқаулыққа әбден еті үйренген адамдардың азапты күндерімен жалғасын табады. Дәл осы фильмнің таспалануына көп уақыт кетпеген.

«Түсірілімге 1 ай уақыт кетті. Шыны керек, сценарий жазу одан да көп мерзімді талап етті», — дейді басты рөлдердің бірін сомдайтын актер Мейірхан Шерниязов.

«Фильмді процессі өте қызық болды. Қой терісінен тігілген костюмдер, локациялардың барлығын Алматы облысының Жаркент, Шелек деген жерлерінен таптық», — деді Медет Аманбаев. 

Киноны таспалау үшін жалпы саны 120 адам жұмылдырылған,  актерлардың киімі үшін қой терісі мен басқа да материалдар қолданылыпты. Ал, түсірілім алаңы ретінде  үңгірлер мен тау-тас таңдалған. Бірақ ежелгі адамдардың өмірін суреттеу үшін сценаристер аса бас қатырмапты. Актерлардың сырт келбетін ұқсатқанымен, ойлау қабілеті, тілі осы заманға тиесілі.

«Біз орыс тілінде түсірдік. Менің ойымша, бұл фильм комедия жанрында болғандықтан, көрерменге барлығы түсінікті болу керек», — дейді режиссер Медет Аманбаев.

Кинотуындының жалпы құны 230 000 долларды құрайды. Аталмыш картинаның актерлық құрамын Дәурен Айдарқұлов, Сәбира сынды танымал вайнер толықтыра түскен. Сылқым серілердің бірінің келіншегін сомдайтын блогер бикеш, фильмге кастингсіз қабылданғанын жасырмады. Алайда, жүкті әйелдің образындағы ару үшін түсірілім оңайға соқпаған.

«Күннің ыстықтығынан жасанды ішіммен қозғалу ауырлық тудырды. Сондай-ақ, бір түсірілім алаңынан екіншісіне ауысып жүргенде, аяғымыз тікенге толып, сол жағы қатты қиынға соқты. Ал, рөлімді алып шығу жағы мәселе болмады», — дейді вайнер.

Түсірілім тобы екі сағат бойы иен даладағы қауымның тіршілігін баяндаудан әріге бармаған. Жеңіл әзілдерден жинақталған жаңа жоба, алғашқы көрермендерінің көңілінен шыға алды ма?

«Жігіттердің туындысы сияқты ешкім түсіріп жатқан жоқ. Бұл жерде әзіл болғанымен, біздің заманға дейінгі уақытты көрсету оңай іс емес. Сондықтан жігіттер мықты», — дейді Сека лақап  атымен танымал вайнер.

«Шыны керек, актерлардың ойынынан ешқандай кемшілік көрген жоқпын. Маған бәрі ұнады. Ең күлкілі жері Мейіржанның үш сөзден құралатын мәтіні бар ғой. Оны айтпай-ақ қояйын, ыңғайсыз», — деді актриса Жанель Мақажанова.

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close