ЖаңалықтаржоғарыЭксклюзивӘнші

Нұржамал Үсенбаева: Атағыңды үнемі құрметтеу керек, ол үшін еңбектену қажет

Осыдан  33 жыл  бұрын  Ғабит  Мүсіреповтың батасын  алған  Қыз  Жібек! Көрерменнің  көзайымына  айналған  Жібек! Арманы үшін  күресіп, бүгінде  əлем  сахналарын  бағындырып, қазақтың  атын  көкке  шығарып  жүрген  Төлегеннің  Жібегі. Иə, дəл  бүгінгі  бүкпесіз  əңгіменің  кейіпкері  ҚР  Халық  əртісі, опера  əншісі  Нұржамал  Үсенбаева.

Елімізде өте  ауқымды деңгейдегі EXPO 2017 Халықаралық көрмесі  өтіп  жатқаны  бəрімізге  мəлім.  Өзіңіз де  бірер  апта  бұрын ат  басын  бұрып, көріп  қайтқан  екенсіз. Қандай  əсер  қалдырды, бөлісе  отырсаңыз.

— Иə, ЕХРО көрмесіне  жолдасымыз  екеуміз  барып  көріп  келдік. Жалпы, осындай  көрмелер біздің  еліміздің  атын  əлемдік  аренаға  шығару  үшін  өте  керек. Павильондар  өте  керемет. Əсіресе, біздің  еліміздің  павильоны ғажап. Ал  өзге елдерден  Ресей  мен  неміс  халқының  павильондары  бізге  қатты  ұнады. Енді  біз  уақыттың  тығыздығына  қарай  барлығын  аралап  үлгермедік. Дегенменде, бізге керемет  əсер  сыйлады.

Елбасымыздың «болашаққа бағдар: рухани  жаңғыру» мақаласын  ұсынғаны жөнінде  хабардар  боларсыз. Осы  орайда сіздің  түсінігіңіздегі  «рухани жаңғыру» дегеніміз  не?

— Енді  мен  өнер  адамы  болғандықтан, бұл  нəрсеге  қатысым  бар  деуіме  болады. Опера  өнерін  оңай  жанр  деп  айта  алмаймын. Бірақ  адамның көңілі  мен  қызығушылығы болса  ол əрине түсінеді. Егер  адам  бірінші  келген  сəтінде  театр  ұнаса, онда  əрі  қарай келе  береді. Опера  əншісі болғандықтан, операның  деңгейінің  өте  жоғары  екенін  айта  аламын. Ал, менің  түсінігімде рухани жаңғыру  дегеніміз ішкі  əлеміңнің таза болуы, мəдениеттің  жоғары  болуы, музыканы, театрды  жалпы  өнерді  сүю.

Осы мақала барысында  «100 есім» деген  бағдарлама  бар. Сіздің  əлем  бойынша 21- адам  болып  «Golden  Europe» иегері  атанғаныңыз  көпшілікке  мəлім. Осы  100 есімнің  арасына  өзіңізді  лайықтымын  деп  ойлайсыз  ба?

— Əкем  маған: » атағыңды,  беделіңді үнемі  құрметте. Ол үшін  тек  қана  өз  күшіңмен  еңбектен. Жұмысыңды  қуанышпен  жаса. Сонда  оның  оң  нәтижесі болады. Ешкімге  өкпелемей  жұмысыңды  қуанышпен  атқар»- деп өсиетін  айтқан  болатын. Сен  өскен  сайын, əрбір  атаққа ие болған  сайын, сол  атаққа  лайық  болу  керексің. Сондықтан, қазір  өзімнің  жақсы көретін жұмысымды  қолымнан  келгенше еңбектеніп  атқарып  жүрмін. Ал  бағаны  халық  береді.

Өнер жұлдыздарының арасында  мектеп  ашып, шəкірт  тəрбиелеу  сəнге  айналып  бара  жатыр  десек  болатын  шығар. Осыдан  1-2  жыл  бұрынғы  сұхбаттарыңызда уақытыңыздың  тығыздығын  тілге  тиек  етсеңіз,  қазір  неге шəкірт  тəрбиелемеске?

— Үлкен  мектепті  ашу  үшін  қаражат  қажет. Қазір  Шымкентте «Нұржамал  Үсенбаева шақырады» деген  фестивальді өткізгелі жатырмын. Алдағы  уақытта  дəстүрге  айналады  деп  сенемін. Себебі, мені  облыс  басшылары  қолдап  отыр. Бұл  деген  менің  өз  туған  жеріме  деген парызым, міндетім.  Бұл  фестивальге  өзге  шет  мемлекеттерден  əріптестерімді  де  шақырамын. Ал, сабақ  беру жөнінде менде мақсат  бар. Өзімнің  көргенім  мен  білмегенімді  жастарға  үйреткім келеді. Қазіргі  уақытта  тағы  да  уақыт  тығыз. Бірақ  болашақта  жоспарда  бар.

Динара деген əпкеңіздің  де əнге  деген  қызығушылығы бар  екен. Қазір сахнаға  ағалы-інілі, əпкелі-сіңлілі  болып  шығып  жатқандар  бар  ғой. Неге  сіз  де əпкеңізбен  дуэт  айтып  шықпасқа?

— Біздің  отбасымызда  барлығы əнге құмар. Тек  қана  Динара əпкем  ғана емес, аға-інілерілерімнің, сіңлілерімнің де  дауыстары  керемет. Музыка  мектебінде  оқығандықтан  да болар, өнерге  əрқайсысымыздың  махаббатымыз  ерекше. Алайда, отбасымызда  өнер  саласын  мен  ғана  таңдадым.  Сахнаға  шығуға келер  болсақ,  олар өнерді  жақсы  көргенімен,  профессионал  емес.

Біздің елімізде  опера  өнерінің  жанкүйерлері  басқа  салалармен  соның  ішінде  эстрадамен  салыстырғанда  қаншалықты деңгейде?

— Мен  эстрада  жанры  бойынша  да  əн  салып  жүрмін. Қазір  осы  айдың  22 жұлдызында  «Сағындырған əндер-ай» концертіне  үлкен  қуанышпен  қатысқалы  жатырмын. Осы  концертке  баяғыдан қатысып  жүрмін. Алдыңғы  жылы  Сәкен  Майғазиевпен  керемет  дуэт  орындап  шықтық. Маған  бұл  жоба  өте  ұнайды. Осы  ретте  Майра  Ильясоваға  ризашылығымды  білдіргім  келеді. Ал, жанкүйерлеріме  келер  болсам, менің  концерттеріме, спектакльдеріме  мені  қолдап келетін  жандар  бар. Көпшілігі  мен  арқылы  осы  опера  өнерін жақсы  көріп, сүйіп  қалғандығын, тіпті  осы  өнерге  мен  арқылы  қадам  басқандықтарын  айтып  жатады. Қазір  олардың  арасында  үлкен  деңгейдегі  артистер  де  бар. Мысалы, Дина Хамзина. Ол маған: » тек  қана  сізді  сахнадан  көріп, операға  ғашық  болғам»- деп  өзінің  осы  қадамын  айтып  жүреді. Өзі  қазіргі таңда  опера  жұлдызы.

Сабина  атты  жанкүйерімен  қойылымнан  соң

 

Өзге салаларда өзіңізді  байқап  көретін  ойыңыз  бар  ма?

— Мен  үшін  ең  бастысы — музыка. Сондықтан, басқа  жұмыстар  туралы  ойлаған  жоқпын.

Өмір жолыңызда өзіңізге  сабақ  болған сəттеріңізді  айтып  бере  аласыз  ба?

— Əрбір  адамның  өмірінде  қиындықтар  болады, əрине. Бірақ  мен  сол  қиындықтарды  еске  сақтамаймын. Сезімтал  адам  болғандықтан, əрі  музыкамен  айналысқандықтан  ұмытылып  кетіп  жатады.

 Отбасыңызда дəстүрге айналған  дүниелер бар  ма?

— Біз  күнделікті  жолдасымыз  екеуміз  жүгіреміз. Көп  серуендеп, жаяу  жүреміз. Бұл  денсаулыққа өте  пайдалы. Сондықтан, мұны  отбасымызда  дəстүрге  айналған  дүние  деп  айта  аламын.

Шығармашылығыңыздағы  жаңалықтарға  тоқталсақ.

— Қыркүйек  айында  Үндістанның  Мумбай  қаласында  Карл Дженкинс атты  ағылшын композиторының  концерті болмақ. Сол  концертте  осы  композитордың  шығармаларын  орындаймын. Əлемге  əйгілі  композитордың кешінде  əн  айту  мен  үшін  үлкен  мәртебе. Қазір  дайындық  жұмыстары жүріп  жатыр. Одан  соң Қазан  қаласында  Татарстанның  филормониялық концертінде  маусымның  ашылуына  қатысамын. Қазан  айында  да  Астана  қаласында  жеке  концертім  бар. Жалпы, жоспарлар өте  көп.

Сұхбатыңызға рақмет! Өнердің биік шыңдарынан көріне беруіңізге тілектеспіз.

Сұхбаттасқан  Ақмарал  Жұмабек

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close