МузыкаСұхбаттарӘнші

Әбдіжаппар Әлқожа,Әнші:Үйленгенім рас

0Q8lRFiA0ms

Көпшілікті шулатып жатқан тақырып, сізді отбасын құрды деп жатыр. Растайсыз ба? Той қай қалада өтті?

Отбасын құрғанымды өзім де жария еттім,  Айтуға оңай бағдаралмасында. Роза әпкем де ғаламтор желісінде бақыт тілеп, құттықтап жазған болатын. Әрбір мұсылман баласы балиғат жасқа жеткеннен кейін баласын үйлендіру ата-ананың парызы. Шариғаттың өзінде  «Балаңның күнә жасауды бастағанын білсең, ата-ана ретінде балаңды үйлендіруге борыштарсың» деп айтылған. Біліп жүріп, дер кезінде үйлендірмесе баласының жасап жүрген күнәсі ата-анасына жазылады делінген. Ислам дінін ұстанғаннан кейін Аллахтың құлы, мұсылман баласы, ата-анамыздың сүйген ұлы болғаннан кейін мен де ата-анамды қуанту үшін, келін түсіріп, әулетімізде туыс- туғанды қуаныш-тойға жинап Шымкент қаласында тойымызды өткіздік. Адал жарым болатындай қылықты қызды кезіктірген соң, шағын мемлекетімді, өз отбасымды құруға еш ойланбастан шешім қабылдадым. Бойдақ жігіттің әйтеуір бір үйленері хақ қой. Менің үйленіп, отбасын құрғаным өнеріме еш кедергісі, қатысы жоқ. Ол менің жеке өмірім ғой.

 Жарыңыз қай қылығымен сізді баурап алды? Қай елге күйеу бала болдыңыз?  

Шығыс Қазақстан облысына күйеу болдым. Жарымның ең бірінші мінезі жайлы болды. Әдебі мен әдемілігі, маған деген көзқарасы мен сый-құрметі ерекше болды.

Отбасылық өмірдің жауапкершілігі мол. Қазақтың санын көбейтіп, иманды ұрпақ тәрбиелеуге дайынсыз ба?

Ең басты қағидамыз да сол артымыздан ерген, иманды ұрпақты тәрбиелеу. Ата-анамызға тәтті немере сыйлап, салиқалы, өзіміздің артымыздан ілесетін тай құлынымыз, ұрпағымыз болса деген ниет. Пайғамбарымыз  бойдақ жігітке қарағанда, үйленіп, ұрпақ таратқан жігіттің несібесі мол, Аллахтың назарында болады деген. Біз пенделер Аллах тағаланың несібесі мен ризығын алу үшін әрекеттенеміз. Осы өмірде біздің жасаған жақсы амалымыз келер ұрпағымыздың болашағы жарқын, салиқалы ұрпақтың өсіп-өнуіне себепкер боламыз. Өнер әлемінде жүрген соң халыққа дұрыс, пайдалы дүние ұсынуға тырысамыз. Бізді көріп, тыңдап өскен ұрпағымыз да Алланың берген дарынымен елге пайдасы тиіетін, дұрыс жүріп-тұратын иманды ұрпақ болса екен деген үлкен арманымыз бар. Алла сол күнге жетуге нәсіп етсін.

Шариғатты жатқа айтып,Аллахтың алдындағы парызыңыз бен міндетіңізді жақсы түсініп отырсыз.  Өзіңіз Аллахтың парызын қаншалықты орындап жүрсіз?

Рамазан айында Аллахтың пенде баласына берген нығыметі мол, әрине түсінген жанға. Ораза ұстап, парызымды өтеп жүргенімді жасырмаймын. Аллахтың разылығы үшін ауыз бекітіп, ораза түтқан барша мұсылмандарға оразаларыңыз қабыл болып, Аллах ниеттеріңізді қабыл етсін деген тілек айтқым келеді. Ал, Аллахтың алдындағы қалған амалдарымды жария еткім келмейді. Жасырын жасалған жақсы амалдың сауабы да мол. Әр адам Аллахтың алдында амалын өзі үшін жасайды, сондықтан да жарнамалағаным жөн болмас.

Енді шығармашылығыңға қатысты әңгімелессек. Не жаңалықтар болып жатыр? Тыңдармандарыңызды немен қуанта аласыз?

Соңғы шыққан «Мадам» әнім болды, одан кейін осы рамазан айында Шерхан Мұратұлы әнші бауырым өнерге өзіміз сияқты енді қадам басып келе жатқан, елдің ақ батасын алсақ деп жүрген жігіттердің бірі. Сол бауырыммен «Қасиетті ораза» атты Гүлнұр Шәмшиева әпкеміздің әнін елге тарту еттік. Ән әсерлі, халықтың жүрегінен орын алды деп білеміз. Шілде айының аяғына таман Солтүстік елді мекені Қостанай, Торғай өңірлеріне  өнердегі үзенгілес бауырым Нұрболат Абдуллин екеуміз концерттік бағдарламамызбен ән сапарға аттанғалы отырмыз.

Жақында шыққан «Мадам» атты әніңіз жастардың арасында кеңінен тарап жүр.Әннің сөзін өзіңіз жазды деп естідік. Осы әзіл әніңізге бейнебаян қажет сияқты…

Әннің бастапқы шығуына өзім себепкер болдым десем болады. Жастарға көңіл-күй сыйлайтын, кейбір адасқан қыздарымызға ағалық айтар ақылымыз болсын деген ниеттен туған. Негізі сөзін бастап, ұйқастырып берген Бақдәулет Арыстан деген ақын бауырымыз болатын, кейін өзім біраз өзгертулер енгіздім.

Отбасын құрғаныңызды естіп, қыздар ренжіп, мазалап жатқан жоқ па? Жұлдыздар әлемі инстаграмдағы парақшамызға «туффф » «үйленбей жүре тұрмай ма?»  деген сияқты пікірлер жазылған болатын.

Біздің қазақтың қыздары саналы, өресі биік, тәрбие көрген. Менің тыңдармандарым менің шынайы әнімді,өнерімді бағалайды. Мені үйленді екен деп мені тыңдамай кеткен жандар жөнінде естімедім.

Сізді түрік әншісі Тарканмен дуэт орындағалы жатыр деген  сыбыстар бар. Қай уақытқа жоспарлап отырсыздар? Келісім- шар толығымен бекітілді ме?

Көктем мезгілінің аяғында түрік елінің жарық жұлдызы Тарканмен дуэт орындауға менің дос құрбым ой салған болатын. Тарканның администраторларына  ұсыныс жасалды, Тарканның күз айларына дейін барлық уақыты концерттермен бекітілген екен. Нақты күз айында шешіледі.

Сәттілік тілейміз! Ниет еткен оразаңыз қабыл болсын!

Сұхбаттасқан: Арайлым Талапқызы

Show More

Ұқсас жарияланымдар

Back to top button
Close