Басты жаңалықтарСұхбаттар

Әли ОҚАПОВ: «Анамның етегіне жармасып өскен бала емеспін

— Әли, бір кездері «Слэнг» тобында ән айтып танылған едіңіз. Кейіннен сізді ірі байқаулардан көре бастадық. Содан бері жеке шығармашылығыңызға мықтап кіріскен сияқтысыз. Бүгінде оқырманмен бөлісер қандай жаңалығыңыз бар?

– Шығармашылығымда жаңалық өте көп. Әлі ешкім ести қоймаған үш әнім дайын тұр. Бүгінде төртіншісін жаздыру үстіндемін. Үшеуі ырғақты, биге арналса, төртіншісі халық әні болмақ. Одан басқа ауыз толтырып айтар жаңалығым, бұйыртса, алғашқы жеке бейнеклипімді түсіргелі жатырмын. Қазір жас қыз-жігіттер арасында кастинг өткізіп, соның жұмыстарымен ары-бері шапқылап жүрген жайым бар. Оның әнін өзім жазып, сөзін Ибрагим Иса ағамызға жаздырдым. Бір айта кететіні, бұл ән «Жұлдыздар фабрикасының» ақтық мәресіне екі-үш күн қалғанда дүниеге келген. Өкінішке қарай, байқауда орындаудың сәті түспеді.

Тағы бір жаңалығым, «FOX Band» атты жеке топ құрдым. Жанды дауыста әртүрлі бағыттағы әндерді айтамыз. Менімен қоса, бэк-вокалда Малика, Зарина атты қыздар өнер көрсетеді. Дегенмен осы сөзіме қарап, топпен ғана шектеліп қалады деп ойламаңыз. Мен жеке шығармашылығымды бірінші кезекке қоямын.

– Өнер жолында анаңыздың қаншалықты көмегі бар? Мәселен, ән, сахналық костюм таңдауда?

– Қандай ән айтып, қандай сазгермен жұмыс істейтінімді, сахнаға қандай костюм киіп шығатынымды өзім шешемін. Өйткені өнер жолында үлкен мектептен өттім десем қателеспейтін шығармын. Анамның құрсағында жатқаннан сахнада келе жатырмын, ол жағынан аз да болса көрген-білгенім бар. Сондықтан анамнан сұрап, қасынан қалмай, етегіне жармасып өскен бала емеспін. Тым өзімшілмін, өз білгенімді ғана жасаймын деп те айтпаймын.

Ән дайын болған соң анама көрсетіп, пікірін сұраймын. Ән орындауда қате жіберсем, айтылған сынды ескеремін. Ал күнделікті кешкілік дастарқан басына жиналғанда бүгінгі күннің қалай өткенін әңгіме етіп, келер күннің жос­парымен бөлісіп отырамын.

– Ән таңдауда, өңдеуде өзіңізге өзіңіз қожа екенсіз. Бәлкім, бұған музыкалық отбасында дүниеге келгеніңізбен бірге музыкалық білімнің де пайдасы тиген шығар?

– Иә, әрине. Өйткені мен көптеген әншілер сияқты әнді тыңдап, жаттап алып айта салмаймын. Әнді өзім жазамын, өңделуін, орындалуын қадағалаймын. Топтағы менен өзге қыз-жігіттердің арнайы музыкалық білімдері жоқ. Сондықтан продюсермен, аранжировщиктермен жұмыс істеуде, ән жазуда өзіме ғана сүйенемін. Тағы бір айта кетерлігі, бүгінде Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының вокал факультетінде білім алудамын. Толқын Забированың шәкіртімін.

– Кейінгі кезде жылдам есейіп кеткен сияқтысыз. Бұған әкеңіздің өмірден ерте өткенінің әсері болды ма?

– Рас айтасыз, «Әкеге қарап ұл өсер» деп бекер айтылмаса керек. Амал бар ма, тағдыр әкемнен ерте айырды. Әкем өмірден өткенде, мен небәрі тоғыз жасар ойын баласы едім. Үш айдан кейін інім Мәди дүниеге келді. Сондықтан үй көрмей, дала кезіп, ойын қуып өскен бала емеспін. Өмір өзі-ақ ерте есейтеді екен. Маған да ерте ер жетіп, анама көмектесіп, Мәдиге қарау керек болды. Ал анамның жұмысы тоқтаған жоқ, концерттер, гастрольдер. Сондайда ініме қарап, үй тазалап, кір жуу менің мойныма жүктелетін. Оған еш намыстанбаймын. Құдайға шүкір, ешкімге күніміз қараған жоқ. Ез емес, ер боп өстім. Міне, содан бері әкемнен қалған қара шаңырақтың иесі, анам мен бауырымның қамқоршысымын деп ойлаймын.

МАХАББАТТЫ ОЙЛАУҒА УАҚЫТ ЖОҚ

Әли Оқапов2

– Ініңіз Мәдидің алдында өзіңізді аға ретінде ұстайсыз ба?

– Мәди қазір 12 жаста. Менің жолымды қуып, Күләш Байсейітова атындағы музыкалық мектепте білім алуда. Мамандығы – пианист. Әзірге талпынысы жаман емес, тек болашақта ән айта ма, жоқ па білмеймін. Егер әнші боламын десе, көмектесеміз. Өйткені мен оған бауыры, үлкен ағасы ретінде ғана емес әкесі ретінде де қараймын. Шыны керек, кейде сабағын қарауға уақыт болмай қалады. Сондайда ішім удай ашиды, ренжігенін көрмесем деймін. Өйткені ол туғаннан әкесін көрмеді. Ал бала үшін әкенің орны бөлек қой. Сондықтан мүмкіндігімше әкемнің орнын жоқтатқым келмейді.

– Анаңызбен ашық әңгімелесесіз бе? Мәселен, махаббат мәселесі жөнінде…

– Жоқ. Біздің шаңырақта мұндай тақырыпта әңгіме болған емес. Қазір ғашық болып, махаббатты ойлауға уақыт та жоқ. Шыны керек, әр нәрсені бір сұрап анамның мазасын алатын бала емеспін. Егер көңіл-күйім жоқ болса, өзі сезіп, неліктен мазасызданып жүргенімді сұрайды. Мүмкіндігінше анама кедергі болғым келмейді. Менсіз де шару­алары жетерлік.

ЕКІ РЕТ ОТА ЖАСАТТЫМ

– Жұрт сізді Қазақстан эстрадасының примадоннасы Роза Рымбаеваның ұлы болғаныңызға қарап, төрт құбыласы түгел, уайымы жоқ, не ішем, не кием демейтін жігіт деп ойлайды. Расында, анаңыз сіздің тілегіңізді екі етпей орындай ма? Әлде Роза апай бұл жағынан қатал ма?

– Сырттай көрген адамдардың барлығы солай ойлайтыны сөзсіз. Бірақ көпшілік мұның расында да солай еместігін қайдан білсін?! Мені көрген адамдар алдымен Роза Рымбаеваның ұлы, содан кейін ғана Әли Оқапов деп қабылдайды. Өмір бойы осылай боп қала ма, жоқ па білмеймін. Өзіме салса, өз атымды шығару үшін аз тер төгіп жатқан жоқпын. Ал анам менің байдың ерке балалары сияқты өспеуімді қадағалады. Дұрыс жолға сала білді. Қай ана іштен шыққан баласын жамандыққа қисын?! Қанаттыға қақтырып, тұмсықтыға шоқытқан жоқ. Өзі қарапайым отбасында туып-өскен соң, әр нәрсенің құнын, бағасын білуді менің де бойыма сіңіре білді.

– Менің ойымша, сіз анау-мынау қызға сөз де, көз де салмайтын сияқтысыз. Дегенмен жүрегіңізде сезім ұшқынын тұтатқан ару болды ма?

– Дәл қазір жоқ. Өйткені бар ойым қызда емес, шығармашылығымда. Ал, бұған дейінгі сезімімді бала махаббат деп ойлаймын.

– Болашақ жарыңызға қатысты анаңыздың қойған талаптары бар ма? Өзіңіздің ше?

– Жоқ. Көп жағдайда анама иық артпай, мәселені өзім шешкенді ұнатамын. Жиырмаға келсем де, анам үшін әлі баламын. Оның үстіне отбасын құруға, бала сүюге әлі ерте. Шамамен 25-26 жасқа келгенде ғана шаңырақ көтеру жағын ойлана бастайтын шығармын. Менің түсінігімде, ер-азамат отбасын өзі асырауы керек. Ал дәл қазір үйленсем, анамның мойнына отырып алуым айдан анық. Енді қыз мәселесіне келсек, бірінші кезекте адамгершілігі мен тәрбиесі дұрыс болуы керек. Қазақы отбасында ата-ананың тәрбиесін көріп өскен қыз жар болу, бала тәрбиелеу, үй тірлігі болсын, барлық жағынан епті болады деп ойлаймын.

– Енді шығармашылығыңызға қарай ойыссақ, «Жұлдыздар фабрикасы» байқауына қатысып, тәжірибе жинадыңыз, шыңдалып, кәсіби тұрғыдан өскен сияқтысыз. Сіздіңше, байқаудың өзіңізге пайдасы болды ма?

– Бұл байқау маған үлкен мектеп болды. Кәсіби мамандардан дәріс алдым, шыңдалдым десем болады. Атап айтсам, Байғали Серкебаевпен жұмыс істеу өте ұнады. Көптеген нөмірлерде өзім фортепианода ойнап, көмектестім. Биден дәріс берген Алена Ким биді алдымен маған үйретіп, содан соң мен үйренгенімді басқа қыз-жігіттерге үйрететінмін. Бір өкініштісі, байқауға жеке әнші ретінде емес топпен қатыстым. Осыдан өзіңіз қорытынды жасай беріңіз. Дәулет Болатов «Әгугай», Батыржан Тазабеков «Назқоңыр» әндерін орындаса, менің топпен орындаған бірде-бір әнім халықтың жадында қалмаған. Тағы бір айтайын дегенім, әңгімелескендердің көбісі «орын алмағаныңа өкінбейсің бе?» деп сұрайды. Әрине, өкінбеймін. Біріншіден, дәл сол кезде ауырып, екі рет ота жасаттым. Екіншіден, «Жұлдыздар фабрикасы» басталғаннан-ақ «анасының арқасында қатысып жүр, сатып алған» деген әңгімелер гулеп кетті. Ал жүлделі орынға ие болып жатсам, көпшіліктің күмәнмен қарап, жай жатпасы белгілі ғой.

ЖҰЛДЫЗДАР ОТБАСЫ

Дереккөз: anyzadam.kz

Show More

Ұқсас жарияланымдар

Back to top button
Close