Басты жаңалықтаржоғарыСұхбаттар

Гүлназ Ауданбаева: Бала асырап алғым келген еді, бірақ…

Гүлназ, сәлеметсіз бе! Сұхбатымызды жас медиадан бастасақ, яғни журналист Санди Сұлтан екеуіңіз еліміздің бірнеше қалаларында тренинг өткізіп жүрсіздер. Бұл тренингтің мақсаты қандай?

 Санди Сұлтан екеуміз медиатренер болып, еліміздің біраз қалаларын араладық. Бұл “Жастар конгрес” – деген ұйымның ұйымдастыруымен өтіп жатқан байқау. Жас журналистерге тегін тренинг өткізіп, оларға тегін білім береміз. Өңірден 30 адам қатысады, олар эссе жазып, 30 адамның тізіміне ілігеді. Сол 30 оқушыға біз тәжірбиемізді бөлісеміз. Олар сюжет жасап, мақала жазып, өздерін барынша көрсетеді. 30 оқушының ең үздік 5 оқушысына Астанаға жолдама беріледі. Сол үздіктер желтоқсан айында өтетін үлкен форумға қатысатын болады. Біздің тренингтен кейін, мектептер ашылып жатыр. Мысалы жақында ғана біз кететін күні Шымкент қаласында медиамектеп ашылатын болды, біз әрине сол үшін өте қуаныштымыз.

Ұлттық арнадан да, елордадан да кеттіңіз. Алматыға келгеніңізге көп болды ма?

 Алматыға келгеніме 7 айдай болып қалды, қазіргі таңда “ Еуразия бірінші арнасында”  ”Әйел сыры” — атты бағдарламаны жүргізіп жүрмін. Алматыға келгелі өнер адамдарының ортасына түстім, бұрын саясаткерлермен көп сөйлесетін едім. Ал қазіргі ортам – өнер ордасына айналды десем болады. Байқағанымдай, өнер адамдарының көпшілігі дін жолында жүрген, бес уақыт намазын оқып жүрген адамдар  екен. Өнер адамдарының сонысы мені қатты қуантты. Өнер жолы ауыр жол ғой. Осы ауыр жолда мінезді шыңдауға, өз-өзіңді дұрыс ұстауға иман көмекке келеді.

 Қазақстандағы жаңа медиаодақтың негізін қалаушыларының бірі Арманжан Байтасов “журналист” мамандығын оқудың қажеті жоқ деген пікір қалдырған болатын. Әріптесіңіз Дина Төлепберген де дәл осындай пікір айтқан еді. Бұл жайында сіздің пікіріңіз қандай? Расымен, мүмкін бізге “журналист” мамандығын оқудың қажеті жоқ шығар?! Қателеспесем, сіздің де мамандығыңыз “журналист” емес.

Журналистика факультетін жабу емес күшейту керек. Мен əріптестерімнің ойын түсініп отырмын. Сапалы кадр жоқ деген ой ғой. Ендеше оқу бағдарламасына инновация керек. Мысалы журфак бітіріп келген талай адамды көрдім. Телевидениеде бəрін басынан бастап оқып-үйренеді. Көздері бақырайып ненің не екенін білмей тұрады. Бұл ол жақта теория оқығанның кесірі. Əрине, қаншама жылдық тəжірибесі бар мамандар сабақ береді. Дегенмен біз секілді БАҚ саласында еңбек еткен практик мамандарды да сабақ беруге шақыру керек. Мастер-классты кəдімгі оқу бағдарламасына енгізу керек. Мен ағылшын тілінің мұғалімі мамандығымен телевидениеге келіп бəрін басынан үйрендім. Журфак оқымасам да өзімді кəсіби журналист деп атай аламын. Ал, негізі журналистика — ол диплом емес, ол — жүрек пен талант. Егін егіп жүрген шаруаның да таланты болса одан үш айда керемет журналист дайындап шығуға болады.

 Ал енді Оңтүстік астана туралы сөз қозғасақ. Алматы сізге ұнап жатыр ма?

 Шығармашылықпен айналысуға Алматы қаласы ыңғайлы екен, Алматының адамдары адаммен араласуы Астанаға қарағанда басқаша екен. Астанада шенеуніктер қаласы, бейресми атауы да солай соған сай шығармашылық адамдары да солай өздерін бір рамкамен ұстап, белгілі бір тәртіппен жүруге машықтанған, елорданың атмосферасы сондай.  Ал Алматы қаласы әу бастан шығармашылық орта, осы тұрғыда айырмашылығы бар.

 Өнер деп жатсыз, жұлдыздар әлеміне сүңгіп кету қиын бе екен? Қазір өзіңіз көріп жүрсіз ғой?!

 Өнер ордасына келіп бұл жолдың ерекшеліктерін байқап жатырмын. Əрине бұл ортаға сіңіп кету мен үшін аса қиын болған жоқ. Телевидениеде жүргесін менің жаным да шығармашылыққа жақын ғой. Бірақ бір қауіпті құбылысты байқадым. Мен Америка ашып жатқаным жоқ, бірақ бұрын мұндай нəрселерді ара-арасында көріп-естуші едік. Ал, өнер саласында бұл құбылысқа айналған. Жастардың көбі танылу үшін неге болса да дайын секілді. Өнер адамдарынан жастар туралы осындай жайттарды жиі естимін. Олар өз күштеріне сенбей ме, əлде еңбектенгісі келмей ме? Мен іні-сіңлілеріме осы тұрғыда өзімнің басымнан өткен жағдайды айтып бір кеңес берсем деймін. Мысалы, жақында кино туралы сөз болған кездесуге барғанда бір ел ағасының жасындағы адам маған жақсы рольді алудың жолын «намекпен» жеткізді. Жеке кездесуге шақырды. Мен ол кісініе ойын түсінгесін «аға, сіз мені дұрыс түсінбеген сияқтысыз» деп орнына қойдым. «Ондай киноңызға түспей-ақ қойдым» деген сыңайымды түсінді. Содан кейін өзі де жоқ болды. Барлық нəрсе адамның өзіне байланысты. Ия, мен де киноға түскім келеді, бірақ өз талантыммен. Егер лайық болсам бір күні түсермін. Жалпы, еңбекпен өз жолыңда табысқа жетуге болатынына сеніңіз. Мысалы, ешкімнен асып кетпесем де,бүгінгі барыма Алланың берген талабы мен еңбегімен жеттім деп толық айта аламын. Ендеше сіз де жетесіз.

Гүлназ, өнерді де, басқаны да айтып жатырмыз. Дегенмен де маған ғана емес, көпшілігіне сіздің жеке өміріңіз қызық. Сол туралы айтып өтсеңіз.

Жеке өмір ол – жеке өмір болып қалуы керек деп есептеймін. Сондықтан ол тақырыпты қозғамай ақ қойсақ дұрыс болар.

Жарайды, ал әлеуметтік желідегі парақшаңызға сәбилердің суреттерін, видеоларын жиі саласыз. Сәби сүйгіңіз келмей ме?

Бала сүю əрине жан-дүниесі дұрыс əрбір əйелдің арманы. Сұрағыңызға орай, мына жағдайды айтсам болатын шығар. Қанша дегенмен біраз уақыт өтті ғой. Осыдан 1 жылға жуық уақыт бұрын мен бала асырап алсам деп шешімге келіп балалар үйіне хабарластым. Бірақ бұл ана бола алмаймын деген сөз емес, дұрыс түсінерсіз. Шүкір, жоғарыдан бұйрық келгенде ана боламын деген үмітім бар. Бəрінің өз уақыты болады. Бірақ мен сол сəтте өзімнің бойымдағы аналық махаббатты бір сəбиге бергім келді. Жетімдер үйінде жəудіреген көздер көз алдыма келді. Ұзақ ойланып сондай шешім қабылдадым. Бірақ маған телефон арқылы жауап берген балалар үйінің маманы менің көңілімді суытып жіберді. Ол адам «сіз баланы тек 2 жылға жуық уақыттан соң бір-ақ аласыз егер алсаңыз» деді. Айтуынша, Астананың өзінде 3 мыңдай ата-ана кезекте тұр екен. Маған кезек жеткенше 2 жылдай уақыт өтеді екен. «Ал жақсы, онда балаларға барып кездесіп жүрсем бола ма оған дейін» десем «болмайды» деді. Ол үшін документ жинайсыз, акиматқа барасыз, базаға енесіз т.б. деп көбейтіп жіберді. «Бала асырап аламын» деген шешімнің өзі оңайлықпен келмейтін дүние. Ол өте нəзік дүние. Сондай жағдайдағы адамның көңілін су сепкендей басатын жайттарды естігенде бұл нəзік əлемнің быт-шыты шығады. Біздің еліміздегі бұл система өте қолайсыз. 2 жылда неше түрлі жағдай өтеді бастан. Ал егер осы меселені 2 айда шешетін жүйе енгізілсе қанша бала өз отбасын табар еді. Баламен кездесуге болмайды дегеннің заңсыз екенін мен жақында білдім. Заң бойынша тиым салынбаған екен. Ендеше менің түсінгенім балалар үйлерінің өздері баланы асырауға беруге құлықсыз сияқты. Өйткені кейін тура менің сөздерімді қайталаған бірнеше адамның əңгімесін естідім. Олар да 2 жыл дегесін райларынан қайтып қалған. Сондықтан ұзын-сонар кезекті жылжытатын өзгеріс керек. Егер бала асырап алам деген ниет келген сəтте баланы көрсетіп арамызды жақындатса, балаға бауыр басып қалар едім. Ал көрсетпей жолатпағасын жəне екі жыл дегесін адам ойланып қалады. Оның қасында мысық асырап алудың өзіне кəдімгідей ойланасың. Мысалы балалар үйіне жыл сайын бір бала үшін 2 миллион теңге ақша бөлінеді екен. Бұл ақшаны сол кезекті жылжыту жүйесін жақсарту үшін жұмсаған тиімдірек болар еді. Қанша ата-ана мен бала бір-біріне жете алмай зарығып отыр. Мен бұл жағдайды бір жылдай уақыт өткесін реті келгенде айтып отырмын. Қолымнан келмегесін. Егер қолымнан келіп бала асырап алсам бұл туралы тіс жармас едім.

Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Ғалымжан Сәңкібаев


Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close