Серік Сәпиев: «Ойланбай бокстасу –ол жай төбелесу»

Серік Сәпиев туралы алғаш рет 2004 жылы айтыла бастады, ҚР ЦСКА клубының абыройын қорғап жүрген Серік сол жылы АҚШ-та әскери қызметшілер арасында өткен әлем чемпионатында жеңіске жетті.

Серик Сапиев2

Келесі жылы ол Қытайдың Мяньянь қаласында әлем чемпионы атанды. Ал екі жылдан кейін Чикагода ол Қазақстанның қазіргі бокс тарихындағы алғашқы екі дүркін әлем чемпионы болды. Ең үлкен сәтсіздікке спортшы 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында ұшырады, жартылай финалға жете алмай қалды. 2010 жылы боксшы Қазақстан чемпионатында үшінші орын алды, жартылай финалда жеңіліске ұшырады. Сонда кейбіреулер «Серіктің күші сарқылды, оны құрамадан шығара беру керек» дегенді айтқан болатын. Жаттықтырушылар боксшыны құрамада сақтап қалды, және кейін Серік әлі бабында екенін көрсетті. 2012 жылы Лондон Олимпиадасында Серік алтыннан алқа тақты. Бірақ дәл сол жылы Серік бокстан кетті. Бірақ бокстан кеткенімен, спорттан алыс кеткен жоқ.

Балалық шағы туралы

– Бес жасымнан бәрі есімде. Өте тынымсыз бала болатынмын. Достарыммен шатырдан шатыр, жертөледен жертөле қоймай аралайтынбыз. Бірақ топ-топ болып төбелесуге қатыспаппын. «Мәселенің бәрін» сөзбен шешетінбіз. Балалар болып жиналып, қызылкеңірдек болып кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін дәлелдейтінбіз, бірақ ол әңгіме төбелеске ұласқан емес.

Бокс туралы

– Боксқа дейін мен басқа да түрлі секцияларға қатыстым: шахмат пен дойбыға, футболға, баскетболға… Мен он жасқа, ағам он екі жасқа келгенде, әкем екеумізді боксқа алып келді. Анам менің әуесіме байсалды қарайтын, бірақ о баста ол кісі менің кәсіпқой спортшы болуымды қалаған жоқ. Мектепті бітіргеннен кейін бокспен күн көруге болатынын түсіндім және басқа кәсіпті үйренуді ойланған жоқпын. Бокс менің өміріме айналды. Бокстан кетсем де жігіттермен араласып тұрамын, жаттығуға барамын.

Орындалмаған армандар туралы

– Жеті-сегіз жасымда болса керек, шахтер болуға сәл-ақ қалдым. Достарыммен бірге шахтаға түстік, бірақ бізді үлкендер ұстап алды. Шахтаның қызметкерлері біздің аты-жөнімізді жазып алды да, келесі күні таңғы сағат бестерде жұмысқа келуге шақырды. Біз соған шынымен сеніп қалдық….

Достық туралы

– Жан достарым аз, барлық адамдардағыдай. Мен үшін достық — адамға сену, ашылып сыр ақтару. Мен негізі ашық мінездімін, адамдармен тез тіл табысамын. Адамдардан қатты көңілім қалған кездерім болған емес. Біреулер қателік жасаған кездер болды, мен оларды түсінуге тырыстым.

Қарсыластар туралы

– Жекпе-жек кезінде қарсыластарымды қатты жек көрген, ашуланған немесе ызалған адам емеспін. Бәселестік болатын, ол рас. Рингте теріс пиғылға орын болмауы керек. Рингтен тыс жерде мен көптеген қарсыластарыммен достық қарым-қатынастамын. Ринг адамдарды жақындастырады деп айтар едім. Яғни, сен адаммен қолғап түйістірсең, сен онымен жақын болып кетесің. Неге екенін білмеймін, психология солай шығар.

Балалар туралы

– Бала-шағамның көп болғанын қалаймын. Баланың көп болғаны жақсы. Бұл тілектің қайдан пайда болғаны белгісіз. Мүмкін, менің өз отбасымда тқрт бала өскендіктен болар. Балаларымның азамат болып өскенін көру мен үшін нағыз бақыт!

Жаңа жұмыс туралы

– Қазақстанның бокс федерациясында атқарып жатқан қазіргі қызметіме ризамын. Бұл мен үшін жаңа тәжірибе. Өмірімнің көп бөлігін рингте өткіздім, енді рингтен тыс тіршілік басталып отыр. Жаңа қызметімде отырып, жаттықтырушыларға біліктіліктерін жетілдіруге көмектескім, қазақстандық бокс мектебін дамытуға үлес қосқым келеді. Ересектер боксына енді ауысып жатқан 17–18 жастағы спортшыларға көмектескім келеді. Әлі есімде, маған құрамаға кіру үшін және сонда орнығу үшін екі жылдай уақытым кетті. Ал үшінші жылы мен әлем чемпионы атандым. Біздің ортақ міндетіміз- жігіттерге ересек боксқа жеңіл бейімделуге жағдай жасау. Осы мақсатта Қазақстанда өтетін барлық турнирге баратын боламын.

Шенеуніктер туралы

– Қазақстанның бокс федерациясының спорт директоры болғаннан кейін спорт шенеуніктерін жақсы түсіне бастадым. Құрамада жүрген кезінде, спортшылардың тұрмысын ұйымдастыру, киетін формаларынан бастап, жейтін тамақтарына дейін реттеу, жиындар мен чемпионаттарға жіберу сияқты процестерге тереңдей бермейсін, ол жұмыстарды да біреулердің ұйымдастыратынын, осы мақсатта тағы басқа адамдардың еңбек ететінін білмейсің. Шенеуніктердің де адам екенін, олардың да қателік жасайтынын, үлгермей жататынын түсініп отырмын.

Жаттықтырушы туралы

– Александр Стрельников – менің алғашқы жаттықтырушым. Мектеп-интернатқа барған кезде, онда мені Саин Артаев жаттықтырды. Ал мектептен кейін мен қайта Александр Владимировичке оралдым. Ол кісі мені тек боксқа ғана үйреніп қойған жоқ, сондай-ақ ненің жақсы, ненің жаман екенін түсіндірді. Мені адам қылды. Жекпе-жектегі жеке жаттықтырушы – екінші әкеңдей деген сөзбен мен келісемін. Бала кезімде менің қабілетімді байқағаны үшін, жаттықтырғаны және Олимпиада чемпионы атағына жеткізгені үшін Александр Владимировичке мен шексіз ризамын. Спорттан кететін болған кезде де сол кісімен кеңестім, ол кісі менің шешімімді қолдады.

Әуес ісі туралы

– Менің тұрақты бір әуес ісім жоқ. Бірақ, кейде қызықты бір нәрсемен айналысқым келеді. Мысалы, маған теннис ұнайды, бірақ спорт ретінде емес, сауық ретінде. Ол өте қызық ойын.

Спортшылар ойлай алмайды деген пікір туралы

– Оның бәрі қатып қалған қасаң пікірлер, көре алмайтындардың айтып жүргені. Спорттың кез-келген түрі, оның ішінде бокс та, ойлануды талап етеді. Спортшы көп нәрсені білуі, зияткерлік тұрғыдан дамуы керек. Бірнеше қадам алға ойлауы, әр қарсылас үшін дұрыс тактика таңдауы қажет.

Білім туралы

–Білім демекші, мен қазір Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің кен ісі факультетінде оқимын. Бұл білім маған келешекте керек бола ма, оны білмеймін. Қайдам. Бірақ, білім әлі ешкімге кедергі болған емес. Оның үстіне, мен ата-анамның ізімен кеттім: менің әкем – шахтер, ал анам шахтада бухгалтер болып жұмыс істеген.

Президент туралы

– Әлі есімде, ширек финалдан шыға алмай қалған Бейжің Олимпиадасынан кейін, Нұрсұлтан Әбішұлы сол Ойынның медалистерін қабылдады. Мен де шақырылғандардың қатарында болдым. Жеңімпаздарға құрмет көрсетіп жатқан кезде, мен шетте тұрдым. Сол кезде мені Елбасы қасына шақырды да: «Ұнжырғаң түспесін, Серік, бұл спорт қой! Төрт жылдан кейін алтын аласың!», деді. Міне, сол алтынды алдым.

Саясат туралы

–Менің жаттықтырушым айтатын: «Масаның тұмсығын көрдің бе? Саясат деген сол масаның тұмсығынан да жіңішке нәрсе», деп. Мен президент болуға дайын емеспін. Ол үшін өсу керек, ол туралы алпысқа келгеннен кейін ойлану керек сияқты. Мен әлі жаспын, спорттан енді қол үздім. Ал қаланың әкімі болуға болады, бірақ ол үшін әлі біраз оқу, тоқу керек.

Ұлттық идея туралы

– Барлық қазақстандықтар үшін ортақ идея- «Алға, Қазақстан!»

Өмірбаяны

Серік Сәпиев 1983 жылы 16 қарашада Қарағанды облысының Абай қаласында туған. Екі дүркін әлем чемпионы (2005, 2007). Екі дүркін Азия чемпионы (2007, 2009). 2011 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2009 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері. Азия ойындарының жеңімпазы (2010). Олимпиада чемпионы (2012ж .) Үйленген, екі қызы бар. 2012 жылдың желтоқсан айында бокстағы мансабын аяқтады. Қазір Қазақстан бокс федерациясының спорт директоры болып қызмет етеді.

Игорь Зенин

(alau-ogon.kz)

Фото Reuters

Сұхбат confederation.kz/ сайтынан алынды!

 

Show More

Ұқсас жарияланымдар

Back to top button
Close