Басты жаңалықтарМузыкаСұхбаттарӘнші

Алашұлы тобы:Біздің басты мақсатымыз көне жырлар мен термелерді қазіргі заманға лайықтап, жас ұрпаққа насихаттап жеткізу!

11378958_636525073150590_1162960619_n

Біздің порталдың сіздерден алып жатқан алғашқы сұхбаты болғандықтан өздеріңізді біздің оқырмандарымызбен қысқаша таныстыра кетсеңіздер. Өнердегі жаңалықтарыңызбен бөлісе отырыңыздар.

Әзімбек Байлин Солтүстік Қазақстан өңірінің, Қызылжар елді мекенінің тумасы, Мектеп деген ауылдан.  Мен, Ұшқын Жамалбек шекара асып келген азаматпын Құлжа қаласы, кезінде қазақтың жері болған .  Мақсат Рахмет Оңтүстік облысы Қызылорданың тумасы болғанымен Алматыда  өскен жігіт. Жаңалықтарымыз біртінде экран бетіне шығап жатыр, Шүкір. Осы жаз айларында жаңа әндер жазып, күзге жетсек жеке күй табағымызды халқымызға ұсынып  қалармыз. Бәрі де болашақтың еншісінде. Шет елдерге шақыртулар болып жатыр, жол түссе барып қалармыз деп отырмыз. Жаңа бейнебаяндыр түсіру жоспарда бар дүниелер.

Бір сұхбаттарыңызда «Қазақтың проблемасын әнмен жеткіземіз» деген екенсіздер. Оны қаншалықты деңгейде жүзеге асыра алып жүрсіздер?

Ия, біз бірнеше сұхбаттарымызда айтқан болатынбыз. Халықтан біздің топтың ерекшелігін сұрасаңыз өте жігерлі, патриоттық топ деп жатады. О бастан- ақ құрылғандағы мақсатымыз жастар жағы естімеген көне жырлар мен термелерді қазіргі заманға лайықтып, жас ұрпаққа насихаттап жеткізу. Қоғамдағы мәселелер мен оқиғаларға  бейжай қарай алмаймыз, қанымыз қазақ, жүрегіміз қазақ деп соғып тұрған соң. Қазақ қоғамына, тарихына деген үлесімізді осылай әнмен жеткізіп жатырмыз. Біздің репертуарымызда әндер өте көп, себебі қазақ ауыз әдебиетінде қаншама айтылмаған жыр-термелер бар, соларды дайындап жазып жатырмыз. Сонымен қатар, жас ақындар өздерінің патриоттық әндерін ұсынып жатады, солармен де жұмыс жасап, шығаруға тырысып жатырмыз. Әннің сөзінен болсын, орындау процесінде жүрегінде патриоттық сезімі бар жалынды жастар жігерленіп, рух алады.

Топтың аты айқайлап айтып тұр «Алашұлы» яғни, елге, жерге, руға бөлінбей, бір қазақтың жырын жырлап, жастардың рухын көтеріп, қазақ өнерін жаңғыртып, кеңінен насихаттап жүрсіздер. Сол мақсатта жастар бас қосып, демалатын түнгі клубтарға да барып өнер көрсеткен екенсіздер. Жастар жағы қалай қабылдап жүр?  Жалпы жабық мерекелік кештерге шақыртулар  бар ма?

Жабық мерекелік кештерге көп барамыз деп асыра айтудын қажеті жоқ, дегенмен,  болды барған кездеріміз. Басқа елдің рэп орындаушыларының әндері шырқалып жатты, өзіміздің Махамбеттің жырларын қосқанда бізбен қоса орындап, жастардың  шулаған кездері болды.

Эстрадамызға ерекшелік әкелген өзіндік ән айту, ұлттық нақыштағы киім, оған қоса билеріңіз жарасқан топсыздар. Көпшіліктің ықыласына бөленіп, ел ағаларынан лайықты қолдау тауып үлгердіңіздер ме осы өнерге қадам басқан алты жыл ішінде? Осы жылдарда неше ән жазып, қанша  бейнебаян түсіріп үлгердіңіздер?

Біз осы өнерге қадам басқан сәттен – ақ үлкендердің батасымен, халықтың ризашылығымен өсіп келе жатырмыз. Осы дәрежеге жеткеніміз әрине халықтың арқасында. Жоғарыда отырған аға-әпкелеріміз біздің патриоттық топ екенімізге тамсана ризашылықтарын білдіріп, қолдарынан келгенше қолдау көрсетіп жатады. Ондайдан кем емеспіз,  Аллаға шүкір. Алты жыл өнерде жүргенімізбен төрт жылымызды оқып, білім алуға жұмсадық. Осы екі жыл толыққанды кірісіп, продюсермен жұмыс жасау үстіндеміз. Жиырмаға жуық әніміз бен бес бейнебаянымыз бар.

Топтың продюсері, директоры Назгүл Карабалина ханым болғанымен, шығармашылық жұмыстарыңызбен Алуа Қонарова ханым айналысады екен…   Продюсерлеріңіздің тарапынан қатаң түрде қойылған талаптар бар ма?

Бұл әңгіме кеңінен таралып кетті. Негізі екі жыл бұрын Алуа ханыммен жұмыс жасаған болатынбыз, ол кісі біздің музыкалық продюсеріміз болған. Қазір  Назгүл  ханымның «А +» атты продюсерлік орталығында жұмыс жасаймыз. Ал, Алуа ханыммен арада еш реніш жоқ, бөлек өзіміз жұмыс жасап жатырмыз. Шығармашылық жұмыстарымызбен айналысатын Досхан бауырымыз. Бас продюсеріміз Назгүл ханым. Продюсер тарапынан қойылған басты талап келісімшарт  арадағы. Бес жылға шығармашылық тұрғыдағы келісімшарт бар, ал, азаматтық тұрғыда жеке басымызға ешқандай шектеу жоқ.

Қателеспесем, үшеуіңіз де отбасын құрғансыздар?

Ия, бірінші боп отбасын құрып жол ашқан Ұшқын бауырымыз, Ертұран атты ұлы бар. Одан кейін мен Әзімбек отбасын құрдым, менің де Айасыл атты қызым бар. Одан кейін кенжеміз Мақсатты үйлендірдік, Шәкәрім атты ұлы өмірге келді. Алаштың осындай екі ұлы мен бір қызы бар.

Жігітке жеті өнер де аз демекші әншілік пен бишіліктен бөлек біріңіз актер, каскадер екенсіздер. Сонымен қатар топ мүшесі Ұшқын мырза әндер жазумен айналысып, жеке орындауыңыздағы әндеріңізді де естіп жүрміз. Болашақта өздеріңізді жеке әнші есебінде эстрадаға дайындып жүрсіздер ме?

Ондай дайындық жоқ, мен өзім ән жазатын болған соң анама, достарыма да арнап жызған болатынмын. Өзімізге ұнап жатқан жақсы әндер болып жатса онда әбестік жоқ деп ойлаймын. Негізі үшеуміз де бар күшімізді Алашұлына арнап жатырмыз. Әзімбек пен Мақсат белгілі орталардың ұлағатты ұстаздары болса, мен Ұшқын сазгерлікті кәсіп еткен соң эстрадамыздағы әншілерімізге қолдан келгенше ән жазып жүрмін. Ал басты ортақ отбасымыз Алашұлы.

Сахна қозғалысынан сабақ береміз, каскадерлер клубында өнер көрсетеміз деген болатынсыздар. Мүмкін сахналық билеріңізді де өздеріңіз қоятын шығарсыздар?   

Би қоятын арнайы маманымыз  бар.  Би саласын бітірген бауырымыз Әділет деген жігіт. Біздің сахналық стилімізге, икемімізге сай би қояды. Өзіміз білетін аккрабатикалық қозғалыстарымызды ән орындау барысында бір қырымызды таныту үшін қолданатынымыз бар.

Алға қандай жоспарлар құрып отырсыздар? Қазақ жұртын алда қандай жетістіктеріңізбен қуанта аласыздар?

Әр әншінің арманы шетелдік байқауларда бағын сынап, жетістікке, жүлделі орындарды иелену. Көрші елдерде күз айларында Түркия, Башқұртстан елдерінде өтетін  байқаулардан шақыртулар алдық, қазір дайындық үстіндеміз. Тыңдармандарымызға арнап ұлтжанды әндерімізді жарыққа шығара береміз.

Сіздер қазақтың рухын көтеріп, намысын қайрап, жігерлі әндеріңізбен көпшілікке таныссыздар. Махаббатты да еске алып мұңын жырлайтын күндеріңіз болады ма?

Махаббатты бір ұғыммен түсініп қалуға болмайды ғой. Отанға, елге, ата-анаға әндер арнап жүрміз. Жалпы топтың стилі, ерекшелігі сонда. Басында-ақ қыз бен жігіттің махаббатын жырламаймыз деп келіскен болатынбыз.

Болашақта өздеріңізді қай саладан көресіздер?  Жаңа бағыттағы жаңашыл жоспарларыңыз қандай?

Негізгі шығармашылық жұмыстарымыз Алашұлымен тығыз байланысты. Сахнада ән айтып, елге әншілік қырымыздан танылып жүргенімізбен , негізі үшеуміздің де оқып, бітірген мамандығымыз актерлік шеберлік. Болашақта өз мамандығымызға да бейжай қарамай өзіміздің кино туындыларымызда актер, каскадер есебінде де өнер көрсетіп, танылғымыз келеді. Болашаққа тағы бір үлкен жоспар Алашұлының артынан, шәкірт тәрбиелесек, актерлік шеберлік жағынан, каскадер, сазгерлік, әншілік жағынан  жастарды дайындайытын мектеп ашып, осындай үлкен жұмыстарды қолға алсақ деп отырмыз.

Сіздер қазақ тарихындағы жыр-термелерді өз бағыттарыңызға сай  өзгерте орындап жүрсіздер. Үлкендер тарапынан сыни көзқарас, пікірлер айтылып жүр ма?

Ия, сыни пікірлер болды. Махамбеттің термесін неге өзгертіп тастадыңдар деп эфирде сұраған болатын. Оны тек домбырамен ғана орындалуы керек деп жатты. Домбырамен орындаған термені тыңдамайтындар да бар. Дәстүрлі әндер орындалатын, тыңдарманы бар кішігірім аудиториялар бар.  Әнді мақамын бұзбай-ақ қазіргі заманға сай етіп орындауға, көпшілікке өңделген күйінде жеткізуге де болады. Жасөспірімдер әнімізді жаттап, бізбен қосыла айтып, бойларына сіңіріп өсіп жатқаны керісінще бізді қуантып жатыр. Соңымыздан ілесіп, жанын салып, мағынасын түсініп, бізбен қоса орындап, пародия салып жүрген бауырларымызға рахмет дейміз!

 

Show More

Ұқсас жарияланымдар

Back to top button
Close