СұхбаттарӘнші

Нұрлан Албан: Әлі күнге шынайы досты кездестірген жоқпын

— Нұрлан аға, жаңа өнер мектебіңіз құтты болсын, осы мектебіңіз жайында толығырақ айтып өтсеңіз…

Бұл мектептің ашылғанына міне 13 күн болды, жалпы балаларға кастинг жариялап, іріктеуге 360-ға жуық бала келді, соның ішінен 50 бала қабылдап алдым. 50 баланың ішінде отбасы жағдайы төмен балалар бар, көп балалы отбасынан шыққан таланттар бар. Бұл өнер мектебінің ерекшелігі бұл студияға келген бала бір циклды толығымен тауысу үшін үш жыл керек. Бұл жерге келген балалар тегін оқиды, үш жылға қабылдаған 50 балам толығымен тегін оқитын болады. Өзімнің 20 жылдық шығармашылығыма 20 жоспар құрып алдым, соның біреуі осы өнер мектебі, ал он тоғызын уақытында көретін боласыздар.

— Нұрман Арыстан, Санат Асан сияқты орындаушылармен жұмыс жасап жүр едіңіздер, қазір бірге жұмыс жасамайтын сияқтысыздар…

Мен продюсер емеспін, мен уақытша ғана жол бастаушымын. Мен де жас болдым, мен де жаңадан өнерге келгенде басымнан сипайтын, қолдайтын адам болмады. Сол уақытта биікке көтерілсем міндетті түрде өзімнен кіші өнерпаздарға көмектесемін деген едім. Санат Асанға, Нұрман Арыстанға да 9-10 ән жаздыртып, 1 бейнебаян түсіріп, костюмдерін алып беріп, ащының не, тәттінің не екенін көрсеттім, ал қазіргі таңда олармен жұмыс жасамаймын.

— Сол шәкірттеріңізбен қазіргі таңда араласасыздар ма?

«Ауруды жасырсаңөлім әшкерелейді»-деген нақыл сөз бар, Санат Асанмен хабарласып тұрамыз, ал Нұрманға біраз ағалық өкпелігім бар. Бет-жыртысып, болмаса жаға жыртысып немесе «әкең-шешең» деген сөз болған жоқ. Нұрман әлі жас қой, ал жастық кезеңде ондай өтпелі кезең болуы шарт, сондықтан мен Нұрманды туған баламнан артық жақсы көремін, өзінің қалауымен ол менімен байланысын үзді, көрген жерде әйтеуір басын изеп қояды, мен де «Қал қалай?» деймін болды.

Қазақтың ер азаматы ғой, Оңтүстіктің азаматы, Өзбекстанмен шекаралас Жетісайдың азаматы, сол жақта өзбектеніп қалмасын, қалып қоймасын деген ниетпен мен оның мұрынын өнерге әкеліп тыққан едім, бір өкініштісі сүйтіп көтерген Нұрманым көптің ішінде жоқ. Қазір ол телевизиялық жобаларда көрініп жүр, “Қазақстан дауысы” жобасына қатысты, бірге жұмыс жасаймыз деп халықтың көзінше уәде еткен болатынмын, мен уәдемде тұрғанмын.

Жоба біте салысымен Нұрманға бір бейнебаян түсірген едім, аз уақыттың ішінде 9 ән жаздырдым, Қытайға гастрольдік сапарға өзіммен бірге алып жүрдім, сахналық киімін реттедім, шашын, жүрісін, тұрысын реттедім, мәдениетін бір ретке келуіне мұрындық болдым десем болады. Ешқандай себепсіз ол жай алыстай бастады, ал алшақтай бастаған адамға жалынатын мен кішкентай бала емеспін. Сондықтан мен Нұрманға сәттілік тілеймін.

Нұрманға бір тілейтінім жоғалып кетпесе екен деймін, өйткені Нұрманның табиғи дауысы, ерекшелігі, ән орындауы жүрекпен, сезіммен орындауы өзгелерге қарағанда ерекше. Өкінетінім сол ғана, әйтпесе Нұрман кетіп қалды деп тауықсыз да таңымыз атып, күніміз шыққан. Ал Санатқа келсек оған көрген сайын айтамын бұл әлі аз, тағы, тағы жұмыс жасаса, жассың көрермендерге өзіңе қарата біл деймін.

screenshot_5

— Ағасы ретінде Нұрман Арыстанға бұл қылығың дұрыс емес деп айтып көрмедіңіз бе?

Жоқ, бір жаман жерім — адамның жанын толық білмей жатып, бауырым ретінде жақсы көріп аламын да, ол адам сырғып шыға келгенде, өзіме жүк артып аламын, ең осал қасиетім сол. Ал бір кеткен адамды, қайтадан кел деп ешқашан шақырмаймын, өйткені бір рет жасалған қателік екінші рет жасалады. “Еңкейге — еңкей,  ол әкеңнің құлы емес. Шалқайғанға — шалқай, Пайғамбардың ұлы емес”. Бұл — менің ұстанымым, мен жаманшылық тілемеймін, Нұрман өте талантты әнші, жүрекпен, сезіммен орындайды.

— Адамға тез ренжисіз бе?

Мен өте шыдамды адаммын, біреудің қателігін көріп тұрсам да мен үмітімді үзбеймін, ал бір қайырылсам өте қиын.

Нұрлан Албан анасымен
Нұрлан Албан анасымен

— Құлазығанда кімді сағынасыз?

Анам тірі кезінде “Анамды жақсы көремін, анамның ұлымын”-деген сияқты дежурный фразылармен ғана жүрдім, соны бойыма сіңіре алмаппын. Анам дүниеден өткенде, ананы сағынудың не екенін сағат сайын, минут сайын, күн сайын сезініп жатырмын. “Уақыт емші, уақыт өте келе өзіңе келесің”-деп жатады ғой, керісінше уақыт өте келе сағынышым үдеп бара жатыр. Ал құлазыған кезде тауы шағылып қалғандай боламын, ол кезде үйде болмауға тырысамын. Сол кезде көлікке мініп, қаланың сыртына шығып кетемін, өзіммен өзім күресемін. Қанша құлазып жүрсем де, бұрындары сырымды досым ау деп жүрген адамдармен бөлісетінмін, бірақ қазір шынайы досты кездестірмедім, мүмкін шынайы дос бар шығар.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Ғалымжан Сәңкібаев

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close