ЖаңалықтарСұхбаттарӘнші

ӨМІРҚҰЛ АЙНИЯЗОВ: «БҮГІНГІ ЖАСТАР САХНАҒА ЕМЕС, ОҚУҒА ТАЛПЫНСА ЕКЕН»

Дәстүрлі әннің дамуына өзіндік үлесін қосып, термені бүгінгі заман талабына сай эстрадаға орайластырып, өрнегін бұзбай, халыққа жеткізіп келе жатқан әнші, термеші, жыршы Өмірқұл Айниязовпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

56041_IMG-20140308-WA0058-620x413

Өмірқұл аға, әңгімемізді шығармашылығыңыздағы соңғы жаңалықтардан бастасақ…

– Жаңа әндер жазылу үстінде. Соңғы кездері термелерге көп көңіл бөлінбей келе жатқандығы да жасырын емес. Сондықтан, халық термесі жазылды. Бірақ, әзірге сахнада орындалған жоқ. Тек әлеуметтік желілер арқылы халыққа таратылып жатыр. Соңғы уақытта “Сағындырған Сыр қызы”, “Байтақ елім” атты жаңа әндер жазылды. Сондай-ақ гастрольдік сапарлардан да тыс қалып жатқан жоқпын.

Дәстүрлі әнші ретінде, айтыңызшы бүгінгі таңда дәстүрлі ән өнерінің беталысы қандай?

– Дәстүрлі ән таза домбырамен өз нақышында орындалады. Ал, біздің ұстанып отырған бағытымыз – дәстүрлі әннің эстрадаға жақын, форматталған, заманауи үлгідегі нұсқасы. Қазіргі таңда бұл бағыт халыққа өтімді, әрі сұранысқа ие. Бүгінгі күні дәстүрлі ән даму үстінде. Жыл сайын түрлі музыкалық білім ордаларын “Дәстүрлі ән” мамандығы бойынша бітіріп шығатын түлектер де дәстүрлі әншілердің қатарын толықтырып жүр. Бірақ олардың жағдайы эстрада әншілеріне қарағанда қиындау екенін жасыра алмаймын. Бұл біздің қоғамда дәстүрлі әншілерге деген сұраныстың аздығынан. Оның үстіне дәстүрлі әншілер концерттерге де жиі шақырыла бермейді. Той-томалақтың көрігін қыздыратындардың дені эстрада әншілері екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан да, қазіргі таңда дәстүрлі әншілердің көпшілігі филармонияларда, мектептерде қызмет атқаруда.

1428581979_1428573548_pesnya

Көбінде кейбір дәстүрлі әншілер: “Эстрада әншілері оңай жолмен халыққа танылып, арзан әнмен ақша тауып жүр” дейді. Сіз осы пікірге келісесіз бе?

– Эстрадаға қатысты мұндай біржақты пікір айтуға болмайды. Әр саланың, әр бағыттың өзіндік ерекшелігі мен қиындықтары болады. Негізінен эстраданың шығыны шаш етектен. Әннің өңделуі, ротациясы бар дегендей. Мұның барлығы өте үлкен қаржыны талап етеді. Эстрадада жеңіл ән айтып жүргендер жетерлік. Мәселен, мен сахнаға шығып, “Чип-чип” немесе “Аспанға қараймын” деген сияқты әндерді орындайтын болсам, маған жараспауы мүмкін. Әйтсе де осындай әндер халықтың сұранысына ие болып тұр.

Эстрада әншілері бұрын да, қазір де сұранысқа ие екендігі айдан анық. Бірақ бұл дәстүрлі әннің тыңдарманы аз дегенді білдірмейді. Классикалық бағыттың санатындағы дәстүрлі әннің тыңдаушысы көбіне зиялы қауым өкілдері. Яғни, әрбір әннің тыңдалатын ортасы болады. Сондықтан ондай пікірлерге ренжудің қажеті жоқ.

Аға, қазір шын әнші, шын өнерпаз болу қаншалықты қиын?

– Өнер жолы – ­ауыр жол екені белгілі. Соған сәйкес, өнердің өз өкілі болу да қиынның қиыны. Маған көптеген жастар хабарласып, өз өнерлерін шыңдауға көмектесуімді сұрайды. Араларында эстраданы жеңіл деп ойлайтындары да жетерлік. Меніңше өнер әлемінде биікті бағындыру үшін ең бірінші оқу керек. Мәселен өзім музыкалық мектепте, колледжде, консерваторияда оқып, білім алдым. Әрбір оқу орнында төрт жылдан оқыдым. Бүгінде өнер жолында қандай да бір жетістікке жетсем, оның барлығы да ең бірінші Алланың, одан соң, оқудың, еңбектенудің арқасы дер едім. Сондықтан да бүгінгі жастар, ең әуелі әнші болуға емес, оқып білім алуға талпынса екен.

q0hi0pb4WaQ

Бір сұхбатыңызда: “Отбасымызбен өнерге жақынбыз” деген едіңіз? Отбасыңыз туралы да біле отырсақ…

– Өзім отбасында төрт ағайындымын. Бүгінгі таңда екі қарындасым да өнер жолында. Бірі – актриса, екіншісі – қобызшы. Інім болса, ауылдағы ата-анамның қолында. Ал, жұбайым – домбырашы. Екеуміз колледж қабырғасында бірге оқыдық. Қазір музыкалық мектепте мұғалім болып қызмет атқарады.

Алға қойған жоспарларыңызбен бөліссеңіз…

– Күз айында Республика Сарайында есеп беру кешін өткізуді жоспарлап отырмын. Қазіргі таңда ауқымды шараға қызу дайындық басталып кетті.

Сұхбаттасқан: Аружан ШОРМАНОВА

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Back to top button
Close