ЖаңалықтарШоумен & ТұлғаӘнші

ӨНЕР ЖҰЛДЫЗДАРЫНЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЛАРЫ

Тәуелсіздік күні — кез келген мемлекеттің ең басты, ең қастерлі мерекесі. Бұл сан-мың жылдар бойы ата-бабамыздың арманы орындалған күн, ел болып еркіндікке қол жеткізген күн. Тәуелсіздік мерекесі — әрбір отандасымыз үшін жүрегіне қуаныш ұялатар ерекше мереке. Осыған орай отандық өнер жұлдыздары ҚазАқпарат халықаралық агенттігі арқылы барша қазақстандықтарды мерейлі мерекемен құттықтады.

ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Астана Опера» театрының жетекші солисі Майра Мұхамедқызы:

20151216104208«Бүгін біз, 16 желтоқсанда, еліміздің ең айрықша күндерінің бірі — Тәуелсіз Қазақстанымыздың 24 жылдығын тойлап отырмыз. Бұл күн қазақ мемлекетінің дамуы тарихында Республикамыздың бейбіт өмірі мен әл-ауқаты үшін жасаған жемісті де киелі рухтың жетелеуімен еңбек ету барысындағы қуатты серпін мен қайтарылмас бетбұрыстың сәті болды.

Елбасының қажырлы еңбегінің арқасында бүгін Қазақстанды бүкіл әлем таниды және мәртебе тұтады. Нұрсұлтан Әбішұлы еңбек жолын өз Отанымда жалғастыруымды қолдап, Мемлекеттік сыйлық лауреаты атағына ие болуыма ықпалын тигізді.

Тарихи Отаныма оралғаныма 20 жыл өтті. Шығармашылық жолымды өзімнің туған халқыма арнадым. Барша қазақстандықтарды атаулы мереке — Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Сіздерге ашық аспан, елімізде әрқашан тұрақтылық, әлеуметтік әл-ауқат, бейбітшілік, келісім және өзара түсіністік болуын тілеймін».

Сара Тоқтамысова, айтыскер ақын:

— Арыстан туған Алашым,

Белгісі болған көкбөрі.

Бөрідей жортқан бабамның,

Басынан нелер өтпеді.

Тәуелсіз Қазақстаным,

Туыңды биік ұстадың.

Шырқырап шығып, шыбын жан,

Желтоқсанда қырылған.

Маңдайдағы жұлдызың,

Ұрандаған ұл-қызың,

Қыршын кетеміз деп пе еді?

Төгілген жасы анамның,

Төгілген қаны бабамның,

Тұғырлы Тәуелсіздігім,

Ғұмырлы Тәуелсіздігім,

Өзінен-өзі кеп пе еді.

Жыр керіп көңіл арнасын,

Көк аспанға самғасын,

Көңілімнің көк кептері.

Қарашасына қарасын,

Арашасына жарасын,

Елімнің төре, бектері!

Тәуелсіздік мерекесі  — ата-бабамыз аңсаған арманның жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған Ұлы күн. Осындай маңызы бар тарихи думанда барлық отандастарыма мықты денсаулық, сәтті күндер, зор жетістіктер тілеймін.

Сәкен Майғазиев, «МузАрт» тобының әншісі:

«Қазақтай қасиеттi халықтың жолында қасық қаны қалғанша күресiп, құрбан болған боздақтарымызға мың тағзым!Оларды ерекше мейiрiм иесi Алла тағала панасына алғай. Оларға құран бағыштауды ұмытпайық. Бабаларымыздың қанымен,аналарымыздың жасымен жеткен егемендiгiмiз баянды болғай.Раббым аналарымызды ұйқысынан,балаларымызды күлкiсiнен айырмағай!»

Ардақ Исатаева, мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші, ұстаз:

«Халқымыздың ғасырлар бойы армандап жеткен тәуелсіздік мерекесі әрбір Қазақстандықтың ең қастерлі ұлы мейрамы. Бүгінгі күні бейбіт, өркендеген еліміз бар, салт-дәстүріміз, мәдениетіміз жаңаша леппен ұрпақ сабақтастығы үзбей дамып келеді.

Бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын осы салтанатты мереке барлығымызға игілік пен бақыт, бақ-дәулет, ырыс әкелсін!»

Кенжебек Жанәбілов,  «МузАрт» тобының әншісі:

«Ассалаумағалайкум, қазақ елі! Алдағы келе жатқан тәуелсіздік күні құтты болсын! Ата-бабаларымыз қанын төгіп, қорғап қалған тәуелсіздігміз мәңгі болсын! Еліміз аман жұртымыз тыныш болсын! Елімізді биік белестерге жеткізіп, алға жетелеп келе жатқан Елбасымызға құдай қуат берсін! Баршаңыздың отбасыларңызға тек қана жақсылық тілеймін!».


zZChXigMKmoБіржан Хасанғалиев, әнші:

«Мен шын жүрегімнен барша Қазақстан халқын еліміздің басты тойы Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын! Бұл күнді ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап келді. Міне сол мерейлі күнді атап өтіп отырған біз бақытты ұрпақпыз. Бұл мерекені өз шаңырағымызда барлығымыз бас қосып, туысқандар жиналып, дастархан басында тілектерімізді айтып атап өтеміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!».

Гүлзира Бөкейханқызы, әнші:

«Ата-бабамыз армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бүгінгі ұрпақ ең бақытты заманда өмір сүріп жатыр. Осы тәуелсіздіктің қадіріне жетіп, көзіміздің қарашығындай қорғауымыз керек. Әр салада еліміздің өркендеуіне өз үлесімізді қосуды борышымыз деп санаймын. Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!»


Ибрагим Ескендір, әнші,
«Жас тұлпар» сыйлығының лауреаты:

nurotan-news-1418098431«Тәуелсіздік мерекесі мен үшін ең қымбат мереке! Тәуелсіздіктің арқасында әлемге атымыз танылып, өнеріміз өрге жүзіп жатыр. Менің орындауымдағы «Көк тудың желбірегені» әні барша қазақстандықтардың жүрегіне жетті. Бұның басты себебі Тәуелсіздіктің қадірін білген халықтың ықыласы деп білемін. Сонымен бірге бұл әнде отанға деген, еркіндікке деген үлкен махаббат бар. Мен әр жолы осы әнді айтқанда жүрегім толқып, ерекше сезімге кенелемін. Барша қазақстандықтарға тәуелсіздігіміздің баянды болуын тілеймін! Әр шаңырақта қуаныш болсын!

Көк тудың желбірегені —
Жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен ту
Жан емес,
Маған керегі —
Көк тудың желбірегені».

Мақсат Базарбаев, әнші:

«Ұлттық намысымызды оятқан, әлемге қазақты азаттық сүйгіш, рухы биік халық ретінде танытқан Тәуелсіздік күні құтты болсын! Көк туымыз мəңгі желбіреп, еліміз аман жұртымыз тыныш, тəуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын!».

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Back to top button
Close