Басты жаңалықтарЖаңалықтарМузыка

Ерлан Төлеутай, әнші, өнертанушы: Фонограммамен ән айту – харам

Ән өнерін дәріптеп жүрген бүгінгі қазақ эстрадасы қандай деңгейде? Қазақ әні сын көтеріп жүр ме? Ақсап тұрған тұстары қандай? Бұл туралы ащы да болса шындықты айтып жүрген өнертанушы, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының «анимациялық кино» ШБ редакторы, сценарист Ерлан Төлеутаймен сұхбаттасудың сәті түсті. Арқада туған қазақтың ғажайып әндерiн кемел бигiнде орындап жүрген есiмi әлемге танымал әншi, қарағандылық Ерлан Төлеутайдың халыққа айтары көп екен.

Сурет http://alashainasy.kz/сайтынан алынды
Сурет http://alashainasy.kz/сайтынан алынды

– Неліктен біздің әншілеріміз халықаралық деңгейде танылмайды? Халықаралық конкурстарда неге бағын сынап көрмеске?
– Полад Бүлбүл Оғлының (атақты әнші) Әзірбайжанның Мәдениет Ми­нистрі болып тағайындалған соң, ең бірінші орнатқан заңы – «Фонограммаға» тыйым салу (1994 ж). ТМД елдерінің барлығы дерлік фонограммаға ты­йым салған. Қазір Әзірбайжан елінің өнерпаздары әлемдік байқауларда жиі-жиі топ жарып жүр. Демек, мұны фонограммаға тыйым салғандықтың нә­тижесі деп қарауымыз керек. Осының нәтижесінде, Әзірбайжанда нағыз ән­шілер ғана сахнаға шығуға тәуекел етеді. Біздердегідей псевдоөнерпаздар ол елде жоқ. Елімізде соңғы 20 жылда Роза Рымбаева сияқты әншілеріміздің жеңісті жолын жалғастыратын өнерпаздардың шықпауының бір себебі осында жатыр. Бір жолы мен фонограммамен ән айтуды харам деп салдым. Күйінгеннен айтасың. Расында да дискіге жазылып алынған дауысқа ілесіп сахнада ауыз жыбырлатып тұрғанның несі өнер? Түптеп келгенде, бұл халықты алдау, харам жолмен ақша табу ғой. Фонограммамен ән айту өнер емес. Бұрын еңбекті, ерлік істегенді, халқына қалтқысыз қызмет еткенді, қырда ақтылы қой өргізген шопандарды, мектепте бала оқытқан ұстазды, жазушы, ақын, ғалым, философтарды құрмет тұтушы едік, төрімізден орын беруші едік. Ал қазір ше?! Қазір төрде де, теледидарда да аузын жыбырлатқан «фонерщиктер» отырады тұлға болып. Сөйте тұра халықаралық деңгейде 20 жыл ішінде мойындалған бір де бір әншіміз жоқ.
– Әлем елдерінің музыкасын зерттеп жүрсіз, олардың қай заңын біздің ел үлгі ете алар еді?
– Дүние жүзінде фонограммаға тыйым салмаған қазақтар ғана қалыпты. Еуропада фонограмма деген ұғым атымен жоқ. Қырғыздардың өзі бұл пәлені тоқтатыпты. Америкада фонограммаға рұқсат бар, бірақ шығармашылық концерттердің афишасында «фонограмма» деген ескертпе міндетті түрде жазылып тұрады. Сондай-ақ, фонограммамен өткізілетін концерттің билеті су тегін дерліктей, өте арзанға сатылады. Өзіміз менсіне қоймайтын өзбектер де бұлай ән айтуға тыйым салған, олардың да әншілері фонограмамен өнер көрсетер болса, афишасына фонограмма деп жазуға міндетті. Түркіменстанда әуелден мұндай жоқ. Ал бір жолы Қытайға барғанымда, даусы жер жаратын жас әншілерді көріп қайран қалдым. Сөйтсе, бұл елде де фонограмма жоқ, ұсталса ауыр айыппұл төлейді. Батыста, Еуропада фонограммамен ән айту өліммен тең. Ондай өнерпаздан халық сол күні-ақ жеріп кетеді. Теріс айналып концертіне келмей қояды. Әншілер өнерпаздық карьерасына балта шауып алудан қорқады. Фонограмма қолданғаны үшін қымбат айыппұлдар салатын мемлекеттер де бар. Германияда Гитлер билікке келген жылдары мынандай жағдай болыпты. Гитлерге дейін немістер қоғамдық көліктерде ақы төлемей «қоян» болып жүре беруді салтқа айналдырған екен. Бұл жағдай фюрердің құлағына жетсе керек, бірден бір күнгі рейд кезінде билетсіз ұсталғандарды табан астында атып тастауға пәрмен беріпті. Шаш ал десе бас алатын жандайшаптары Гитлердің бұйрығын екі етпепті. Содан бері осы күнге дейін немістер қоғамдық көліктерде билетсіз жүрмейді. Олардың өнерпаздары да фонограммамен ән айтуға өлердей қорқады. Өйткені ұсталған жағдайда «фонерщиктерге» абақты кесу қарастырылған. Ресейде ресми түрде фонограммаға тыйым салынбаған, бірақ бұл дерт жаңа жайыла бастаған кезде орыстың қылмыс әлеміндегі беделді тұлғалары Ресей «фанерщиктерін» бірден тәубесіне келтірді. Олардың жалған әншілерді жазалауы да қызық. Фонерщиктерді көңіл көтеру мерекелеріне жинап алып, оларға түнімен ән айттырады. Кетерінде қолдарына ксерокстен өткізілген жалған доллардың бір бумасын ұстатып қоя береді екен. Бұдан басқа да жазалау тәсілдерін қолданған. Айта берсе қызық. Тіпті, орыстар бұл жайында деректі фильм де түсірді. Осындай фильдердің бірінде орыс қылмыс әлемінің беделді тұлғасы Шаптай Колмоновичтің «фанерщиктерді» қалай жазалағаны сөз етіледі.
– Сіз мүлде шығармашылық концерттерге бармайсыз ба?
– Әрине, бармаймын. Олардың өтірік аузын жыбырлатқанынан қандай ләззат алуға болады. Сосын өзі қазір ән дейтін ән бар ма, өзі? Бәрі – «ширпотреб». Мен көбінесе Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайды, Құрманғазы, Тәттімбеттерді тыңдаймын. Батыс классикасынан Моцарт пен Бетховендерді тыңдаймын. Ал мұндай ұлы композиторлардың шығармалары қазіргі концерттерде орындалмайды ғой. Сондықтан бармаймын. Баратын адамдарға да солай кеңес берер ем. Бұрын әнші Қайрат Байбосынов ағаларымыз теледидарға шыққанда аңдып отырушы едік. Өткен жолы мына әнді былай құлпыртып еді, енді осы жолы қалай құбылтар екен деп. Немесе Нұрғиса Тілендиев ағамызды, Сәкен Тұрысбековтердің шертісін аңдушы едік. Ал қазір фонограммамен ән айтып жүргендердің алды 50-60-қа келді, осыдан 10-15 жыл бұрын жаздырған «плюс­тарымен» (фонограмма) әлі жүр, ұялмай-қызармай. Адамның жасы келген сайын даусы өзгереді, шеберлігі ар­тады, не кемиді, даусы «отырады» дегендей. Осының бәрін халық көру керек қой, бағасын беру керек қой. Ал біздің өнерпаздарымыз сұлу, сыпайы, жымиып тұрып, арасында американша күліп қойып, фонограммамен әнді еш қиналыссыз, беттері бүлк етпестен айтып шығады. Әнші қарындастарымыз теледидардан бөксе тұсын екі сипап, кеуде тұсын үш сипап ән айтса болды, ертеңіне «қазақтың жарық жұлдызы» боп шыға келеді! Кешіріңіз, әнді шын айтқанда «жаныңды жеп айтасың». Ол оңай нәрсе емес. Іштегі эмоция, әннің қуаты бетке тебеді. Яғни, қалыптаспаған әншінің түсі бұзылып кетеді, бойында үрей, өзіне деген сенімсіздік пайда болады. Ал фонограмма осындай қалыптаспаған әншісымақтарды мұндай қиындықтардан құтқарып тұр.
– Әншілер жанды дауыста ән айту үшін техника дұрыс емес деп жатады…
– Бұл өтірік. Өз басым республика сарайында, басқа сахналарда ән айтып жүрмін, бәрі сақадай сай. Егер барлығы осыған тіреліп тұрса, концерттік сарай қожайындарының әлемдегі ең мықты деген аппаратураларды алдыртуға шамасы жетеді. Әлемдік сахналарда ән айтып көрдік, бізден асып бара жатқан түгі жоқ. Кеңес заманында бұдан 10 есе нашар аппаратурамен ән айтқанда, ешкім бүйтіп жылаған, шағымданған жоқ еді. Жүсіпбек Елебеков, Бибігүл Төлегеновалар қырманда жүріп ән салатын, онда микрофон да, фортепиано да, сахна да болмайтын. Сол кезде той өткізетін мейрамханаларда 200 Ваттық әрі кетсе 400 Ваттық қана аппаратуралар қойылушы еді. Қазіргі үлкен концерттік сарайларда кем дегенде – 10 Киловаттық, тіпті, 20 Киловаттық дыбыс күшейткіштері тұр. Яғни бұрынғыдан 100 есе күшті. Сондықтан әншілер ән айта алмаса, аппаратурадан емес, өзінен көрсін. Мәселе, аппаратурада емес, мәселе дауыста. Мәселен, Қайрат Байбосынов 1979 жылы Австрияда өткен дүниежүзілік Вена фестивалінде 50 мың көрерменнің алдында ән салғанда аппаратура жанып кетіп, әнді микрофонсыз салуға тура келген. Сонда Қайрекеңнің алапат күшті дау­сынан 50 мың халық сілтідей тынған. Сенбесеңіз, осы оқиғаның куәгері болған Ермек Серкебаевтың естелігін оқыңыз. Сонда әлемдегі мықты деген майталмандар Қайрат Байбосыновтан кейін сахнаға көтерілуге жүрегі дауаламай қалған көрінеді. Міне, нағыз әншілік өнер дегеніміз осы. Әміре Қашаубаев, Күләш Байсейітова, Құрманғазы атындағы бай­қауларды жаңа заман талаптарына сай қайта жаңғыртып, қажет болса, Роза Бағланова, Мақпал Жүнісова, Роза Рымбаева негізін қалаған қазақы үлгідегі эстрадалық байқауларды өткізуді қолға алуымыз керек. Қазақта «Бәрің бірдей тойшы болсаң, жын боласың, бәрің бірдей қойшы болсаң, құл боларсың» деген тағылымды сөз бар. Сол айтқандай, жын болмаудың, құл болмаудың алдын осы бастан алуымыз керек. Әйтпесе, ертең кеш болады.

Сұхбаттасқан Айгүл Дәден

Дереккөз: Arhar.kz

Show More

Ұқсас жарияланымдар

Back to top button
Close