Басты жаңалықтарПродюсерШоумен & Тұлға

Баян Есентаева: Баянға жарнама керек емес!

Белгілі продюсер Баян Есентаеваның белгілі журналисттер Қазыбек Иса мен Арман Сқабұлұлына жауабы.

РЕСМИ ЖАУАП

ҚАЗЫБЕК ИСА: “ЖАНДЫ ДАУЫС”  БОТҚАШОУЫ БАЯННЫҢ БАЯНСЫЗ ЖАРНАМАСЫ МА?

БАЯН ЕСЕНТАЕВА: ЖОҚ, БАЯНҒА ЖАРНАМА КЕРЕК ЕМЕС! БҰЛ ТАЛАНТТЫ ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫНЫҢ ЖАРНАМАСЫ!

Қоғамда қызу талқыға түскен мақала, әрине менің назарымнан тыс қалмайды. Біз егеменді, зайырлы, демократиялық, құқықтық  мемлекетте тұрамыз! Әркімнің өз ойын айтуға құқығы бар. Менің әріптесім осы құқығын пайдаланған екен, мен де үлгі алып, пікір білдірейін.

Иә, мен Баян Мақсатқызы (Мақсұтқызы емес) Есентаева,  ұлтым қазақ (кіші жүзбін, оның ішінде Масқармын, арғынның жиенімін, найманның келінімін). Ана тілім – қазақ тілі, білім алған тілім – орыс тілі, басқа тіл өкініше орай білмеймін. Шама-шарқым келгенше өз тілімде сөйлеймін, отбасында, жұмысымда, күнделікті өмірде. Бірақ, орысша ойлаймын, оны жасырмаймын, мен сияқты «буын» өкілдері бар бұл қоғамда, өнерде, билікте, саясатта! Мен, біраздан бері қазақ тілінен сабақ алып жүрмін. Белгілі бір дәрежеде сөйлей алғанға дейін «бірдеңе» деуге жүрексінемін, оны да жасырмаймын. Дегенмен, ол күн де келеді, міндетті түрде!

«Жанды дауыс» бағдарламасына келейік…

«Төрде шалқайып осы шоудың авторы  Баян Максутовна Есентаева ханым отырады.  Шатырдың үстіне шығып секіріп,  пойыздан көмір түсіріп келе жатып, ескі креслоның үстінде ербеңдеп, шолақ шалбардан тізелері шодырайып отырып  ән  айтқыштар…»

Мен қазақша жетік білмесем де «төр мен етекті» ажырата аламын. Бұл бағдарламада төрде сахна мен әнші! Біз етекте отырамыз! «Еңкейуге де шалқайуға да»  болмайды, кешіріңіз, бұл телевизия, сондықтан да тік отырамын! Ал, ескі кресло мен шолақ шалбар және де басқа сізге «оғаш» көрінген «ән айтқыштар» қоюшы-режиссердің талабын орындайды. Кинода, театрда, телевизияда «қоюшы-режиссер, қоюшы-суретші» деген мамандар бар. Олардың өз қиялы, шығармашылық шешімдері болады. Оны да біле жүріңіз! Айтпақшы, ұмытып барады екенмін, жалаңаш-кеуделі Кәмшаттың назар аудартқаны қуантады, не дегенмен ақынсыз ғой… (бұл әзіл әрине, айтысымыз ғана емес, әзіліміз де жарасып отырсын)

14069175467940

Ары қарай кеттік… «Ойдан-қырдан жинап алған орыстілді әнші қыздардың бір-екеуінен басқасының бәрі де “Как сказала Баян Максутовна”деп , Ресей тілінде  сайрайды.»  Бір-екеу емес, қазақша сөйлейтін қыздар төртеу! Луина да мен сияқты, бірақ әншілігіне күмәнім жоқ. Жақында ғана Түркияда өткен «Risingstarturkiye» байқауының ақтық сынына дейін жетіп, талай түрік әншілерін шаң қаптырды.

“Мен бәрібір  Ресей тілінде сөйлеймін” деп мәлімдеп жүрген  Баян Мақсұтқызының мақсаты  не?  Біздердің, яғни салық төлеушілердің қаржысына   өмір сүріп отырған “Хабар” арнасына ботқашоу  жасап беру ме?»  Мен, неге әзірге Ресей тілінде сөйлейтінімді айтып кеттім. Ал, салық төлеушілерге келетін болсақ, мен де салық төлеймін және де аз төлемеймін! «Қор» ашып алып, салықтан жалтарып отырған жоқпын.  Мақсатым — «Хабар» арнасына сапалы, заманауи, жоғары технологиялық шоу жасау. Сіздің мақалаңыздан кейін «Ботқа-шоу» деген атаумен аспазшылар жарысын жасау туралы ой келді. Егер осы теңеуді «патенттеп» қоймасаңыз.

«Басында “мынау бір жақсы хабар шығар”-деп үміттеніп, көре бастаған біз осы Баян Максутовна үшін ғана бұл шоуды көруді қойдық… Ауылдағылардың бәрі де осылай дейді, “Баянның орысша сұңқылдағанын суқанымыз сүймей, аллергиямыз қозады” дейді…»

Сіздің үзеңгілес достарыңыз менсінбейтін «Instagram» желісінде мені аз адам оқымайды. Олардың көбі сіз айтып отырған ауыл тұрғындары.  «Аллергия» болдым деп «арызданған» адам көрмедім. Көңілі толмайтындар да толатындар да бар әрине,  оған дәлел менің парақшамдағы комментарийлер, сондықтан да «ауылдағының бәрі» дегенде «өзіңізге көп алып қойдыңыз ғой» деймін.

«Әншілердің  өзге тілде ән айтуын мейлі дейік,  жүргізушілер мен сарапшылар неге Қазақстанның мемлекеттік тілін – өздерінің ана тілін менсінбейді?  Бұған “Хабар” арнасы басшылығы  неге жол береді?..»

Өзге тілде ән айтуға рұқсат бергеніңіз үшін рахмет! Ал, жүргізушілердің орысша сөйлегенін қайдан көрдіңіз? Қызық екен.  Ал, орысша сөйлейтіндер «менсінбейді» емес, «сөйлей алмайды». Бұл екі түрлі мәселе. Шындық солай емес пе? «Хабар» арнасы екі тілде хабар таратады, Үкіметтің саясаты сол, аудиторияның бар екенін ескергеннен болар.

«Ел болып, хабарын күтіп отыратын “Хабар” арнасы Баян Есентаеваның Ресейлік шоудың сұрықсыз көшірмесі болып шыққан Ресей тіліндегі жарнамалық  шоуы үшін жұмыс істейтін жекеменшік арнасына айналып кеткен бе?»

«Жанды дауыс» ресейдің немесе басқа елдердің шоуларының көшірмесі емес! Олай болса «авторлары» халықаралық сотқа береді. Ұқсастық бар десеңіз, келісер едім. Жалпы, шоулардың, оның ішінде муызкалық шоулардың бәрі бір-біріне ұқсас. Сіз жалпы телевизияда қызмет етпегенге ұқсайсыз, жазбас бұрын ғаламторға бір кіріп, қарап алғаныңыз дұрыс еді.

«Әлде, біздің қазақтарға бәрібір дей ме бұлардың бәрі…

 Егер Баянның ана тіліне білімі  жетпейтін болса, мына “ботқа-шоу” хабарды тоқтату керек қазақтың шыдамын тексере бермей…»

Мақаланың нүктесі осылай қойылыпты. Хош деп қояйық.  Қазақ нені көріп, нені көрмейтінін өзі шешсін. Сіз де, мен де сол қазақтың бірі ғанамыз. Егер біздің елде дәл осы «Жанды дауысқа» қатысты «РЕФЕРЕНДУМ» өткізу туралы шешім қабылданса, мен қуанар едім. Халықтың шешімі қандай болса да қабылдауға бармын! Халық дегеніміз тек сіздің Фейсбуктегі достарыңыз ғана емес екенін естен шығармаңыз!

yqhUpEwuFo4

Мақаланы жіліктеуді тәмамдадық, енді төңірегіндегі жайттарға тоқтала кетейін. Мен «үлкен тұрып кіші сөйлемейтін, әкесі отырмайынша дастарханға ас әкелінбейтін» отбасында өстім. Дегенмен «майталман» тұлғалардың жалғыз маған қатысты айыптауларына үндемей қала алмадым. Зиялы қауым бар, қоғам қайраткерлері бар, спортшылар, әншілер… тізе берсең кете береді. Қазақшаға шорқақ болса да ҚАЗАҚҚА ортақ, пайдалы, сүбелі дүниелер жасап жүрген қаншама адам бар. Сонда бәріміз «сатқын» болдық па? Бізге қазір репрессия да керек емес, моральдық тұрғыда өлтіре саламыз.

Пікір айтқандардың ішінде жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегеріДулат Исабеков ағамыз да бар екен. Айтқан уәжіне ештеңе дей алмаймын, бірақ  «Аталмыш шоуды алғашында көретінмін. Қазір ашу-ызамды туғызған соң, тіпті қарамайтын болдым.» депті. Мақала «Жанды дауыстың» алғашқы шығарылымынан кейін-ақ жарыққа шықты.  Дулат ағамның сөзіне жол болсын?

Бірер сөз менің тағы бір әріптесім Арман Сқабылұлына қатысты. «Хабардың» басшыларының емен есіктерін Есентаеваның «теуіп кіретінін», жылы- жұмсақтың бәрін соның аузына тосатынын бұрын біз де айтқанбыз. Әттең, мынадай «ботқа -шоуға» кетіп жатқан ел қаржысының есебін сұрар бір есті табылар ма екен? Қазақша бағдарламалардың төрінде қасқайып отырып көрші елдің тілінде сөйлейтін де осылар! Сапасыз көшірме бағдарламалары да бөлек әңгімені қажет етеді. «Хабарды » Баян сұлудың қай «сиқыры» арбады екен?»

Бұл Арман Сқабылұлының Фэйсбуктегі парақшасындағы ойы. Мені «Хабардың» есігін теуіп кіретін «көргенсіз» ретінде осымен екінші рет суреттеп отыр. Қашан екені анық есімде жоқ, бірақ бұған дейін де осылай жазғаны бар еді. Арман аға, мен қай есікті болса да «қағып» кіремін. Емен есіктерді айқара ашып қойған көкем жоқ. Ашып берген көкелер болса айтсын.

14031539155771

Сөз соңында айтарым, қарап отырсам «Баян қазаққа не істеді, түк істемеді?» деген сұрақ пен пікір өріп жүр. Мен істегенімді міндет етпеймін, қолымнан кегенше қызмет етіп келемін.  «Ғашық жүрек», «Ғашық жүрек-2» фильмдерінің көптің көңілінен шыққанын жоққа шығара алмайтын шығарсыздар. Менің жеке продюсерлігімде жүрген топтар мен әншілерді айтпағанда ең алғаш рет тек қана қазақша ән айтатын әншілерді қолдау үшін ұсынылған «Саз әлемі», қазақ қыздарын дәріптейтін «Қазақ аруы»,  қазақтың туын түркі әлемінде желбіреткен Жанар Дұғалованың «Тюрквижндегі» жеңісі, Кешью тобының «Шығыс базары» халықаралық байқауындағы халық әні «Әдемі қызбен» әкелген бас жүлдесі, көрерменнің көзайымына айналып, отандық телесериалдардың арасында ең жоғары рейтинг көрсеткен «Трақторшының махаббаты», «Махаббатым жүрегімде -1,2» телесериалдары, Президенттің алғыс хатын алған «Күләш» телетуындысы, «Жұлдызды дода», енді міне дауға қалған «Жанды дауыс»…  «Баян сияқтыларды елден қуу керек» деп пікір жазып жатқандарға! Мені туған жерімнен, елімнен ешкім де ит жетектетіп жібере алмайды. Менің арыма, намысыма, ата-анамның, балаларымның, жолдасымның, туғандарымның, үзеңгілестерімнің шамына тиетін «ғайбат» сөз айтпаңыздар. Біреудің ала жібін аттаған болсам, жолын кесіп несібесін жеген болсам айтсын. Мен кімнің болсын жүзіне тура қарай аламын.

Баян өзі жазған жоқ дегендерге айтарым, иә, мен әлі мұндай дәрежеге жеткен жоқпын. Бұл менің орысшадан қазақша аударылған жауабым. Тұпнұсқа жазуға шамам келген күні  оны да айтармын.

Бәріңізге деген құрметпен, Баян Есентаева.

Ресми жауап үшін Баян Есентаева ханымға алғысымыз шексіз!

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Back to top button
Close