Басты жаңалықтарЖаңалықтаржоғарыКино & ТеатрМузыкаСараптамаларШоу бизнесШоумен & ТұлғаӘнші

Киносыншылар Нұрлан Қоянбаевтың «Бизнес по казахски в Корее» фильмін үздіктер қатарынан алып тастады

Күні кеше Қазақстан Киносыншылар Қауымдастығы кино саласының үздіктерін анықтады, деп хабарлайды Shownews.kz ақпараттық порталы.

«Қап-қара адам». Режиссер Әділхан Ержановтың аталмыш драмасы, күні кеше бар жоғы он үш номинация тігілген «Сыншылар таңдауы-2020» жүлдесінің бес бірдей марапатын өз қанжығасына байлады.  Жеңімпаздар арасында таяуда ақ келін атанған Динара Бақтыбаева бар. Актриса аталмыш картинадағы рөлі үшін «Үздік әйел бейнесі» атағын еншілеп, Томиристі сомдаған Альмира Тұрсыннан асып түсті.

 «Бұл Әділхан мен менің екінші бірлескен жобамыз болды. Осы рөлге бекіткен кезде өте бақытты күй кештім. Бастапқыда сценарийді оқыған кезде, бұл менің кейіпкерім емес деген ойда болғанмын. Алайда дайындық барысында Әділханмен бірге маған ұқсас, ортақ тұстарын таптық және оның мінезі-құлқы өте жақын екенін түсіндім. Оның мотивациясы өте таныс. Сондықтан маған кейіпкер ұнады»,  — дейді Динара.

Әр жыл сайын отандық киноөндірістегі үздіктерді анықтайтын жүлде, әдеттегідей емес, биыл әлемді жайлаған эпидемияның салдарынан марапаттау рәсімін онлайн режимде өткізді.  Төрт туындының режиссері түскен тартыста тағы да «Қап қара адам» картинасы үздік саналып, Асқар Ұзабаевтың алдын орап әкетті.

«Мен 90-шы жылдары Алматы маңы мен Жезқазған қаласында өстім. Сол кезде көптеген әңгімелер еститінмін. Ол уақытта заман қиын еді. Міне, осындай оқиғаларға негізделген фильм. Бірақ әрине, сюжет желісі де, кейіпкерлер де ойластырылған», — дейді режиссер Әділхан Ержанов.

Ал дүлділ актер Дулыға Ақмолда мен Дәурен Серғазиннің өнерін сыншылар бағаламады. Қос әріптесін Данияр Алшынов басып озып, «Үздік ер адам бейнесін» иеленген.

 «Маған өте ұнады, себебі кейіпкерім қатты өзгереді. Басында қандай болса, соңында мүлдем өзгеше. Екі түрлі адам болады. Және кейіпкердің өзгеруін бақылау әрқашан қызықты. Бұл менің ең сүйікті рөлім боп қалады», — дейді Данияр Алшынов.

Аталмыш жүлдеде бақ сынаған Қоянбаевтың «Бизнес по-казахски в Корее» комедиясы ең қымбат фильмдер көшін бастап тұрғанымен,  киносыншылардың көңілінен шықпаған секілді. Мамандар «Үздік жанрлық фильм» марапатын «Каникулы оффлайн» табыс еткен. Ал «Үздік ән» номинациясына үміткерлік еткен Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі, Айқын марапатсыз қалды. Әділқазылар аталмыш жүлдеге Данелия Төлешованы лайық көрген.

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close