Басты жаңалықтарМузыкаРепортаждарШоу бизнесӘнші

«Сүймей кетті!» Әнші Әміренің жүрегін жаралаған ару кім?

Күні кеше өткен онлайн ән кешінде Әміре жауапсыз махаббаты жайлы бар сырын ақтарды, деп хабарлайды Shownews.kz ақпараттық порталы.

Бүгінде отандық әншілер әр күн сайын онлайн кеш беріп, тыңдарманның құлақ құрышын қандыруға барынша тырысып бағуда. Бұл жолы қашықтықтан концерт беру кезегі Құрмаш Махан мен Әміреге келген екен. Қос өнер иесі көрермен мен киелі сахнаны әбден сағынғандарын айтады.

«Карантиннің өз қиыншылығы болғанымен, табиғаттың, ағайын-туыс, бауырдың, жұмыстың қадірін біліп жатқан сияқтымыз. Үйде отырып концерттерді, гастрольдерді сағынасың. Әр нәрсенің өзінің қайыры бар деген осы шығар», — дейді Құрмаш Махан.

Бір айға жуықтаған карантин өзге жұрттан қарағанда әртістердің оң жамбасына келген сыңайлы. Мәселен әдетте ән сапарлар мен концерттерден қолы босамайтын Құрмаш Махан, отбасылық құндылықты тереңінен түсіне бастағандай…

«Ер адамдар көбінесе сыртта жүріп, балалармен шүйіркелесіп, әңгімелесуге қол тимей кетеді ғой. Ал қазір бала-шағамызбен араласып, бірге кітап оқуға мүмкіндік туып отыр. Шыны керек, бұрын байқамайтынмын енді үйдегі өмір, балалармен шүйіркелесу ұнап бара жатыр», — деді әнші.

Кеш барысында өнер иесі халықты ностальгияға бөлесе, Әміре италиян, орыс тілінде ән шырқап, тіпті армиян сазына жазылған туындыны да тарту етті.

«Сүймедің әні. Бір қызды қатты ұнаттым, бірақ ол қыз мені сүймей кеткен. Көбісі сіздің әндеріңіз өмірден алынған ба деп сұрап жатады. Жоқ, көпшіліктің өмірінен алынған», — деді Әміре.

Айта кетейік, Әміреге аталмыш әнді армяндық әнші ару Лилит Оганесян сыйлапты.

«Ол маған «осы әнді сен қазақшаға аудар да, орында, сенің даусыңа келеді» деп тарту еткен. Сөйтіп мен сөзін өзім жазуға тырыстым», — дейді әнші.

«Әміре, сен бойдақсың ғой, иә? Мен бойдақпын. Қазақтың қыздары мынадай жігітті Арменияның қыздары алып кетіп жүрмесін! Қарап қалмаңыздар!» — деп қалжыңдады Құрмаш Махан.

«Жоқ, кетпейміз. Алла қаласа, міндетті түрде қазақтың қызына үйленемін. Ол бөлінгенім емес. Әзірге бір-екі жыл жұмыс істеу керек», — деді Әміре.

Бүгінде бар ойын шығармашылыққа арнауға бел буған сері, алдағы уақытта тағы бір мәрте халықаралық конкурстарға қатысып көрмек.

«Биыл мені «Голос Украины» жобасына шақырды. Бірақ бір себептерге байланысты мен бара алмадым. Одан кейін «Новая волна» байқауының іріктеуінен өткен болатынмын. Алайда 2019 жылы сәті түспеді», — деді жас өнер иесі.

Естеріңізде болса, Әмірені  көпшілік «Славян базары» байқауынан соң тани бастады. Ал жиырма екі жыл бұрын дәл осы конкурсқа Құрмаш Махан да қатысқан еді. Өнер иесі бүгінде сол кездерді аңсап жүргенін жасырмады.

«Әміре тұрмақ,  ондай байқауларға мен де барғым келіп жүр», — деді Құрмаш Махан.

Көрерменге қашықтықтан кеш берген Құрмаш Махан мен Әміре күллі әлемді үйге қамаған індетпен бетпе-бет күресіп жүрген жандарға алғыс айтуды ұмытпады. Өнер иелері әдеттегі тіршілікке оралар сәтті тағатсыздана тосуда.

«Біз де сахнаны аңсаймыз, сіздермен қауышуды күтеміз. Енді аман-есен осы уақыттан өтсек, тек қана жақсы концерттерде жолыққанша! Әзірге барлықтарыңыз үйде болыңыздар!Осындай керемет концерттерді тамашалыңыздар!» — деп сөзін аяқтады Әміре.

«Той болсын!Мына індет бізді, бүкіл әлемді айналып өтсін!», — деді Құрмаш Махан.

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close