Жаңалықтаржоғары

Олжас Сүлейменов Жапония үкіметінің орденімен марапатталды

Қазақстанның қоғам қайраткері, «Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың президенті Олжас Сүлейменов Жапон үкіметінің «Күншығыс, Алтын шуақ орденімен» марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жапония бұған дейін президентіміз бен тарихшымызды ғана марапаттаған еді. Сүлейменов осы елдің марапатын алған Қазақстандағы үшінші адам.

Аталған орден Астанадағы Жапон императоры Ахикитоның туған күні құрметіне ұйымдастырылған Жапония елшілігінің салтанатты қабылдауы аясында табыс етілді.

Жапонияның Қазақстандағы елшісі Итиро Кабавата қонақтарды Жапония мен Қазақстан арасында орнатылған дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығымен құттықтады және екі елдің бейбітшілік пен ядролық қарусыздану жолында бірлесе қызмет етіп келе жатқандарын атап өтті.

«Биыл Жапония мен Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелері ретінде бейбітшілік пен халықаралық қауымдастықтың қауіпсіздігі жолында бірлесе қызмет атқаруда. Ядролық қарусыздану мен ядролық қарудың таратылмауы Қазақстан мен Жапония қатынастарының негізі болып табылады.

Сондықтан Жапония Үкіметі «Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың Президенті Олжас Сүлейменовті ядролық қаруды таратпау саласындағы ынтымақтастық арқылы екі ел арасындағы достық қатынастардың дамуына зор үлес қосқаны үшін Жапон үкіметінің «Күншығыс, Алтын шуақ орденімен» марапатталды»,деді Итиро Кабавата Астанада өткен Жапония елшілігінің қабылдауында.

Олжас Сүлейменов Жапонияға деген шексіз құрметін жеткізді.

«Мен Қазақстанда және Еуропада Жапония елшіліктерінің түрлі қабылдауларында болдым. Ал бүгін бірінші рет орденмен қайтқалы тұрмын.

Жапонияға бірнеше рет сапарлап барғанмын, алғаш барған сәттен бері жапон халқын, жапон мәдениетін, оның үлкен зияткерлік және рухани әлеуетін ерекше құрметтеймін», – деп атап өтті Олжас Сүлейменов.

2008 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Үлкен лентадағы Хризантема орденімен» марапатталса, 2006 жылы – Қазақстандағы жапон тұтқындардың зиратын іздеумен айналысқан тарихшы Асқанбек Алданазаров «Күншығыс, Алтын шуақ орденімен» марапатталған.

 

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close