Басты жаңалықтарЖаңалықтарПродюсерШоу бизнес

«Қазақ аруы» байқауының тәжі қанша тұрады? Баян Алагөзова құпияны ашты

Күні кеше Баян ханым аруларға кастинг жариялады. Қазақ аруына іріктеу қалай өтеді? Таныс па, әлде талант па? Толығырақ Shownews.kz ақпараттық порталы тарқатады.

Баян ханым келбеті келісті бұрымдыларға кастинг жариялады. Әдетте құрамы жиі ауысатын «KeshYou»-ге іріктеу өткізетін продюсер, бұл жолы қазақ аруларын іздеуде. Он жылдық тарихы бар жобаның қалың жұртшылық білмейтін құпиялары көп. Мәселен  тәждің иесі атану үшін Алагөзоваға қомақты қаржы ұсынып, таланты кем қыздарын тыққыштайтындар да табылыпты.

«Ағалар, апалар, таныстарымның таныстары, тағы басқалар хабарласады.  Қыздар кастингке келіңдерші деп айтамын. Орын қанша тұрады деп сұрайтындар да бар. Орын сатылмайды. Бұл жерде нағыз қазақ аруы жеңеді. Міне, көріп тұрғандарыңыздай бәрі әділ өтуде. Біреуді әкеліп қоятындай жағдай емес. «Қазақ аруы» осы он жылдың ішіндегі ең әділ конкурс. Бірде-бір рет ұрыс-керіс болмады», — дейді Баян Мақсатқызы.

Азулы продюсер бойжеткендерді іріктеу барысында, вокалдық деңгейіне үлкен мән береді. Даусы мен білімі сәйкес тапса Баян Мақсатқызының тізіміне түртіліп, болашақта  «KeshYou»-дің құрамына қабылдануы әбден мүмкін.

«Біз «Қазақ аруы» сайысынан үміткердің өтпегенін көреміз. Бірақ ол «KeshYou» резервінде болуы мүмкін. Мұндай қыздарды біз үнемі назарымызда ұстаймыз. Мәселен Ақбота Құрманғали тәжге лайық емес екенін түсіндік. Бірақ оның әрі қарай дамытуға болатын жақсы вокалдық деңгейі бар еді. Алайда, ол мүмкін болмады», — дейді  Алагөзова.

Иә, атышулы «KeshYou» тобында алты айға жуық өнер көрсетіп, көп ұзамай ақ келін атанған Ақбота Құрманғали да «Қазақ аруы»-ның» қатысушысы. Жаңа құрамдағы Балауса Ерғалина да кезінде дәл осы байқауда бағын сынап көрген, алайда арудың жолы болмады. Баян да бұл бұрымдыны байқамаған. Есесіне бүгінгі күні топтың белді мүшесі.

«Мен Балаусаның қатысқанын мүлдем білмеппін», — дейді продюсер.  

Ал күні кеше кастингке келген қыздар да Баян ханымның назарына ілігіп,  болашақта girlsband-те өнер көрсетуге үмітті.

«KeshYou» мен үшін қыздың сұлулығын ашуға, шығармашылығын шыңдауға, актерлық жағын,  би жағын жетілдіруге септігін тигізеді және ең белгілі топтардың бірі ғой. Сондықтан аталмыш топта ән айтатындай мүмкіншілік болып жатса, әрине құрамда өнер көрсеткім түскім келеді», — дейді кастингке қатысушысы. 

«Ол кез-келген қыздың арманы деп ойлаймын. Әрине, бұйырып жатса неге топта ән айтпасқа?!», — дейді «Қазақ аруы» байқауына үміткер.

Байқау қатысушыларына әншіліктен бөлек бірнеше талап қойылған. Үміткерлер  тілі мен тарихын жетік меңгеріп, он саусағынан өнер тамған әрі бойшаң сылқым болуы қажет. Бірақ талантыңыз Баян Алагөзованы тәнті етсе, доданың ережесін бұзуға дайын.

«Айпақшы, Гүлназ Жоланованың бойы талапқа сай келмеді. Меніңше, қатысушылардың арасындағы ең қысқа қыз болды, шамамен 167-168. Бірақ көргендеріңіздей, тәждің иесі атанды», — дейді Алагөзова.

Гүлназ Жоланованың актрисалық қабілетін алыстан байқай білген Баян ханым, шәкіртінің келбетін киноөндірісте қалыптастырды.  Бірқатар отандық сериалдарда бой көрсетіп, бүгінде Нұрлан Қоянбаевтың «Бизнес по казахски» комедиясында басты рөлді сомдаған сылқым, Алагөзованың үмітін ақтады. Әзірге  «Қазақ аруы» байқауынан шығып,  киноәлемде жұлдызы жанғандардың бірі әрі бірегейі — Жоланова. Алдағы уақытта байқауға қатысқан қыздар да киножобаларға шақыртылуы мүмкін.

«Бізде  «Қазақ аруы»  жобасынан шығып, түрлі сериалдарда бой көрсетіп жүргендер аз емес. Үнемі шақырамыз. Барлық бойжеткеннің фотолары мен ақпараттары сақталады. Оларға ұсыныс жасасақ, қуана келіседі», — дейді Баян Мақсатқызы.

Азулы продюсер бұл жолғы іріктеуде де болашақ жұлдыздардың тізімін жасақтап қойған болар. Ол жағы тек өзіне ғана мәлім.

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close