Басты жаңалықтарЖаңалықтарМузыкаШоу бизнесӘн сөздеріӘнші

Бағдат Сәмидинова егде жастағы сазгерлерге шығармашылығын тоқтатуды өтінді

Бүгінгі қазақ сахнасы саны көп әртіс пен мағынасыз туындыларға толғанын айтып жүргендер аз емес. Ән өнерінің өкілі Бағдат Сәмидинова, зейнет жасындағы композиторлар қауымына шүйлікті, деп хабарлайды Shownews.kz ақпараттық порталы.

Өнер иесі бүгінде самайына ақ түскен сазгерлердің әуен жазуын еріккеннің ермегіне балап отыр.

«Кейбіреудің көңіліне тимесін, зейнетке шығып алып, не істерін білмей ерігіп отыратын адамдар болады. Менің ойымша, зейнет жасына келгеннен кейін ешкімнен де жақсы ән туа қоймас», — дейді Бағдат Сәмидинова.

Ал Ескендір Хасанғалиевтың түсінігі тым бөлек. Әлі күнге шығармашылықтан қол үзбеген композитордың тәжірибесінде, өміршең әннің туындауы жас талғамайды.

«Композитор ретінде айтайын, әуелі мен әуенін жазамын, мелодиясы дейді ғой. Содан кейін барып ақынға береміз. Ол әуенді тыңдай отырып, сөзін шығарады. Сонда әннің мәтіні мен әуені сай келсе, бұл өміршең болып шығады», — дейді Ескендір Хасанғалиев.

Бағдат ханымға әуен ұсынатын сазгерлердің басым бөлігі –  зейнеткерлер. Бірақ  Сәмидинова егде жастағы композиторлардың авторлық туындыларын кәдесіне жарата алмай жүр.

«Зейнетке шығып кетіп едім, қазір әуен жазатынды шығардым деп келетін адамдар көп. Иә, әніңіз жақсы екен дейміз де қоямыз. Артынан бәлеге қаласың. Менің әнімді айтпадың. Неге сіз менің шығармамды орындамай жатырсыз, мақтап едіңіз ғой дегендей», — дейді әнші.

Ал Ескендір Хасанғалиев, ән таңдай алмайтын өнер иелерінің өзін айыптады.

«Кейбір әттеген-ай дейтін жері, әншілеріміз әнді таңдауда осалдау сияқты. Туындының сөзіне мән беріп, әуен мен мәтіннің үйлесімділігін көп ескермейді».

Ел ағасына айналған сазгерлердің әндерінен Бағдат ханымның көңілі баяғыда қалған. Бүгінде өнер иесі жас музыканттармен шығармашылық қарым-қатынас орнатуға құлықты.

«Жаңа стильге бейім, талғамымызға сай келетін, жақсы композиторларымыз да шығып жатыр. Ұшқын Жамалбек, Ғазизхан Шекербек деген жас сазгерлердің еңбегін ұнатып жүрмін», — дейді Сәмединова.

Ал Ескендір Хасанғалиев, ізін басқан бүгінгі жас буынның музыкасынан мән таппай жүргенін жеткізді.

«Қазіргі кейбір әндер өте жеңіл. Әншілерге әсіресе сөзіне мән беру жағы жетіспейтін сияқты», — дейді композитор.

«Сөздерге мен қатты мән беремін.  Мәтін менің сүйегімнен шығатын сияқты. Әрбір туындының буын жұрнағына қатты мән беремін. Сондықтан мүлдем тиянақсыз, жауапсыз әндер деп айта алмаймын»,  — дейді Тамара Асар.

 

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close