Басты жаңалықтарЖаңалықтарКлассикаМузыкаПродюсерРепортаждарСұхбаттарТұсаукесерШоу бизнесШоумен & ТұлғаЭксклюзивӘнші

Елорданың төрінде Бибігүл Төлегенованың 90 жылдығы тойланды

«JYL ÁNI-2019» алтын қордағы хиттер фестивалі алғаш рет шымылдығын түрді. Бибігүл Төлегенованың 90 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған музыкалық шара түрлі тосынсыйларға толы болды, деп хабарлайды Shownews.kz ақпараттық порталы

«Жыл әні-2019» алтын қордағы хиттердің фестивалі еліміздің астанасында шымылдығын түрді. Аталған музыкалық шараның басты кейіпкері – Бибігүл Ахметқызы Төлегенова. Қазақтың бұлбұл үнді әншісі 90 жылдық мерейтойын халықтың ортасында атап өтіп, әнін де әуелетті. Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келген Елорданың төріндегі дүбірлі тойға қазақ өнері өкілдерімен қатар, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі де арнайы құттықтай келген.

«Осы мереке біздің аңыз анамыз, КСРО Халық әртісі, мақтанышымыз Бибігүл Ахметқызы Төлегенованың 90 жылдық мерекесімен тұспа-тұс келіп тұр. Сіздердің аттарыңыздан құтты болсын дейміз», — деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.

Талайды тамсандырған Төлегенова әнге құштар өнерпаздардың кумирі. Бүгінде сахнаның дүлдүліне айналғандар, бұлбұл үнді әншіні әуелде тек көкжәшіктен көрсе, Тамара Асар Ахметқызымен үшінші сыныпта бетпе-бет жолыққан.

«Ол кісілер біздің ауылға концертке келген. Менің нағашымның үйінде қонақ болды. Қолына су құйдым. Сондағы арманым сол кісінің қасында тұрып ән айту еді. Мен бала күнімнен ән айтамын. Шынымен де арманым орындалды. Бір сахнада өнер көрсеткенімізге міне 15 жыл толды», — дейді Тамара Асар.

Соңғы уақытта сахнаға сирек шығатын Нұрлан Абдуллин де тоқсанға толған тұлғаның туған күнін тойлауға келген. Алғашқыда әпке мен інінің өнердегі таныстығы, жылдар өте келе өмірдегі сыйластыққа ұласқан.

«Расын айтқанда, бүкіл сол апамызың жақсылығы, қуаныштарында қасында боламын. Бүгін арнайы апамыздың торқалы тойы болып жатқан соң, қалай келмеске? Атың басын бұрып, барлық тірліктерді қойып, апамыздың қасында болайық деп келген жағдайымыз бар!» — дейді Нұрлан Абдуллин.

Алтын қордағы хиттер шырқалған кештің концерттік бағдарламасына әр жылдардағы тыңдарманын тапқан тек таңдаулы әндер топтастырылған. Мәселен, «Музарт» тобы бұл жобаға «Есің ал» әнімен жолдама алыпты.

«Сенің жазып жатқан әндерің халықтың көңілінен шығып жатса, ол да саған шабыт береді деп ойлаймын. Әншілердің өзінде де сезім болу керек деп ойлаймын. Бір әндерді жазасың, ол әндердің халыққа өткен, өтпегенін өзің де сезесің. Сондықтан, мен ойлаймын халық әнді таңдай біледі, әр өзінің бағасын береді», — дейді Кенжебек Жанәбілов.

«Жыл әні» фестивалінде бой көрсеткен жұлдыздардың барлығы арнайы мүсіншемен марапатталды. Тыңдармандары үшін тынбай тер төккен танымалдарға жоба ұйымдастырушыларының тосын тартуы шығармашылық шабыт сыйлаған сыңайлы.

«Бүгін «Жыл әніне» бірінші рет шығып тұрмын, сол бірінші рет алып тұрмын. Құдайға шүкір, марапаттар бар. Басты нәрсе – сенің жұмысыңның жүріп тұруы, сені халық тыңдауы. Соның өзі үлкен рухани марапат!» дейді Бейбіт Көшқалиев.

Айта кетейік, Бибігүл Төлегенованың мерейтойына орай өткен «Жыл әні» жобасынан түскен қаржы толықтай қайырымдылыққа жұмсалады!

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close