АфишаБасты жаңалықтарЖаңалықтарМузыкаШоу бизнесӘнші

Димаш Құдайберген 2020 жылдағы алғашқы концертін Ресейде бермек

Санаулы сағат бұрын Димаш Құдайберген өзінің Instagram парақшасында 2020 жылға жоспарлаған турының афишасын жариялады, деп хабарлайды Shownews.kz ақпараттық порталы.

Отандасымыздың биылғы «Арнау» турнесі аясындағы алғашқы ән кеші Ресей қалаларынан бастау алмақ.

«Қадірлі достар, 16 ақпан күні Краснодар қаласындағы Баскет холлда менің жеке кешім өтеді. Келіңіздер! Мен сіздерді күтемін. Аса құрметпен және махаббатпен Димаш Құдайберген. Кездескенше!», — деді әнші әлеуметтік желіде.  

Димаштың халықаралық әнсапары мұнымен шектелмейді. Өнер иесі әрі қарай Татарстан, Латвия, Украина, Чехия, Германия елдерін аралап, сәуірде Белорусь жұртшылығына жеке кешін бермек. Әрбір концертінің сценарийі  әншінің жүрек қалауымен құрылатын көрінеді.

«Димаштың халықаралық бағытта көптеген концерттері жоспарланған. Оның жүрегі нені қалайды, біз соны ғана жасаймыз. Көңілі, жан-жүрегі қандай музыкамен байланысты, ол тыңдармандарына не айтып, нені жеткізгісі келеді, тек қана оның қалауымен жүзеге асырылады», — деді продюсері Қанат Айтбаев.

Димаш Құдайбергеннің әлемдік аренаға қадам жасауына алғаш түрткі болған Жеңіс Ысқақова екен. Шәкіртінің өнерін шыңдаумен қатар, ақылын да аямаған әнші, бүгінгі күні әрбір орындауын бақылап отырады.

«Димаш «Шабыт» оқу ордасындағы менің алғашқы түлегім. Оған шетелге ұсыныс жасап жатқан кезде «Димаш, сен қазақтың өнерін әлемге танытатын баласың.  Егер де Америкадан, басқа жақтан ұсыныс түсіп жатса, қорықпа, жүре бер деп, бірінші өзім айтқанмын», — дейді Жеңіс Ысқақова.

Қазіргі таңда қазақ баласының ерекше даусына бас иіп, шығармашылығына қызыға көз тіккен халықта есеп жоқ. Әлбетте Димаштың өнеріне отандық шоу-бизнес өкілдері де дән риза. Інісінің әрбір қадамын бақылап, жаңалығын қалт жібермейтіндердің қатарында Арман Дүйсенов те бар.

«Кейінгі жылдардағы ең жарық жұлдыз деп санайтын әншім — ол әлбетте Димаш. Себебі оның жасап жатқан қадамдары, жетіп жатқан жетістіктері тек қана өзі үшін емес, қазақ елі үшін үлкен мақтаныш», — дейді композитор.

Елде жүргенде Димаш пен «Алашұлы» тобының серілері бір сахнада дуэт айтып, көптің ықыласына бөленгені бар. Бүгінде жігіттер әлемдік әншіге айналған өнер иесіне сырттай тілекші.

«Димаш бауырымыздың жаңалығы әр апта сайын жаңғырып тұрған жайы бар. Құдайға шүкір, Мәскеуді бағындырып жатыр», — дейді «Алашұлы» тобы.

 

 

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close