Басты жаңалықтарСұхбаттар

Ринат Зайытов: Мені шеттеткендердің кім екенін іштей сеземін

Белгілі айтыскер ақын Ринат Зайытовтың  “Жұлдыздар отбасы” журналына берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

Ринат

МЕНІ ШЕТТЕТКЕНДЕРДІҢ КІМ ЕКЕНІН ІШТЕЙ СЕЗЕМІН

– Бір жылға жуық үлкен айтысқа шықпау, пыш-пыш әңгіме, биліктің жақтырмай қарауы Ринатты жасытып, аяғына тұсау, тіліне бұғау салып тастаған жоқ па? Сақтықпен сөйлейтін боп қалмадыңыз ба?

– Жоға, ешқандай да! Мен ешқашан ұлттық мүддені саудалаған емеспін, саудаламаймын да! Бұл жағдай былай басталды. Ер Жәнібектің 300 жылдығына арналған айтысқа ұйымдастырушылардан шақырту алдым. Сол кезде Жүрсін Ерман мен Дәулеткерей Кәпұлына Астана қалалық мәдениет басқармасынан «Ринат Зайытов қатыспасын, жоғары жақтан солай бұйрық келді» деп тікелей қоңырау шалады. Қай жоғары жақ? Бұйрық кімнен? Бұл сұрақтар жауапсыз қалады. Содан Жеңістің 70 жылдығына ұйымдастырылған айтыста ұйымдастырушы қыздар телефон соқты. Бірден ішім сезді де, өздерінен бұрын: «Мені айтысқа қатыстырмайтын болдыңдар ма?» – деп едім, «Иә, әкімшілік рұқсат бермей отыр», – деді. Күлдім де қойдым. Жалпы, мені шеттеткендердің кім екенін ішім сезеді. Әлі көп ұзамай беті ашылады. Мен ешқашан «Президент «Ринатты айтысқа шығармаңдар» деп айтты» дегенге сенбеймін! Президенттің менен басқа шаруасы жоқ па?! Мұның бәрі – жекелеген адамдардың мансабынан айырылып қалудан, яғни жеке басының қамын ойлаған қорқақтығынан туындап отырған жағдайлар.

– Сахналас әріптестеріңіздің көбісі «Нұр Отан» партиясының қанатының астына кірді. Сізде не ой болып жүр?

– Бұған дейін ешқандай партияға кірмегенмін, кірмеймін де. Себебі кім қай партияға кірсе, сол партияның сөзін сөйлеуге міндетті. Кешегі өткен айтыста бір нәрсеге қуанып қайттым. «Нұр Отан» партиясының тікелей өкілі Бауыржан Байбек мырза: «Ақындар қалай айтса да, біз ақиқатты ақиқат деп қабылдаймыз», – деді. Мен айтсам да, басқа біреу айтса да, бәріміздің ойлағанымыз – бір қазақтың мүддесі. Шындықты деңгейімнің жеткен жеріне дейін жеткізіп жүрмін. Билік пен халықтың ортасындағы көпір болу міндетім болған соң, осы жолда жексұрын болудан қорықпаймын. Егер орынды дәлел болса, өз қателігімді мойындаудан, тіпті кешірім сұраудан да арланбаймын. Менің қоғамдағы былықты, биліктегілердің кемшілігін айтуым – халықты көтеріліске шақыруым емес. Мен үшін ең бірінші кезекте тыныштық пен ынтымақ тұрады. Сол үшін ақиқатты айтуға дәті жетіп жатқан ақын болса, билік жабуға тырыспаса екен деймін. Керісінше, содан сабақ алып, түзелуге тырысып, біздің шырылды Елбасына жеткізіп, нәтижесінде елдің жағдайы түзелсе деймін. Есі бар ел ортақ мүддеге жұмыс істейді. Өкінішке қарай, біздің шенеуніктер бәрін керісінше жасайды. Дәнекер болудың орнына мансабы үшін басын алып қашады. Бірін-бірі сатқанымен тұрмай, астындағы креслосы үшін халықты да сатады, бізді де жексұрын етіп тынады. Бұл таза айуандық дер едім!

– Сонымен сіз ешкімді мақтамайсыз ба, ешкімге арнау айтпайсыз ба?

– Ондай күмән болмай-ақ қойсын! Ешқашан!

– Бір жыл айтыстан жырақ жүргенде қандай ой түйдіңіз? Кейде сырттай тамашалаудың да пайдасы бар ғой…

– Қиналыс болмады емес, болды. Бірақ айтысқа шықпағаным үшін қынжылғаным жоқ. Талай жыл бірге жүрген әріптестерімнің менің жай-күйіме немқұрайлы қарап, сұхбаттарда менің айтқандарымның бәрін бірдей жоққа шығарып, өздерін керемет, мені жексұрын етіп көрсеткендеріне қатты қынжылдым. Дәулеткерей Кәпұлы үнемі: «Ринат, сахнада жүргеннің бәрі бірдей дос емес. Бір-ақ күнде бет-пердесі ашылып, кімнің кім екеніне көзің жетеді», – дейтін. Тура солай екен.

– Орталарына қайта оралдыңыз, қазір сол қылықтарына қысылып жүрген жоқ па?

– Оларға қарап отырып жылағым келеді. Өзінен-өзі қысылып, қызара бөртіп жүргендері де бар. Олармен әлі сахнада кездесермін. Міне, сонда «әңгімелесермін» деп жүрмін. «Әр нәрсенің өз уақыты келер» дейтін қазақпын. Адамдардың саған жасаған тырнақтай жақсылығы да, жамандығы да көкіректе қатталып, жазылып тұрады. Мен оны ешқашан ұмытпаймын.

– Сахнаның сыртында сату бір бөлек. Кейде сахнаның қақ ортасында тұтқиылдан «атака» жасайтын әріптестеріңіз бар екен. Сіздің де қарсыласыңызға сатқындық жасаған сәттеріңіз болған жоқ па?

– Сатқындық жасап, ақымды алған кезім жоқ. Сахнада қандай ащы сөз айтылса да, сол жерде қалуы керек. Былай шығып алып бықсытып, сенімен өштессе, ол – ақын емес. Ол – әрбірден соң айтысқа деген сатқындық. Айтыс – cөздің барымтасы. Барымтада бас та, жан да, мал да кетеді.

– Кейінгі кезде айтыс ақындары ел мен билік арасына көпір болудан гөрі, жоғарыда сіз айтқан шенеуніктердей қара басының қамын ойлап, жаппай мақтау-марапаттауға, яғни жеңіл-желпілікке көшіп алған сияқты. Осы жөнінде жазба поэзияда жүрген бір ақын ағамыз: «Қазіргі айтыс ақындарының тең жартысы – халтурщиктер. Үлкен сахнада отырып алып ақынның емес, базардағы қатынның сөзін айтады» депті.Айтыс­кер ақындардың қадір-қасиеті неге осынша төмендеп кетті, Ринат? Бұдан кейінгі жағдай қалай болады?

– Бұдан кейінгі жағдай жақсаруы керек деп үміттенемін. Негізі, қандай да бір топқа немесе партияға саналы түрде кірсең, оның мүддесін қорғауға міндеттісің! Бұл – жазылған заңдылық. Айтыстың қалай өтуі оны ұйымдастырған немесе демеушілік жасаған беделді адамдарға тікелей байланысты. Солар өз аттарын айтқызып, беделін өсіру үшін ақындарға «Мына партияны немесе осы адамды мақтай салыңдаршы» десе, әріптестерім өкпелей қоймас, келісе кетеді. Бұл – жаман әдет. Содан кейін халықтың көзіне шектен шыға мақталған билік те, партия да, ақын да жеккөрінішті болып көрінеді. Айналып келгенде, айтыстың қадірі жоғалады. Сабыр Адайдың «Ұл тілегі – ұлтында, құл тілегі – құлқында» деген жақсы сөзі бар. Әркім өз мүддесін қорғаумен айналысады. Сөзім жалаң болмауы үшін жақында болған келеңсіз бір жағдайға тоқталайын. Шығыс Қазақстан облысында «Нұр Отанның» ұйымдастырған айтысы өтті. Барған ақындар облыс әкімінің орынбасарын мақтай жөнелді. Бұл не сұрқиялық?! Шығыста мақтауға тұрарлық содан басқа адам қалмаған ба?! Демек, нұсқау болды, ол орындалды! Бірақ айтыс тағы да құрбан болды! Егер ол керемет азамат болса, неге халық оны төбесіне көтермейді?! «Халық тобыр», «халық надан» деген адамның өзі надан! Қарапайым жұрт бәрін біледі, бәрін сезеді.

ҚАЗІРГІ АЙТЫСКЕРЛЕРДІҢ ТЕҢ ЖАРТЫСЫНАН КӨБІ – БІЛІМСІЗ АҚЫНДАР

– Өзіңізге де осындай нұсқаулар түсті ме?

– Түсті, бірақ мен бас тартқанмын. Бұл әр ақынның қадір-қасиетіне де байланысты. Күні кеше Астанада өткен айтыста Бауыржан Байбек мырзамен бір сахнада қатар тұрдым. Сөйлесуге мүмкіндік мол болды. Егер «Нұр Отанның» мақсаты өзін-өзі мақтату болса, «Ринат, бұдан былай партияны мақтай жүрші. Сонда біз сені айтыс­тан қалдырмаймыз» десе болар еді. Бірақ ондай әңгіме атымен болған жоқ. Менің оған келіспейтінімді де біледі.

– Ринат, шындықты айқайламай-ақ жеткізуге болады. Марқұм Оразалы Досбосынов ақиқатты кәмпит ораған қағаздай астарлап жеткізетін. Сөздің құдіретін, қасиетін ұғатын. Айтыс көрген ел жерігі басылып, рахаттанып қайтатын. Көңілге келмесін, қазір көрерменді «керек емес шындықпен» алдарқататын боп алдық…
– Келісемін. Қазіргі айтыскерлердің тең жартысынан көбі – білімсіз ақындар. Олар – сол интернетпен ғана шектеліп жүргендер. Басқасын айтпайын, Құрманғазының қай жерде туғанын білмейтіндері бар. Соған қарамай көлік мініп, керемет қошеметтеліп-ақ жүр. Осындай ақындар шындық былай тұрсын, халыққа не айта алады деп ойлайсыз?! Айтысқа құбылыс боп келіп, бетбұрыс жасаған, өз мектебін қалыптастырған санаулы ғана ақындар бар. Олар: Оразалы Досбосынов, Мұхамеджан Тазабеков, Мэлс Қосымбаев, Аманжол Әлтаев, Бекарыс Шойбеков. Осы буынның ізін ала бере өзіндік өрнегімен Балғынбек Имашев келді. Міне, осы ақындар – ішкі парасаты мен білімі теңескен ақындар. Ал біздің қазіргі айтыс соларды қайталау ғана. Ең сорақысы, сол баяғы келісіп алып айтысудан ары аса алмай жүрміз.

ЕКІЖҮЗДІ ЖҮЙЕ ЖОЙЫЛМАЙЫНША, САЯСАТҚА БАРУДЫҢ МӘНІ ЖОҚ!

– Астана күнінің қарсаңында өткен «қызыл кілемге» шақырылдыңыз ба?

– Шақырылдым. Жыл сайын шақырту аламын, бірақ бармаймын. Біріншіден, уақытым, екіншіден, құлқым жоқ. Бұл да уақытша нәрсе. Өткенде халық қалаулысы Оразкүл Асанғазықызымен әңгімелесудің сәті түсті. Сонда ол кісі: «Ұсыныстарың болса айтыңдар, жеткізуге тырысайын», – деді. Сол-ақ екен, жалма-жан көкейде жүрген қыжылды айта салдым. «Сіздерден өтініш: қандай да бір қазаққа қатысты өтетін іс-шара ма, концерт пе, телевизиялық бағдарламалар ма, әйтеуір осылардың бас продюсерлерінен емтихан алы­ңыз­даршы», – дедім. Осы мәселені парламенттік деңгейде көтерсе екен деген өтініш айттым. Өз тілін, дінін, дәстүрін білмейтін адам елге қандай өнім ұсынбақ, айтыңызшы?! Олардың ойында бір ғана нәрсе – ақша табу. Бітті! «Сіз қандай крем жағасыз? Үстіңіздегі көйлекті қайдан алдыңыз?» – осы да сұрақ па?! Міне, осының бәрі – мәдениет саласының жүгенсіздігінен. Менің қытығыма тиетін тағы бір жаман қағида бар. Неге жақсы дүниенің бәрі Астана мен Алматыда өткізілуі керек?! Неге сол концертіңді, сол «қызыл кілеміңді» Шымкентке, Семейге, Қызылордаға немесе Оралға апарып жасамасқа?! Ол жақтағы ағайынның да жақсылық көруге хақысы бар. Астана күнін тек Астанада ғана тойлау шарт па?! Неге сол қызықтың бәрін Астана мен Алматының ғана халқы көруі керек?! Байдың үйіндегілерді қазы-қартамен таңғалдыра алмай­сың ғой! Бәрін әкеліп Астанаға тықпа­лайды. Мұның сыры да беп-белгілі. Ұйымдастырушылар ол жақтан діт­теген ақшасын ала алмай қалады. Мәселе осында! Ары қарай әңгімені созбай-ақ қояйық, Әлия, «алысқа» кетіп қаламыз.

– Саясатқа араласпаймын деп жүріп…

– Иә, саясат сенімен өзі айналысып кетеді екен. Негізі, мен саясатпен айналысқым келеді. Бірақ сайқал саясатпен емес. Әйтпесе министрлікте болсын, мәдениеттің айналасында болсын қызмет ұсынып жатқандар жоқ емес. Бірақ қазіргі жағымпаздық, екіжүзділік, сорлы жүйе жойылма­йынша, ол жерге баруда ешқандай мән-мағына жоқ. Мен барғаныммен, ол жерде ешнәрсе өзгермейді.

– Мақсат, арман-тілегіңіз қандай?

– Алда жасасам деген үлкен жоспар күтіп тұр, оны дер кезінде көре жатарсыздар. Сосын биылғы төртінші рет өткізілгелі тұрған, өзге айтыстарға қарағанда дәрежесі жоғары «Алтын домбыраға» қатыссам деймін. Бүкіл елге айтар бір датым бар: өтініш, қазақ қазақты жақсы көрсінші!

Сұхбаттасқан Әлия ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА

«Жұлдыздар отбасы» журналы

Show More

Ұқсас жарияланымдар

Back to top button
Close