ЖаңалықтарКино & ТеатрСұхбаттарЭксклюзив

Айым Сейітметова: «Жолдасым түсірілім кезінде сүйісу мен ашық сахналарға тыйым салды!» Танымал актрисаның жүрегін жаулаған жігіт кім?

Бүгін отандық шоу-бизнестегі басы бос бикештердің саны біреуге кемиді. Бұл жолы ақ келін атануға бел буған – Айым Сейітметова!

Танымал  актрисаның таңдауы Талғат Итаев есімді бизнесменге түскен. Осы уақытқа дейін таныстығы жайлы жан баласына жақ ашпай келген жұлдызды қалыңдық ShowNews.Kz тілшісіне сырын ақтарды.

«Қалай танысқанымыз көпшіліктің қызығушылығын тудырады. Біздің таныстығымыз жұбайымның жұмыс орнында басталды. Менің көлігім аяқ асты бұзылып, жөндеуге апарғанмын. Талғат сол автосервистің басқарушысы екен. Сол жерде танысып, қазір отау құратын деңгейге дейін жеттік. Бір көргеннен ғашықтық  сезімі болды десем де артық емес. Жарымның өнерге қатысы жоқ. Ол кәсіпкер адам», – дейді Айым.

Алғашқыда қалың көрерменге отандық сериалдар арқылы танылған Айым, қазір сұраныстағы актрисалардың алдыңғы шебінде. Әдетте өнердегі арулар тұрмысқа шықса шығармашылығы шетте қалатын еді. Бірақ жар таңдауда Сейітметоваға сәттілік серік болған секілді.

 «Ол менімен мақтанады десем болады. Кино әлемінде жүргеніме қарсы емес. Түсіністікпен қарайды. Керісінше мені жақындарымен таныстырған кезде,  алдымен келіндеріңіз «актриса» деп айтады.  Арамызда бірде-бір рет жұмысыңды ауыстыр, үйде отыр, болмаса киноға түспейсің деген сынды әңгіме өрбімеді. Бірақ, сүйісу мен ашық сахналарға тыйым салды. Кейде қызғанып қояды. Қызғанбаса да болмайды ғой. «Әртүрлі жігіттермен бірге киноға түсесің, сені қалай қызғанбайын» деп өзі жиі айтады. Оны да түсінуге болады. Бәрі орнымен», – дейді актриса.

Сейітметовтер әулеті алғашқыда кіші қыздарының тұрмыс құратынына сене алмаған.  Өйткені, Айымнан үлкен Айша есімді әпкесі бар.

 «Анам бастапқы кездері менің тұрмысқа шығатынымды шынайы қабылдамады. Бір ай уақыт өткеннен кейін барып, жылап қоңырау шалып тұр. Мен қорқып кеттім. Не болды, бәрі дұрыс па деп сұрақтың астына алдым.  «Сен шынымен тұрмысқа шығайын деп жатырсың ба? Әлі күнге дейін сене алмай жүрмін. Енді ғана түсініп жатырмын», –  деді анам. Анамда әзірден бастап қимастық сезімі бар. Тойда қоштасқан кезде одан әрі қиын болатын шығар. Тіпті, менің өзім аяулы жар атанатыныма сене алмай жүрмін. Дегенмен, өте бақыттымын. Ата-анам да мен үшін қуанышты. Оларға Талғат ұнады» , – дейді қалыңдық.

Екі жастың тойы қазан айының 18-жұлдызына жоспарланған. Актерлар отбасы қуанышты сәттің барлық рәсімдерін  бір күнге тоғыстырыпты.

«Екі жақта бір той орын алады. Ұзатуды да, неке қию салтанатын да , үлкен тойымызды да 18 қазан күніне белгіледік. Құдалық пен сырға салу сәтті өтті», – дейді Сейітметова.

Күйеу жігіт 30-дан асқан, қалыңдық 22-де. Бірақ, жас айырмашылығы ғашықтардың ара-қатынасына кедергісін келтірмейді.

«Жұбайым менен тоғыз жасқа үлкен. Бұл өте жарасымды деп ойлаймын. Бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Ол ақыл тоқтатқан ер азамат. Ал мен әлі еркелігі кетпеген жас қызбын. Кемшілігім болса түзеп отырады. Білмегенімді үйретіп жүреді. Сондықтан, Талғатты жолықтырғаныма қуаныштымын. Оның үлкен екенін аса сезіне бермеймін. Себебі, әзілдеріміз жарасымды», – дейді Айым.

Айта кетейік, Талғат пен Айымның дүбірлі тойы 18 қазан күні Алматы қаласында өтеді.

Кілтсөздер
Show More

Ұқсас жарияланымдар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Back to top button
Close